Түлкібас – тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер

Oinet.kz 22-11-2022 740

Исі қазақтың мақтанышы болған, сөз зергері, әдебиетіміздің алыбы, мемлекет және қоғам қайраткері, кесімді пікір айтып, ұлтық рухтың жаршысы болған Шерхан Мұртаза ағамыздың түсіне кіретін Ақсу- Жабағылы аймағы қарымды қаламгер, мақұм Мархабат Байғұт ағамыз суреттеген «Ақсуым – арымдай, Жабағылым – жанымдай» өңір, тұмса табиғаттың төрі саналатын Түлкібас ауданында орын тепкен. Сол аңыз қаламгердің 90 жылдық мерейтойына орай конференция өтті.

Screenshot_7.jpg

Түлкібас – еңселі Алатау мен қарт Қаратаудың түйіскен жеріне орналасқан, табиғаты көрікті, берекелі де құнарлы, қасиетті өлке.  Даласы бауымен астасып, өзен-көлімен ұштасып жатқан киелі өлкеден шыққан есімі елімізге мәлім болған, Алаштың айбынды ұлдары Тұрар Рысқұлов,  Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, ғылымға ерен еңбектері сіңген Әбсаттар Дербісәлі, Мекемтас Мырзахметұлы, Оразалы Сәбден, Дархан Қыдырәлі, көркемсөздің шеберлері Тұтқабай Иманбеков, Мархабат Байғұт тағы басқа да өңірден түлеген тектілерді, өңір халқы әрқашан мақтан тұтады. Құрметтейді.  Содан болар, заңғар жазушы Шерхан Мұртаза  «Түлкібас - тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер» деген теңеуді тіліне арқау етсе керек.

Шерхан Мұртаза ағамыз Жуалы мен қатар Түлкібасты да туған жеріндей сезініп, іс сапарларында соқпай кетпейтін болған. Содан болар түлкібастықтар Шерхан ағамызды туған бауырындай құрмет көрсеткен.

Биылғы қоңыр күзде басталған шындықтың шырақшысы бола білген Шерхан Мұртазаұлының 90 жылдық мерейтойы – елдің тойы, ұлт руханиятының мерекесі ретінде барлық өңірде жалғасын тауып, әлі де кең көлемді атап өтілуде. Қасиетті Тараз қаласында бастау алған мерейтой, туған жері Талапты ауылында жалғасты. 

Тауы мен көлі, бұлақ пен өзені тоғысып жатқан Жуалы мен Түлкібас аудандары үшін ортақ тұлға болып саналатын Шерхан ағамыздың мерейтойы Түлкібас ауданында жыл басында бастау алып, ұлттық рух, ұлттық намыс жайлы ағамыздың көзін көрген ғалымдар, ақындар, жазушылардың қатысуымен келелі кездесулер, тағлымды конференциялар мен байқаулар өткізіліп келген еді. 

Соның бір парасы ретінде республика көлемінде Шерағаның қаламгерлігі мен қайраткерлігі тұлғасы жайында көпке үлгі боларлық өнегелі іс-шараларға бастамашыл болып отырған Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қорының төрағасы, абзал азамат Қайрат Айтбаевтың бастамасымен аудан орталығы Т.Рысқұлов ауылында аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Қазақ руханиятында ұлт қаламгерлерінің ұлы мектебін қалыптастырған Шерхан ағамыздың мерейтойына орай Мәдениет сарайында арнайы көрме қойылып, «Шерхан және Түлкібас» тақырыбында   бейнеролик көрсетілді.

Ұлттық  рухты асқақтаған Алаш ардақтысының торқалы мерейтойына орай өткізілген конференцияда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтау хаты Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев таныстырудан басталды. Конференцияда ғалым, Абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы, аудан әкімі Нұрлан Мархабатұлы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедарасының доценті, ф.ғ.к Мұқашев Темірбай,  тағы басқа елге белгілі азаматтары мен облыс әкімдерінің құттықтаулары оқылып, табысталды. 

Конференцияда ұйымдастырушы алқасы ғалым М.Мырзахметұлына шапан жауып, қатысушы ғалымдарға құрмет көрсетті.

Білімді ұрпақ – ел болашағы
Түлкібаста этнотуризм дамып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу