Түркістан: Жолдау жаңа міндеттер жүктеді

Oinet.kz 11-09-2025 9

1.jpg 

Түркістан облысында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттерді өңірлік деңгейде іске асыру жолдары талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аудан және қала әкімдері, облыстық басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысты. Кеңесте облыс әкімі Жолдауда белгіленген жеті негізгі бағытты жүзеге асыруға ерекше назар аударып, осы тапсырмаларды уақтылы әрі сапалы орындау үшін жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

Президент Жолдауында айтылғандай, елдің әлеуметтік-экономикалық, технологиялық дамуында жаңа кезең басталып отыр. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында: «Заң мен тәртіп – қоғамдағы тұрақтылықтың негізі. Тәртіп болмаса, ешқандай игілікке қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру – басты талап», – деп атап өтті. Осы ретте облыста құқық қорғау жүйесімен бірлесіп қоғамдық тәртіпті күшейту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары пысықталып жатыр.

Президент тапсырмасына сәйкес, өңірде цифрландыру мен жасанды интеллект саласын дамыту басты басымдықтардың бірі ретінде айқындалды. Осы мақсатта «Қазақтелеком» және «Транстелеком» компанияларымен бірлесе отырып, ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жұмыстары күшейтілмек. Сонымен қатар, әрбір саланың цифрлық трансформациясына арналған нақты іс-шаралар жоспары әзірленіп, жүзеге асырылатын болады. Әсіресе білім беру мекемелерінде — мектептер мен балабақшаларда — қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жасанды интеллектке негізделген бақылау жүйелерін енгізу жоспарланып отыр. Бұл жүйе арқылы оқу орындарындағы оқыс оқиғалардың алдын алу, бақылау және басқару тиімділігі айтарлықтай артады деп күтілуде.

IT саласын кадрлық қамтамасыз ету үшін өңірде айтарлықтай қадам жасалмақ. Қыркүйек айының соңына дейін «Woosong Kazakhstan» IT университетінің ашылуы жоспарланған. Бұл университет жасанды интеллект, үлкен деректер және цифрлық технологиялар саласындағы жоғары білікті мамандарды даярлайтын маңызды білім ордасына айналмақ. Облыс әкімі аталған оқу орнының жұмысын үйлестіріп, аймақтың қажеттіліктеріне бейімделген арнайы оқу бағдарламаларын дайындау бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Түркістан облысында Президент Жолдауында көрсетілген экономикалық міндеттерді орындау мақсатында арнайы инвестиция басқармасы құрылған. 2025–2028 жылдар аралығында өңірде жалпы құны 2,5 триллион теңгені құрайтын 111 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл жобалар аясында шамамен 24 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Биылғы жылдың алғашқы жеті айының өзінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 695 миллиард теңгеден асып, белгіленген жоспардан артығымен орындалған.

Индустриялық-инновациялық даму бағыты да назардан тыс қалған жоқ. Облыс әкімі терең өңделген, ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығаруға басымдық беру керектігін қадап айтты. Осы бағытта өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы құны 60,7 миллиард теңгені құрайтын 18 жобаның жүзеге асырылу барысы жандандырылады. Сонымен қатар инвестиция көлемін арттыру және инвесторлар тарту бойынша қосымша шаралар қабылданатын болды.

Агроөнеркәсіп кешені саласында да айтарлықтай өзгерістер күтілуде. Су үнемдеу технологиялары бүгінгі таңда 114 мың гектарға енгізілсе, бұл көрсеткішті 2030 жылға дейін 216 мың гектарға жеткізу жоспарда бар. Бұл шара ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге шығарып, климаттық жағдайларға бейімделуге көмектеспек. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы жерлерін цифрлық форматта әділ үлестіру мәселесі күн тәртібіне шығарылып отыр. Жердің тиімді және ашық пайдаланылуы әлеуметтік әділеттілікті орнатуға бағытталған.

Облыстың көлік-логистика саласын дамыту мәселесі де кеңесте кеңінен талқыланды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойындағы сервистік инфрақұрылымды дамыту, жолдардың сапасын арттыру, көлік дәліздері арқылы қосымша табыс көздерін қалыптастыру бағытында тиісті тапсырмалар берілді. Бұған қоса, «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысын уақытылы аяқтау ерекше бақылауға алынды.

Энергетика саласында Түркістан облысы тұтынатын электр қуатының 75%-ын сырттан тасымалдайды. Бұл тәуелділікті азайту мақсатында жалпы қуаты 2,4 ГВт болатын алты ірі жоба іске асырылуда. Сонымен қатар қосымша жаңартылатын энергия көздерін тарту арқылы өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де өткір күйінде қалып отыр. Бүгінгі күні Түркістан облысындағы 801 елді мекеннің 763-і немесе 98,1%-ы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Алайда 38 елді мекенде әлі күнге дейін орталықтандырылған су жүйесі жоқ, ал 192 ауылда су тек кесте бойынша беріледі. Сонымен бірге кейбір елді мекендерде су көздерінің дебеті азайған және су жүйелері ескіріп, жаңғыртуды қажет етеді. Президент тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін елді мекендердің 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз ету – басты стратегиялық міндеттердің бірі.

Санитарлық тазалық пен көгалдандыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Облыс әкімі бұл бағытта халықтың сана-сезімін көтеру үшін бұқаралық ақпарат құралдарын тиімді пайдалануды тапсырды. Әсіресе «Turkistan TV» телеарнасының бейнематериалдарын негізге ала отырып, тазалық мәселесіне жауапсыз қараған лауазымды тұлғаларға қатысты кадрлық шешімдер қабылданатыны ескертілді.

Шағын және орта бизнесті дамыту бағытында өңірде кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Президент Жолдауында атап өтілген цифрлық салық жүйесін енгізу, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларын даму институттарына айналдыру сынды бастамалар нақты әрекеттерге ұласуда. Түркістан облысында әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясын экономиканың тірек институтына айналдыру мақсатында жаңа іс-шаралар жоспары бекітілмек.

Адам капиталына инвестиция салу – басты назарда. Өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждерде кадр даярлау жүйеленіп, еңбек нарығының сұранысына сай келетін мамандарды оқытуға бет бұрылады. Мектеп бағдарламасына жасанды интеллектке негізделген бағдарламалар енгізілетін болады. Бұл балалардың жаңа технологиялар әлеміне еркін бейімделуіне мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау саласында да ілгерілеу бар. Ордабасы және Сарыағаш аудандарында перинаталдық орталықтар салу үшін жобалық-сметалық құжаттар шұғыл әзірленеді. Сонымен қатар 570 көпбейінді аурухананың құрылысын жандандыруға байланысты нақты жұмыстар қолға алынған. Бұл қадамдар медициналық қызметтің сапасын арттыруға және халықтың өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға бағытталған.

Білім беру саласы да Президенттің «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жүйелі дамытылып жатыр. Өткен жылы өңірде 13 мектеп пайдалануға берілсе, биыл жыл соңына дейін қосымша 16 мектеп ашылады деп жоспарлануда. Облыс әкімі осы мектептердің құрылысын уақытылы аяқтап, жаңа оқу жылына толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.


«Заң мен тәртіп» –маңызды құндылық
Түркістан: Мақтааралда жаңа индустриялық парктің негізі қаланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу