Әлеуметтік қолдау – халық игілігіне бастар жол
«Мемлекеттің басты байлығы – адам. Сондықтан әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімділігін күшейту – мемлекеттік саясаттың басты басымдығы».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен бұл қағида еліміздегі әлеуметтік саясаттың негізгі өзегіне айналды. Халықтың әл-ауқатын жақсарту, еңбек нарығын дамыту, әлеуметтік осал топтарды қолдау және арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытында Сайрам ауданында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесі ретінде Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дулат Абылғазиевтың берген мәліметінше аталған бөлімніғ 2026 жылдың маусым айындағы қызмет қорытындылары төмендегідей.
Жұмыспен қамту – тұрақты табысқа бастар жол
Сайрам ауданы бойынша Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 2026 жылы маусым айына 4640 азаматқа жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын көрсету жоспарланған. Есепті кезең қорытындысында 4899 азамат аталған жобаға қатысып, жоспар 106 пайызға орындалды. Бұл аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін айқын көрсетеді.
Атаулы әлеуметтік көмек – мұқтаж отбасыларға нақты қолдау
2026 жылға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге 555287,0 мың теңге қаржы қарастырылған.
2026 жылдың 1 шілдесіне 666 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде еңбекке қабілетті мүшесі бар 516 отбасыға 208627,1 мың теңге көлемінде шартты ақшалай көмек, 158 отбасыға 82084,1 мың теңге көлемінде шартсыз ақшалай көмек көрсетілді. Жалпы алғанда, 666 отбасы немесе 3816 адамға 290711,2 мың теңге жәрдемақы тағайындалып, 661 отбасы немесе 3766 адамға 235803,8 мың теңге жәрдемақы төлемге жіберілді.
2025 жылдың 1 шілдесімен салыстырғанда кедейлік шегіндегі аз қамтамасыз етілген отбасылар саны 139 отбасыға немесе 17,3 пайызға төмендеген.
Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға ұсынылатын кепілдендірілген әлеуметтік пакет заттай көмектен монетизацияланған көмек түріне ауыстырылды. Бұл бастама ата-аналарға баланың жеке қажеттілігіне қарай азық-түлік сатып алуға мүмкіндік береді. Бір жастан алты жасқа дейінгі әрбір балаға 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша төлем төленеді.
Осы мақсатқа 2026 жылға 134307,0 мың теңге қарастырылған. Бүгінгі күнге аз қамтылған отбасылардың бір жастан алты жасқа дейінгі 1297 баласына 39230,8 мың теңге көлемінде қосымша төлем тағайындалып, 1273 балаға 32528,6 мың теңге төлем жіберілді.
«Қамқорлық» бағдарламасы – қайырымдылықтың нақты көрінісі
«Қамқорлық» бағдарламасы аясында 2026 жылдың 30 маусымындағы жағдай бойынша ауылдық округ әкімдерінің жазбаша мәліметтеріне сәйкес барлығы 54 отбасы бағдарламаға енгізілді.
Жыл басынан бері аталған 54 отбасыға демеушілер тарапынан жалпы сомасы 20039,0 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Оның ішінде 150,0 мың теңге ақшалай көмек, 4690,0 мың теңгеге азық-түлік себеттері, бір тұрғын үй сатып алуға 15,0 млн теңге, аяқ киім мен көмір отынына 99,0 мың теңге, өзге де қажеттіліктерге 100,0 мың теңге бөлінді. Сонымен қатар мемлекет тарапынан 1168,1 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді.
Жалпы, 2026 жылдың маусым айында көрсетілген көмектің жалпы сомасы 21207,1 мың теңгені құрады.
Мүгедектігі бар адамдар мен ардагерлерге көрсетілген қолдау
Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жан-жақты қолдау көрсету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осыған сәйкес аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етіп, арнаулы әлеуметтік қызметтер ұйымдастырып, жекелеген санаттағы азаматтарды сауықтыру орындарына жолдауды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді.
Бүгінде Сайрам ауданында 1 Ұлы Отан соғысының ардагері, ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген 413 азамат, ҰОС қатысушыларына теңестірілген басқа санаттағы 232 азамат, 100 батыр ана, 1187 «Алтын алқа» иегері, 3248 «Күміс алқа» иегері, I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған 293 ана және 18 жасқа дейінгі төрт және одан да көп баласы бар 13437 ана бар.
2026 жылдың 1 шілдесіне аудан бойынша 10690 мүгедектігі бар адам есепте тұр. Оның ішінде I топтағы мүгедектігі бар адамдар – 938, II топтағы – 3215, III топтағы – 4556 және 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар – 1981.
2026 жылға жергілікті бюджет есебінен жекелеген санаттағы азаматтарға 199715,0 мың теңге қаржы қарастырылған.
Осы қаржы есебінен аз қамтамасыз етілген әлеуметтік жағдайы төмен 7 отбасыға шұғыл емделуге 302,8 мың теңге жеке есепшоттарына аударылды. Жалғызілікті 132 қарттың зейнетақысына қосымша жәрдемақы ретінде 2274,9 мың теңге аударылды. АҚТҚ инфекциясын жұқтырған 13 баласы бар отбасыларға ай сайынғы өтемақы ретінде 10342,9 мың теңге төленді. Мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық ұйымнан шығарылған, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын 30 адамға 10195,0 мың теңге аударылды.
15 ақпан – Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай 156 аз қамтылған ауған соғысы ардагеріне 20241,0 мың теңге әлеуметтік көмек көрсетілді. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аз қамтылған, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері және бұрын «Ардақты ана» атағын алған 3463 азаматқа 29955,0 мың теңге төленді. 26 сәуір – Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардабын жоюға қатысқан 30 азаматқа 3892,5 мың теңге аударылды. 9 мамыр – «Ер есімі – ел есінде» атты мерекелік іс-шаралар аясында Ұлы Отан соғысына қатысушы мен мүгедегіне және тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін КСРО Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталмаған азаматтарға 20678,1 мың теңге аударылды.
«Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5, 6, 7, 8-баптарында көрсетілген (Тәжік-Ауған шекарасында, Иракта, Қарабахта қызмет еткен) 73 азаматқа 9471,8 мың теңге төленді. Созылмалы бүйрек жеткіліксіздігіне шалдыққан 126 азаматқа біржолғы 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 27247,5 мың теңге аударылды. Жаңа жыл мерекесіне орай ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 77 жетім баланың қамқоршыларына 999,1 мың теңге жоспарланған. 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңына сәйкес ақталған 160 азаматқа 6920,0 мың теңге аударылды. Республика күніне орай кресло-арбаны пайдаланатын I топтағы мүгедектігі бар 72 адамға 1557,0 мың теңге жоспарланған. Пробация есебінде тұрған 27 азаматқа біржолғы 1167,8 мың теңге аударылды.
Сонымен қатар 90 мүгедектігі бар адамға ымдау тілі мамандарының қызметі үшін 21902,0 мың теңге, ал жүріп-тұруы қиын I топтағы 33 адамның жеке көмекшілерінің қызметіне 19483,4 мың теңге жұмсалды.
Абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес 3760 адам 764154,8 мың теңге көлемінде міндетті гигиеналық құралдармен, көмекші техникалық құралдармен, санаторийлік-курорттық емдеумен, қоларбамен, протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық және тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз етілді.
2026 жылдың алғашқы алты айында облыстық «Ардагерлер үйіне» – 200, «Мейір» ардагерлер үйіне – 190, жергілікті бюджет есебінен «Түлкібас Саясы» демалыс орнына 480 жекелеген санаттағы азамат жолдамамен қамтамасыз етілді.
Көші-қон саласындағы жұмыс
«Еңбекші көшіп келушілерге рұқсат беру, ұзарту және кері қайтарып алу» мемлекеттік қызметі бойынша 2026 жылға жоспарланған 5000 адамның орнына маусым айында 4968 шетелдік азаматқа рұқсат беріліп, жоспар 99,4 пайызға орындалды. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде аудандық бюджетке 266524,5 мың теңге көлемінде табыс салығы түсті.
Арнаулы әлеуметтік қызмет – қамқорлықтың маңызды бағыты
Мекеменің негізгі мақсаты – бөгде адамның күтіміне мұқтаж азаматтарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.
Қазіргі таңда үй жағдайында әлеуметтік қызмет екі бөлімше арқылы 194 мүмкіндігі шектеулі балаға көрсетілуде. Оның ішінде 61-і психоневрологиялық патологиясы бар, 133-і тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар.
Сонымен қатар 102 психоневрологиялық ауытқуы бар 18 жастан асқан азаматқа, оның ішінде I топтағы 54 және II топтағы 48 адамға үйде әлеуметтік қызмет көрсетілуде.
Жалғызілікті 133 қарт тұрақты әлеуметтік қызмет алады. Оның ішінде 10 тыл еңбеккері, 105 зейнеткер және 18 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Жалпы нақты күтімдегі қызмет алушылар саны – 429 адам.
2026 жылдың алты айында аудан әкімдігінің шешімімен 27 азамат Түркістан облысы Сауран ауданы Оранғай ауылындағы №6 «Самғау» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына кезекке қойылды, 64 азамат аталған орталыққа жолданды, 34 бала Сайрам мүгедек балаларды оңалту орталығына жіберілді, 1 азамат №3 Көксәйек арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына кезекке тұрды, 1 азамат №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына өтініш білдірді, 1 азамат №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына орналастырылды, 39 азамат аудандық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының үйде қызмет көрсету бөліміне қабылданды.
Есепті кезеңде өмірлік қиын жағдайға тап болған 139 азаматтың мұқтаждығы өтелді.
2026 жылдың маусым айында қамқорлықтағы аз қамтамасыз етілген 10 жалғызілікті қартқа 265000 теңге көлемінде азық-түлік және 35000 теңге ақшалай шефтік материалдық көмек көрсетілді.
2026 жылдың алты айына жергілікті бюджеттен 193486,0 мың теңге қарастырылып, оның 193483,9 мың теңгесі игерілді.
«Белсенді ұзақ өмір сүру» және «Тең қоғам» бөлімшелері
«Белсенді ұзақ өмір сүру» бөлімшесінің негізгі мақсаты – зейнет жасындағы азаматтардың денсаулығын нығайтып, белсенді өмір салтын қалыптастыруға жағдай жасау. Бөлімше арқылы терапевт кеңесі, массаж, йога, тұз шахтасы, сенсорлық кабинет, физиотерапия, еңбек терапиясы, емдік дене шынықтыру, психолог көмегі, құқықтық және мәдени қызметтер көрсетіледі.
2026 жылдың маусым айында бөлімшеге жүгінген 388 зейнеткерге қызметтің 12 бағыты бойынша қызмет көрсетілді.
Ал «Тең қоғам» бөлімшесінің мақсаты – мүгедектігі бар адамдардың қоғам өміріне белсенді араласуына, тәуелсіз өмір сүруіне және әлеуметтік бейімделуіне қолдау көрсету. Мұнда да әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-мәдени және өзге де 12 бағыт бойынша қызмет ұсынылады.
Есепті кезеңде бөлімше арқылы 74 мүгедектігі бар азамат қажетті әлеуметтік қызметтермен қамтылды.
Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі алдағы уақытта да халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік қолдауды күшейтуге және мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі жетілдіруге бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді.
С.Абылбекова


