Сайрамда май өндіретін зауыт салынуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет», – деп атап өткен болатын.

Президент айқындаған бұл міндеттер бүгінде өңірлерде нақты жобалар арқылы жүзеге асырылып, өндіріс орындарының көбеюіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына негіз болуда.
Осы бағыттағы маңызды инвестициялық жобалардың бірі Сайрам ауданында іске асырылуда. Манкент ауылдық округінде бой көтеріп жатқан «ИП Табыс» май өндіретін зауыты өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған ірі өндірістік нысандардың бірі саналады. Аудан әкімі Мадияр Оразәлиев құрылыс алаңына арнайы барып, жобаның жүзеге асырылу барысымен танысып, жауапты мамандармен алдағы жұмыс кезеңдерін талқылаған болатын.
Жалпы инвестициялық құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорынды 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Зауыт толық іске қосылғаннан кейін 40 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға елеулі үлес қоспақ.
Жоба таныстырылымы барысында өндірістік кешеннің қуаттылығы, құрылыс жұмыстарының кезеңдері және өндірістік жоспарлары жан-жақты баяндалды. Заманауи технологиялармен жабдықталатын кәсіпорында жоғары сапалы өсімдік майын өндіру көзделіп отыр.
Өндіріс алаңын аралаған аудан әкімі Мадияр Оразалиев инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа өндіріс орындарының ашылуы аудан экономикасының өсіміне серпін беріп қана қоймай, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлікті дамытуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа зауыттың іске қосылуы өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге жол ашады. Сонымен қатар жергілікті шикізатты тиімді пайдалану арқылы қосылған құны жоғары өнім өндіруге, ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етеді.
Осылайша, Сайрам ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл инвестициялық жоба Мемлекет басшысы жүктеген өңдеу өнеркәсібін дамыту және экономиканы әртараптандыру жөніндегі стратегиялық міндеттердің нақты көрінісіне айналып отыр. Жаңа өндіріс орны ауданның өндірістік әлеуетін арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек.
С.СӘУЛЕБАЙ


