Сайрамда «Invest Caravan» жобасы аясында инвесторлармен кездесу өтті

Oinet.kz 29-06-2026

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Мемлекет басшысы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Инвестиция тарту – Үкіметтің және әкімдердің алдында тұрған басты міндеттің бірі» екенін атап көрсетіп, инвесторларға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырудың маңызын ерекше айтты. 

Screenshot_11.png

Осы міндеттерді іске асыру бағытында елімізде инвесторлардың құқықтарын қорғауға және олардың қызметіне қолайлы жағдай жасауға арналған жүйелі жұмыстар жалғасып келеді.

Осы мақсаттағы маңызды бастамалардың бірі – Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Invest Caravan» жобасы. Жоба аясында Сайрам ауданында инвесторлармен кездесу ұйымдастырылып, өндірістік кәсіпорындардың жұмысы зерделенді. Іс-шараның негізгі мақсаты – инвесторларға заң талаптарын түсіндіру, олардың қызметіне кедергі келтіретін мәселелердің алдын алу және туындаған түйткілдерді ашық диалог арқылы шешу.

Кездесуге Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразәлиев  мен аудан прокуроры Бақытжан Тастемірұлы қатысып, аудан аумағындағы бірқатар ірі өндіріс орындарын аралады. Жұмыс сапары барысында кәсіпорындардың өндірістік әлеуеті, жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобалары, еңбек ұжымдарының жағдайы және өндірісті одан әрі кеңейту бағытындағы жоспарлары талқыланды.

Алғашқы нысан – арнайы автокөлік техникасын құрастыратын «TOKESH TECH TURKESTAN» ЖШС болды. Инвестициялық құны 3,2 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорында бүгінде 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 500 дана арнайы техникалық көлік шығаруға мүмкіндік береді. Бұл кәсіпорын өңірдегі машина жасау саласының дамуына үлес қосып, жаңа өндірістік мүмкіндіктерді қалыптастырып келеді.

Одан кейін жұмыс тобы «KAZ ECO MEAT» ЖШС ет өңдеу комбинатында болды. Жалпы инвестициялық құны 4,5 миллиард теңгені құрайтын өндіріс орнында 70 адам еңбек етеді. Комбинаттың жылдық өндірістік қуаты 30 мың тоннаға дейін ет өнімдерін өңдеуге жетеді. Өндірілген өнімнің 50 пайызы ішкі нарыққа бағытталса, қалған бөлігі шетелдік нарыққа экспортталады. Бұл кәсіпорын ауданның экспорттық әлеуетін арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып отыр.

Сапар барысында Манкент ауылында орналасқан «NURYM GROUP» ЖШС құрама жем өндіру зауытының жұмысы да таныстырылды. Инвестициялық құны 2 миллиард теңгені құрайтын өндіріс орнында 12 адам жұмыспен қамтылған. Зауыт сағатына 20 тоннаға дейін құрама жем өндіруге қауқарлы. Кәсіпорынның өнімі өңірдегі мал шаруашылығының дамуына қажетті сапалы жеммен қамтамасыз етуге бағытталған.

Кәсіпорындарды аралау барысында өндірістің қазіргі жағдайы, жаңа жұмыс орындарын ашу, өндіріс көлемін ұлғайту, инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру және кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар өндіріс орындарының тұрақты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау, инвесторлардың құқықтарын қорғау және кездесетін мәселелерді жедел шешу бағытындағы нақты міндеттер айқындалды.

«Invest Caravan» жобасы аясында өткен мұндай кездесулер инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімді нығайтып, өңірге жаңа инвестициялар тартуға, өндірісті дамытуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға оң ықпал ететіні сөзсіз. Сайрам ауданында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар аудан экономикасының қарқынды дамуына және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетінің артуына өз үлесін қоса береді.

С.АБЫЛБЕКОВА

Сайрамда май өндіретін зауыт салынуда
Сайрам ауданы: Қызылжар ауылына табиғи газ жетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу