Діни экстремизммен күрес тақырыбы талқыланды

Oinet.kz 10-11-2022 258

Бүгінгі таңда елімізде дінге қатысты біршама мәселелер орын алып жатқаны жасырын емес. Әсіресе жастар арасында діни ағымдарға ерушілер де баршылық. Осы тақырып төңірегінде еліміздің әрбір өңірінде арнайы үгіт-насихат та жүргізіліп келеді.

Screenshot_2.jpg

Жақында «Фараб» кітапханасында қазан айының соңында «Діни мәселелер және діни экстремизммен күрес» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға кітапхананың ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Зікірия Жандарбек, Түркістан облысы дін істері басқармасы басшысының орынбасары Медет Халықов, Түркістан қаласының бас имамы Мұхамеджан Жұмадуллаев, Түркістан қаласының ұлағатты ұстазы, «Ы.Алтынсарин» төс белгісінің иегері, қажы Зағира Әбенқызы, Түркістан қаласы ішкі саясат бөлімінің теологы Бахауддин Нуриддинов қатысты.

Аталмыш шара барысында баяндама оқылып, арнайы жасақталған кітап көрмесі таныстырылды. Келген қонақтарға жас оқырман өздерінің ойларында жүрген дін тақырыбындағы сұрақтарына жауап алды. Сондай-ақ Балалар және жасөспірімдер орталығының көркем сөз оқитын оқушылары дін жайлы өлеңдерін оқыды. «Діни-саяси экстремизм әдетте ешқандай ымыраны мойындамай, ортақ келісімнен бас тартады, ешкімді жақтырмайды, тіпті оларды қолдап жүрген дін өкілдерінің пікірі болса да ешқандай саяси пікірлермен санаспайды. Діни экстремизм үшін «Харам мен халал» (арам мен адал), «өзіңе қалағаныңды басқаға да қала» деген қағидалар болмайды. Олардың басты қаруы қатігездік пен шапқыншылық. Сонымен қатар діни антқа байлап қойған адамдардың экстремистік қатардан шыға қоюы өте қиын» дейді ұйымдастырушылар.

Ал дін саласының мамандары мен имамдар: «Экстремизмді айыптау, егер Құран және сүннет негізінде болмаса, онда адасушы мұсылмандар айыптауды мойындамайды, бос сөз қатарында қабылдайды. Кінәлілер айыптаушыларды – надан, жалақор ретінде азғыруы да мүмкін. Ислам шариғатымен амал етіп, басқаға үлгі бола білу, әрі шариғат талаптарын орындау, өркениетті қоғам орнатудағы аса сенімді жол екенін түсіндіре білу – діни эктремизмге қарсы қолданар ең үлкен қару. Әлемдегі құбылыстардың қандайы болмасын өзіндік пайда болу ықтималдығына бағытталған әсерге негізделе отырып, ережелер мен заңдарға сүйенген себептері мен салдары бар. Бұл заңдылықтар қатарына тек философиялық ой-пікір тұжырымдары ғана емес, еш күдіксіз қабылдануы бұйырылған Илаһи заңдылықтар да жатады» деп, жастарды барынша тура жолдан адаспауға шақырды. 

Жалпы ауқымы кең тақырыптың бірі болғандықтан бір ғана дөңгелек үстелмен өзекті мәселені шешу қиын. Алайда тамшыдай болсын осылай үлес қосып отырсақ, өскелең ұрпақ бойына дұрыс бағыттағы қасиеттер қалыптасар еді.

Қазақ киносы Түркістанда түсірілген туындымен толықты
Түркістан облысы көш бастады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу