Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл!

Oinet.kz 03-12-2022 338

Еліміздің әр түкпірінде қазақ халқының рухани көсемі, көрнекті ағартушы, мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған бірқатар шаралар өтуде. Соның бірі Алматы қаласында «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Screenshot_37.jpg

Конференцияда ұлттық білімнің шамшырағы болған Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық және қоғамдық-саяси қызметі мен күрескерлігі жайлы кеңінен айтылды. Ұлттық жазудың өзекті мәселелері мен Ұлт ұстазының  шығармашылық мұрасын насихаттау туралы жақсы пікірлер алдағы уақытта да қолдау табады деген ойдамыз. Конференция аясында белгілі суретші Алмас Сырғабайдың «Ахмет әлемі» иллюстрациялар көрмесі ұйымдастырылды.

Дәл осындай шара Түркістан облысы мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері мерекесіне арналған «Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» атты мерекелік шара өтті. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев бастаған зиялы қауым өкілдері мен облыстағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары, шараға қатысушы құрметті қонақтар арнайы жасақталған көрмені тамашалады. Аталмыш көрме облысымызда қызмет атқаратын 11 этномәдени бірлестіктерінің тілі, мәдениеті, салт-дәстүріне байланысты ұйымдастырылған.

Салтанатты жиынды Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев ашып беріп, құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің маңыздылығы мен еліміздегі жүзеге асырылып жатқан тіл саясатына, өңірімізде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 

– Биыл тілдерді оқыту орталықтарында 3 мыңнан аса талапкер мемлекеттік тілді оқуда. Оның  500-ден астамы өзге этнос өкілдері. Бүгінде этномәдени бірлестіктер жанындағы жексенбілік мектептерде тыңдаушылар өз ана тілдері мен төл мәдениетін үйренуде. Олай болса, Қазақстанда тұратын әрбір этнос өкілінің мемлекеттік тілді білуге деген ұмтылысын арттыру – біздің міндетіміз. Ал, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйренуге ынталы азаматтар үшін облыс аумағында тілдерді тегін оқытатын 17 орталық жұмыс жүргізуде, – деді Әзімхан Серікұлы. 

Сонымен қатар басқарма басшысы облыстағы тіл жанашырлары мен осы салада еңбегі елеулі азаматтарға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл комитетінің Құрмет грамотасы мен алғыс хатын, Облыстық мәдениет басқармасының алғыс хатын тапсырды. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, әрбір этнос өкілінің мемлекеттік тілді білуге деген ұмтылысын арттыру, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында оның еңбектерін дәріптеу, кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шара әрі қарай мерекелік концертке ұласты. Облыстағы өнер жұлдыздарымен қатар, өзге ұлт өкілдері өнер көрсетіп, қазақ тілінде өлең оқып, ән шырқады.

Еске сала кетейік, атаулы дата «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған Алаш арысы, қазақ әліпбиінің негізін салушы ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты аталып өтеді.

Наталья Кожабекова – Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша су жаңа өкілі
Ардагерлер арасында «Жыр жауһарлары» облыстық байқауы өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу