Ардагерлер арасында «Жыр жауһарлары» облыстық байқауы өтті

Oinet.kz 04-12-2022 485

Киелі қала төрінде Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі мен облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің 35 жылдығына арналған ардагерлер арасында «Жыр жауһарлары» атты облыстық байқау өтті. 

Screenshot_45.jpg

Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов салтанатты шараның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде ұлттық киімді насихаттап келген ардагерлерге алғыс білдірді. Сонымен қатар шараның маңыздылығына тоқтала келе, байқау қатысушыларына сәттілік тіледі. Содан соң аталмыш сайыс екі бағыт бойынша, атап айтқанда хор ұжымдары байқауы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында, жыр байқауы «Ұлы дала елі» орталығында жалғасты. Бұл байқауға облысқа қарасты аудан-қалалардан өнерге бей-жай қарамайтын талантты ардаргерлер бақ сынады. Мұнда қатысушы хор ұжымдары халық әндерін, патриоттық тақырыптағы Қазақстан композиторларының шығармаларын музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен ұсынды. Ал жыр байқауы бойынша өз туындыларымен қатар, белгілі ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінді оқыса, кейбір қатысушылар ән шырқап, арнау айтты. 

Тәрбиелік мәні зор аталмыш сайысқа хор ұжымдары бойынша еңбек ардагері Әлжанов Тәліп (қазылар алқасының төрағасы), облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Сартаев Ержігіт, Түркістан облыстық «Әжелер алқасының» төрайымы Оспанова Балтагүл, жыр байқауы бойынша ақын, сазгер Әбдіхалық Әбдірайымұлы (қазылар алқасының төрағасы), ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым, ақын, облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы қазылық етті. Қазылар алқасының шешімімен «Жыр жауһарлары» байқауының хор ұжымдары бағыты бойынша Ордабасы аудандық хор ұжымы бас жүлдеге ие болды. Жетісай аудандық хор ұжымы жүлделі І орынға ие болса, Созақ аудандық хор ұжымы жүлделі ІІ орынды, ал Төлеби аудандық хор ұжымы жүлделі ІІІ орынды еншіледі. Ал жыр додасында Жетісай ауданынан келген Мұхтар Құралов бас жүлдеге ие болды. Жүлделі І орын Сарыағаш ауданының қатысушы ардагері Әбілсапар Тұрғынбаевқа, жүлделі ІІ орын Арыс қаласының қатысушы ардагері Темірхан Әбдіковке, жүлделі ІІІ орын Қазығұрт ауданының қатысушы ардагері Оңласын Қалауоваға бұйырды. Марапаттау рәсімінде жеңімпаздарға арнайы диплом мен қаржылай сыйлық, ал өзге қатысушы ардагерлерге қатысқаны үшін арнайы сертификат табысталды.

Айта кетейік, шараның негізгі мақсаты ардагерлер қозғалысының белсенділігін арттыру, өнерлі ардагерлердің шығармашылығына қолдау көрсету, алдыңғы толқынның әрбір өнегелі сөзі мен тағылымды еңбектері арқылы ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді дәріптеу, жастарға үлгі ету, ардагерлер арасында халық шығармашылығын жандандыру болып саналады.

Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл!
Арыс қаласында әскери қорытынды концерт өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу