Шымкент қаласында кәріз жүйесін уақыт талабына сай жаңғырту жоспарлануда

Oinet.kz 18-05-2023 165

Шымкент қаласының аумағы жыл санап үлкейіп келеді. Мегаполистегі халық санының өсуі жақсы, бірақ сонымен бірге экологиялық жағдайына да көңіл бөлу маңызды екені түсінікті. Жалпы қала қалқымен бірге тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысының артуы да шаһар басшылығының бірқатар мәселені қолға алуына түрткі болуда. Соның бірі кәріз жүйесін салу. 

Screenshot_42.jpg

Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Байымбетовтың айтуынша, қазіргі таңда қала аумағында жағымсыз иістерді бейтараптандыруға арналған «Ылғалды барьер» қондырғылары қалыпты жұмыс істеп тұр екен.

- Қазіргі таңда қала тазалығына көп мән берілуде. Президент Жолдауында да қала аумағында жасыл белдеу қалыптастыру, аймақтың экологиялық тазалығын сақтау сынды тапсырмалар бар. Бүгінгі таңда біз осыған мән бере отырып, кәріз жүйесі құрылысын жүргізу үшін тиісті жұмыстар жобасын жасап, инвесторлар тартудамыз, - дейді ол. 

Бүгінгі таңда осы салаға жауапты мекемеге кәріз суынан шыққан қалдықтарды қазіргі аумақтан орнын ауыстыру және залалсыздандыру тұздарын уақытылы, мөлшерге сай шашып тұру тапсырылыпты. 

Жағымсыз иісті болдырмау үшін шұңқырларды тұзбен толтыру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді екен. Бүгінге дейін кәріз суларын тазалау аумағын қоршай 2000 түп ағаш көшеттері отырғызылып, тамшылатып суғару жүйесі жүргізілген. 

- Аумақта жалпы ұзындығы 1100 метрді құрайтын қолданыстағы лай төсеніштерінің айналасына темірбетон қоршауын салу жұмыстары басталып кетті. Құрылыс жұмысын биылғы шілде айына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жоспарға сәйкес, 2024-2025 жылдары тазарту қондырғысының бүкіл аумағында толығымен 10 000-нан  аса көшет отырғызылады. Алдағы уақытта жағымсыз иіс тұрғындарға келеңсіздік тудырмас үшін еуропалық стандарттағы жаңа технологиялық тазарту қондырғысы қолданылатын болады. Сонымен қатар, қондырғының қуаттылығын тәулігіне 200 мың текше метрге дейін арттыру, 50 мың текше метрге дейін тазарту үшін қосымша құрылыстар салу басты жоспарда, - дейді Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Байымбетов.

Алдағы уақытта қала билігі бірнеше миллион тұрғыны бар Берлин, Мәскеу, Ташкент секілді ірі қалалардың тазарту қондырғыларының жұмысымен танысып, оның тиімді тұстарын Шымкент қаласында жүзеге асырмақ ниетте. 

Шымкент қаласында 12 бағдаршам орнатылады
Шымкент қаласындағы «Металлург» стадионын 1 маусымға тапсыру міндеттелді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу