Шымкент қаласындағы Қайнарбұлақ ауылына таза ауызсу тартылуда

Oinet.kz 27-05-2023 195

Шымкент қалалық Қаратау ауданына қарасты Қайнарбұлақ елдімекенінде 60 мыңнан аса халық тұрады. Қазір аталған елдімекенде бірнеше инфрақұрылым жүйесі қатар жүргізілуде. Бұл жерде қазір таза ауызсу кесте бойынша шектеулі уақытпен беріліп келеді. Аталған  елдімекенде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының басында болған қала әкімі Мұрат Әйтеновты сөзге тартқан едік. 

Screenshot_12.jpg

-  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты осы және алдыңғы Жолдауларында көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, елдімекендерді сапалы таза ауыз сумен қамту жайын назардан тыс қалдырмаған еді. Президентіміз елді  мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажет екендігін қадап айтқан еді. Жолдауда айтылған тапсырмалар өңірде өз шешімін тауып, кезең-кезеңмен іске асырылуда. Қазір шаөарымызда таза ауызсумен қамтылған елдімекендер саны артып келеді. Бүгін Қайнарбұлақта жүргізіліп жатқан инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстардың жай-күйін өз көзіммен келіп, құрылыс жұмыстарының барысымен танысып отырмын.    

Қайнарбұлақ елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 329 шақырымды құрайтын ауыз су жүйелері жүргізілуде. Бүгінде  170 шақырымды құрайтын құбыр тартылып жұмыстың 75 пайызы орындалып отыр. Биыл бұл нысанды жыл соңына дейін тапсыру межеленген, - деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы. 

 Жұмыс барысында қала басшысы таза ауызсу құбырын жүргізіп жатқан мердігер мекемелерге құрылыс жұмыстарын арттыруды, әрі соған сай сапалы орындауды тапсырды. 

Сондай-ақ, Қайнарбұлақ елдімекенінде электр қуатын тарату бекетіндегі 35 трансформатор бойынша 50 шақырым электр желісінің құрылысы аяқталыпты. Нәтижесінде жаңақұрылыс аумағында 2 760 абонент электр жарығына қосылуға мүмкіндік алған. Қазір мұнда абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. 

Жалпы қала аумағында шағынаудандарды сапалы жарықпен қамту бойынша қосалқы стансаның және 4 нысанның құрылыс жұмыстары қолға алынған. Жыл соңына дейін электр қуатымен қамту көрсеткішін 98 пайыздан 99 пайызға жеткізілмек.  

Бұдан бөлек, Қайнарбұлақ елдімекенін табиғи газбен қамту жұмыстарын «Отау Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Бұл елдімекенге көгілдір отынын тарту екі жылға жоспарланғандықтан оның игілігін ауыл тұрғындары алдағы жылы көретін болады. 

Шымкент қаласындағы Құрсай шағынауданында 450 орындық емхана құрылысы басталды
Шымкент қаласының жалпы өңірлік ішкі өнімі артуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу