Шымкент қаласында қараусыз қалған жануарларға арналған уақытша ғимарат салынуда

Oinet.kz 29-07-2023 142

Шымкент қаласында қараусыз қалған жануарларды уақытша ұстауға арналған ғимарат құрылысы жүріп жатыр.  Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, бүгінгі таңда Ақтас шағын ауданында салынып жатқан ғимарат құрылысының 20 пайызы аяқталған. 
Screenshot_7.jpg

Қазір не көп, иесіз қаңғып жүрген ит көп. Тобымен жүрген ит біткенді ауылда ғана емес, қала көшелерінен де жиі ұшырастыратын болдық.  Неге  қаңғыбас иттер көбейіп кетті? 

Соңғы кезде ит талап ауруханаға түскен оқиғалар да жиілей түскен. Теледидарды қосып қалсаң да осы тақырып. Мәселен, былтыр Атырау қаласында 8-сынып оқушысы мен студентті, Семейде №44 мектептің оқушысын қаңғыбас иттер жабыла талап жатқан жерінен үлкендер әзер арашалап қалған. Мұндай жағдай өзіміздің қала іргесіндегі шағын ауданында да орын алуда. Дегенмен, өзге ауыл-аймақтарда да ит қауып, ауруханаға қайырылғандар аз емес.  

Қаңғыбас иттер неге көбейіп кетті деген сұрақ әрбіріміздің көкейімізде тұрғаны анық. Көп жағдайда, өзіміз қаншық иттен, оның күшіктерінен (ұрғашы күшіктерді ешкім ала бермейді) арылуға тырысамыз. Сөйтеміз де елсіз жерге, өліп қалмасын деп базар төңірегіне әкеліп қоя береміз. Біраз күнде ол күшіктер өсіп ит болғанда, ит көбейіп кетті деп байбалам саламыз. Әсіресе, мұндай иттер көпқабатты үйлердің арасындағы қоқыс жəшіктері маңайын төңіректейтіні белгілі. 

- Ит – жеті қазынаның бірі деп жатамыз, десе де одан қоғамға, адамдарға қаншалықты зиян келетінін де ұмытпаған жөн. Дегенмен ит мәселесі бүгінде толғанарлық тақырыпқа айналып отыр. Өйткені иесіз иттер қазір адамдарға қауіп төндіріп тұр. Қазір итті атуға болмайды, заң талабына сай ауланады. Оларды аулаған соң арнайы орында ұсталуы керек. Ол үшін бюджеттен қаржы қаралып, жануарларды уақытша ұстауға арналған ғимараттың құрылысы осы жылдың сәуір айында басталып кетті. Қазіргі уақытта құрылыстың бастапқы сатысы бітуге таяу, яғни 20 пайызға орындалған, - дейді қала әкімі.

Жоба бойынша бұл бір гектар аумақта әкімшілік шаруашылық кешені, оқшаулағыш орын, карантин ғимараты, қойма, қараусыз иттер мен мысықтарды өз алдына бөлек уақытша ұстау павильоны орналасады. Нысан құрылысы 2024 жылы аяқталып, пайдалануға тапсыру жоспарлануда. 

Шымкент қаласында жас кәсіпкерлерге қолдау бар
Шымкент қаласында 64 көше орта жөндеуден өткізілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу