Шымкент қаласында 2 мың жас «Жастар тәжірибесі» жобасы аясында жұмысқа орналасты

Oinet.kz 21-09-2023 160

Шымкент қаласында «Жастар тәжірибесі» жобасы аясында тәжірибеден өтіп, тұрақты жұмыс орындарына орналасып жатқан жастар қатары артып келеді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, жыл басынан бері 2 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылған. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы шеңберіндегі аталған жұмыспен қамту шарасы мемлекет тарапынан субсидиялануда. 

Screenshot_1.jpg

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауларында жастарды жұмыспен қамту шараларына басымдық берген. Елімізде жастардың жоғары, кәсіптік білім алуларына барлық мүмкіндік бар. Шет елдерде білім алуына да, жастар тәжірибесі жобасына қатысып жұмыс орнына тұруына да кедергі жоқ. Бүгінгі таңда біздің алдымызға қойып отырған басты мақсат - 35 жастан аспаған жастарды, оның ішінде иеленген мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту, - дейді қала әкімі.   

Бүгінде «Жастар тәжірибесі» жобасымен мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесін бастаған жастардың бірі – Әмина Әуезханова. Жоғары оқу орнының түлегі білім алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасу үшін былтыр қалалық «Жұмыспен қамту» орталығының қызметіне жүгінген. Жұмыссыз ретінде тіркеліп, жолдамамен ерекше балаларға арналған «Болашақ» ақпараттық-оңалту орталығына жұмысқа орналасады. Бүгінде сол орталықта тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. 

- Мамандығым логопед-дефектолог. Кәсіби мамандыққа алған дипломым бойынша жұмысқа орналасқаныма өте қуаныштымын. Ерекше балалардың сөйлеу қабілеттерін барынша дамытуға күш салып, оңалту шараларын көрсетемін. Нәтижесін көргенде екі есе бақытқа кенелемін. Жұмыс берушілердің де көңілінен шықтым деп ойлаймын,- дейді Әмина Әуезханова. 

Жалпы «Жастар тәжірибесі» жобасы аясында жастардың еңбекақы мөлшері 30 АЕК құрайды. Жұмыспен қамту мерзімі 12 ай. Кәсіби біліктілігін шыңдаған жастар көп жағдайда жұмыс берушінің ұсынысына қарай еңбек жолын сол мекемеде әрі қарай жалғастыруы мүмкін. ️Жобаға қатысуға ниетті жастар тұрғылықты мекен-жайлары бойынша Шымкент қаласының «Мансап» орталықтарына жүгіне алады.

Шымкенттің экс-әкімі Ерлан Айтахановтың ендігі тағдыры не болмақ?
Шымкент қаласында газ құбырлары жаңартылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу