Шымкент қаласында жылу энергиясының тарифы жоғарылауда

Oinet.kz 24-09-2023 136

Шымкент қаласында жылу энергиясын пайдалану тарифы жоғарылауда. Ол монополист компанияның оның инфрақұрылымына инвестиция салуы арқылы жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Айсұлу Әлібекованың айтуынша, жылу энергиясының 2023 жылға орташа босату тарифі 5,03 пайызға өсіре отырып, 4 785,74 теңге/Гкал болып белгіленген. 

Screenshot_10.jpg

Монополист компания өкілдерінің хабарлауынша, инвестициялық бағдарламаны іске асыру алдағы жылыту маусымында қаланы сапалы және үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биылға 2 қазандық, 1 турбоагрегатты күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған болса, бүгінде 2 қазандықта жұмыстар толық аяқталған. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керегін айтқан болатын. Президент ұсынған жаңа саясатқа сәйкес, қайсы монополист инфрақұрылым желілерін жаңартуға инвестиция салса, мемлекет сол компанияға коммуналдық тарифтерді өсіруге рұқсат береді. Өйткені, еліміздегі коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымның әбден тозығы жеткен. Кейбір электр, жылу станцияларының салынғанына 50-60 жылдан асып кеткен. Президент бұл мәселеге уақтылы назар аударып, тиісті жұмыс жүргізілмесе, еліміздің энергетикалық дағдарысқа тап болып, халықтың жарық пен жылусыз қалуы мүмкін екенін ескертті, - дейді Айсұлу Қуанышбекқызы. 

Жалпы энергетика министрлігі тарапынан жүргізілген сараптамаға сүйеніп айтар болсақ, еліміздегі 37 жылу-электр орталығының 19-ы қызыл аймаққа, 11-і сары аймаққа және 7-еуі жасыл аймаққа кірген. Бұл саралау станциялар мен ондағы жабдықтардың техникалық жағдайына қарай жүргізілген. Айта кетерлігі, 2020 жылмен салыстырғанда станцияны уақытша әкеп соқтыратын апаттық жағдайлардың саны 5 пайызға өскен. Еліміздегі кейбір жылу электр орталықтарының қызмет ету мерзімі 60 жылдан асады. Ал, станциялардың төрттен үш бөлігі жарты ғасырдан астам уақыттан бері жұмыс істеп тұр екен. Осы деректердің барлығы Мемлекет басшысының «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатының қаншалықты қажетті екенін көрсетіп тұр. 

Осы орайда Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Шымкент қаласы әкімдігінің  бірлескен бұйрықтарымен «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-інің 2023-2026 жылдарға қосымша инвестициялық бағдарламасы бекітілген. Оған сәйкес, монополист компания осы уақыт аралығында сарқынды суларды бұру қызметі бойынша кәріз желілерінің тозуын төмендету мақсатында 3,83 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсайды. Нақтырақ айтар болсақ, компания 38,3 шақырымдық кәріз жүйесін реконструкциялайды. Бұл кәріз желілерінің тозуын 77 пайыздан  71,65 пайызға немесе 5,35 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді.

Осыған байланысты, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің 2023-2026 жылдарға арналған жаңа тарифтері 2023 жылғы 1 шілдесінен бастап бекітілді. Атап айтар болсақ, ауыз судың тарифі тұрғындар үшін 86,27 теңге болып өзгеріссіз қалса, сарқынды суларды бұру қызметінің тарифі 10,67 теңгеге қымбаттап, 45,19 тиын болып белгіленген. 

А.Әлібекованың айтуынша, комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Шымкент қаласы әкімдігінің  бірлескен бұйрықтарымен «3-Энергоорталық» АҚ-ның жылу энергиясын өндіру қызметіне  2022-2026 жылдарға арналған тарифтері мен тарифтік сметасы және инвестициялық бағдарламасы бекітілген. Бұл инвестициялық бағдарламаға сәйкес, монополист компания негізгі құралдардың тозуын төмендету мақсатында 2023 жылға қосымша 55756,78 мың теңге көлемінде инвестициялық бағдарлама бекітілген.

Шымкент қаласының әкімі журналистермен кездесті
Шымкент қаласында азық-түлік қоры жеткілікті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу