Таразда Aspara Fashion day 2026 халықаралық сән фестивалі өтті
2026 жылғы 21 қарашада Тараз қаласындағы «Көне Тараз» этно-мәдени кешенінде «Мұра коды» тақырыбымен ASPARA FASHION DAY 2026 халықаралық сән фестивалі өтті.

Мәдени іс-шара Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Фестивальдің басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық мәдени мұрасын заманауи сән индустриясымен ұштастыру, отандық дизайнерлердің шығармашылығын қолдау, қолөнер дәстүрлерін дәріптеу және Жамбыл облысының мәдени-туристік әлеуетін халықаралық деңгейде таныту.
ASPARA FASHION DAY – дизайнер, «ASPARA» сән үйінің негізін қалаушы Айдархан Қалиевтің бастамасымен дамып келе жатқан халықаралық сән жобасы. Жыл сайын ұйымдастырылатын фестиваль ұлттық нақыштағы сән үлгілерін насихаттап, отандық және шетелдік дизайнерлердің шығармашылық байланысын нығайтуға мүмкіндік беріп келеді.
Фестиваль аясында қолөнершілер көрмесі, концерттік бағдарлама, халықаралық форум және сән көрсетілімі ұйымдастырылды.
«Көне Тараз» кешенінде өткен қолөнершілер көрмесіне 33 шебер қатысып, ұлттық қолөнер бұйымдарын, дәстүрлі әшекейлерді, кәдесыйлар мен авторлық туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Көрме келушілерге өңірдің бай мәдени мұрасымен және жергілікті шеберлердің шығармашылығымен танысуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар кешен аумағында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, өнерпаздар ұлттық және заманауи музыкалық шығармаларды орындады.
Іс-шараның маңызды бөліктерінің бірі – Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің конференц-залында өткен халықаралық форум. Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, сән индустриясының мамандары, дизайнерлер, шығармашылық қауымдастық өкілдері мен студенттер қатысты.
Форум барысында ұлттық мәдени мұраны сақтау, сән индустриясын дамыту, креативті экономика мен туризмнің өзара байланысын нығайту мәселелері талқыланды.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов өңірде мәдениет, шығармашылық индустрия және туризм салаларын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Жамбыл облысы әкімдігінің туризм саласына жауапты басқарма басшысы Дастан Айдарханов ASPARA FASHION DAY фестивалінің өңірдің туристік тартымдылығын арттырудағы маңызын атап өтті.
Сонымен қатар «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының өкілі Ақбота Қайырханова халықаралық іс-шаралардың Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілетудегі рөліне тоқталды.
Фестивальдің негізін қалаушы Айдархан Қалиев ұлттық сән өнерін халықаралық деңгейде таныту, жас дизайнерлерді қолдау және шығармашылық ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Кештің басты оқиғасы – «Мұра коды» халықаралық сән көрсетілімі болды. Көрсетілім барысында ұлттық мәдени элементтер мен заманауи дизайнерлік шешімдер үйлескен авторлық топтамалар көпшілік назарына ұсынылды.
Фестиваль Тараз қаласының Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи-мәдени орталық ретіндегі ерекшелігін жаңа қырынан танытып, сән, қолөнер және туризм салаларының өзара байланысын нығайтуға бағытталды.
Айта кетейік, 2021 жылы Тараз қаласы Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің шешімімен «Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы» мәртебесін алған. ASPARA FASHION DAY секілді халықаралық мәдени жобалар осы мәртебені кеңінен насихаттауға және өңірдің шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал етеді.
ASPARA FASHION DAY 2026 халықаралық фестивалі ұлттық мұра мен заманауи сән өнерін тоғыстырған, Тараздың мәдени және туристік мүмкіндіктерін танытуға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды.


