«Мұрагер» жобасы. Қайрат Қожамжаров

Oinet.kz 13-03-2014 871

Білетіндердің айтуынша, Құдайдың құтты күні таңғы сағат алтыға бес минут қалғанда Қайрат Қожамжаровтың жұмыс үстелінің үстіне әрқайсысы  жүз шақты беттен асатын  үш папка құжат қойылады. «Аса құпия» деген қызыл мөрлі осы үш «қаптың» бірінде шетелдегі шетін жағдайлар, екіншісінде ел ішіндегі алабөтен оқиғалар, үшіншісінде мәселесі  май  шаммен қаралып жатқан ерекше тұлғалардың соңғы тәуліктегі жүріс-тұрысы тәпіштеп жазалады екен. Мәселен, Франция түрмесінде жатқан М. Әблязов ұйықтар алдында қандай дәрі ішті дегендей... Сыртқы істер министрлігі, Қауіпсіздік комитеті және басқа да құзырлы орындар жабыла қаттаған осы құжаттарды Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қайрат Қожамжаров ұйқыдан тұра салып, беті-қолын жумай парақтай ма немесе  түстікте асықпай үнді шайын сораптай ішіп көз жүгірте ме, онысы бізге белгісіз. Белгілісі бүгінгі таңда ел білмейтін, жұрттың құлағына жетпейтін ақпаратты тек Қайрат Қожамжаров қана біледі. Осы ерекшелігімен-ақ ер жасы елуге аяқ басқан кейіпкеріміз Қазақстанның болашақ президенті болып кетуі бек мүмкін. Бұл сөзімізге сіз әзірге күлмей тұра тұрыңыз!

dd4ac7a9b0c821d56887c585216f7abc.jpg

Біріншіден, Қайрат Пернешұлы өзге де қазақстандықтар секілді президенттік сайлауға түсуге толық құқылы. Әрине, өзі оған бел шешсе. Тәуекел десе, «оны ел қолдамайды» деп үзілді-кесілді айтуға болмайды. Себебі, қазіргі заманауи өзгерістер мемлекет басқаратын адамның бәрі сөзге шешен, шеттерінен батыл да батыр, бірінен бірі өткен келбетті де  көрікті болуы міндет емес екенінін дәлелдеп берді. Мысалы, алысқа бармай-ақ, көзімізді жұмсақ та көруге мәжбүр болып жүрген Ресейді алайық. Осы мемлекеттің үшінші президентілігі Дмитрий Анатолий Медведев деген кісіге бұйырды. Сырт қарағанда қазандай басы орташа бойына үйлесе бермейтін, көпшіліктің алдына шықса, сөз айтуға тартынған ұялшақ қыздай қызарып кететін, алақтаған бадыраңқы көзінде сенімсіздіктің табы айғайлап тұратын және онысымен қоймай, жетектегі жігіттей көрінетін осы кісінің 2008 жылы президент болып кетеріне бастапқыда есі бар бірде бір адам сенген жоқ. Дегенмен,  «монтаж» бен «фотошоп» деген сиқыр барда бәрі де мүмкін екен. Телеарнада Д. Медведевтің аласа бойы, үлкен басы біліндей қалды. Қасында ұзынтұра кісі тұрса да газет, ғаламтор беттеріндегі суреттерде онысы байқалмай қалды. Және бейнетаспаға қарап сөйлей бергеннен Д. Медведевтің тілі де шығып кетті. Яғни, біздің бүгінгі кейіпкерімізді көпшілік білмейді, түрін танымайды, шешендігі байқалған емес деп есептен шығарып тастауға болмайды. Қайта Қайрат Қожамжаров тіліміз тасқа, тфу-тфу, Дмитирий Медведевтен әлдеқайда бойшаң, әлде қайда көрікті емес пе? Рас, кейбір адамдардың түрі теледидарда онша көрінбей қалатыны бар. Бірақ, оның да ретін табуға болады. Мәселен, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин көкжәшікке шыққанда видео-инженерлер оның сол жақ самайын көрсете бермейді. Бұл әрине, мәжіліс спикері таз екен деген сөз емес. Білуімізше, өзі сол жағын көрсетіп шыққанды жақтырмайды. Демек, бейне таспаны желімдеу сиқырымен кез келген жанды жұлдыздай жарқыратып беруге болады. Әрине, Қайрат Қожамжаров алдағы президенттік сайлауға түссе және осындай қитұрқы амалдарды меңгергісі келсе, онда оған  анау-мынау емес Ресейдің бұрынғы президенті, қазіргі премьер-министрі Д. Медведевтің өзі бар ықыласымен үйретіп бере алады. Неге десеңіз, екеуі кезінде студенттік қара нанды бөлісе жеген курстастар. Және кейбір басылымдардың жазуынша, Д.Медведев президент болып тұрған шағында да курстасы Қайрат Қожамжаровпен кездесуге әрқашан уақыт тауып жүріпті. Яғни, қарым-қатынастары әлі де үзілмеген. Түсіне білсек, Ресейге ауыздарын ашып қарайтын қазақстандық шенеуніктер үшін мұндай қарым-қатынастағы байланыс түстеріне де кірмеген. Егер Қайрат Қожамжаров президенттік сайлауға түсе онда Ресейдің бүгінгі саяси элитасынан қолдау алары сөзсіз. Және Украинадағы соңғы жағдайларда, Қырым тартысында Ресей кез келген көршісінен өз мүддесін іздейтінін және соны табанды түрде қорғайтынын анық байқатты.

Сөзімізге қайта оралсақ, Қайрат Қожамжаровтың президенттікке келуін ел ішінде жақтырмайтындар көптеп табылады. Жалпы, құзырлы орынның ішінен шыққандарға көпшілік қауіптене қарайтыны рас. Оның үстіне олардың қызметі «жұмыртқасын пісіру үшін көршісінің үйін өртейтіндерге» де ұқсап тұрады. Мәселен, сан жылдан бері прокуратура, кеден, қаржы полициясында түрлі қызмет атқарып келген, жалпақ жұртқа бейтаныс Қ.Қожамжаровтың атағы Қаржы полициясына келгенде дүрілдеп шықты. Онда да көпшілік оны ордадағы жасырын ойыншының бірі марқұм Сарыбай Қалмұрзаевтың «кадры» деп есептеді. Сондықтан болар  Жақсыбек Күлекеев, Жақсылық Досқалиев секілді шенеуніктердің істі болуын кланаралық, саяси топтар тартысы ғана деп бағалады. Қайрат Қожамжаровтың кезінде Қаржы полициясы қуғындау, жазалау орнына айналып кеткендей көрінді. Оның орнына келген қазіргі басшы Р. Түсіпбеков бастапқы сөздерінде «мұндай бағыттан айнуымыз керек» деп жүрді. Демек, осы құбылыстарға көз салсақ, Қайрат Қожамжаровты «мінезі өте қатал, шетін шешімге болаттай берік» немесе «өзіндік ұстанымы жоқ, біреудің айтқанын бұлжытпай орындаушы» деуге болатындай. Қалай десек те, оны «сыбайластық пен жемқорлықтың қас жауы, айтқанынан қайтпаушы» деп айтуға келмейтіндей. Сөзіміз дәлелді шығу үшін орайы кеп тұрғанда бір мысал келтіре кейтейік:  Астана қаласының іргесінде «96 бөлімше» атты ауыл бар. Осы ауылдың іргесінен жаңадан салынған үйлерін құжаттай алмай екі жүзге жуық отбасы емхана, ауруханаға қарала алмай, түрлі әлеуметтік жердемақысыз, зейнетақысыз, жолсыз, ауыз сусыз, жарықсыз сан жылдар бойы сандалды. Себебі, Астана әкімдігіне барса, ондағылар оларды «сендерге жерді Целиноград ауданының әкімшілігі берген» деп шығарып салған. Ауданға барса, «сендер Астана қаласының жерінде тұрсыңдар» деп қиқайған.  Не керек, осы мәселені президент Нұрсұлтан Назарбаев өзі шешті. Облыстың бір жерін қалаға, қаланың бір жерін облысқа айырбастайтын арнайы жарлыққа қол қойды. Айырбасқа кеткен қаланың жерінде Астананың бас жоспарында жоқ болса да, бой көтерген әлгі жетім ауыл да кетті. Тура сол сәттері Қайрат Қожамжаров Ақмола облысының әкімі еді. «Мынау не деген заңсыздық? Астана қаласының жерін сырттай сатып жіберген Целиноград ауданы әкімінің әкесі Қазақстан халқы ассамблеясының құрметті азаматы болса да, жазаға неге тартылмайды?» деп соңына шам ала түспеді.  Сірә, аңдып басуды ол да білетін секілді. Қайрат Қожамжаров әкім болып, шаруашылық қабілетін аша алмады. Рас, бастапқыда үн-түнсіз біраз отырды. Сосын, аудандарды бір аралап шықты. Арасында Астанада қабылданған үкіметтің тұрғын үй шаруашылық саласындағы бастамаларына сыни пікір айтып қалды. Одан кейін жазушы, ақындардың басын қосып, мәдени-әдеби жиын шаралар өткізді. Осылайша ел алдына шыға бастаған шенеунікті облысқа бір жылдан артық тұрақтатпады.

«Алаған қолдары береген» мемлекеттік қызметкерлердің зәресін ұшырған Қаржы полициясының бұрынғы басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып бір-ақ шықты. Жалпы, көзге көріне бермейтін осы мекеменің жұмысын қарапайым жұрт түсіне бермейді. Шындығына келгенде Қауіпсіздік Кеңесінің төрағалығы анау-мынау шенеунікке, әр төбеде ұшып қонып жүретіндерге бұйырмайды. Қайрат Қожамжаров секілді бүгінгі саяси элита үшін өте сенімді адамға ғана беріледі. Осы тұрғыдан қарағанда, бүкіл құзырлы орынның есебін тыңдап, тасада тұрса да бәрін бақылауына ұстаған хатшы  кімнің кім, кімде қандай қаржылық күш қуаттың «тығылып» жатқанын айдан анық біледі. Сонысымен де ол тасада тұрса да, көп мәселенің алдын алып, түйінін шеше алады.

Жалпы, өзге мемлекеттердегі үрдістерге қарасақ, бірінде президенттік таққа көшедегі шеру, майдан арқылы келеді. Екіншісінде партия жасақтап, сайлау арқылы өтеді. Үшіншісінде әкеден балаға дегендей ортағасырлық мұрагерлік жолмен жалғасады. Төртіншісінде орда  ішіндегі жасырын әскери, күштік тартыс, төңкерістермен тақты тартып алады. Ал, басқаларында саяси элитаның  өзара келісімдері арқылы біреуді үкілеп таңдай арқылы келеді. Еліміздегі саяси сарапшылардың көпшілгі жоғарыда біз атап көрсеткен алғашқы төрт сценарийдің Қазақстанда болмасына бәс тігуде. Ал, сахнадан ауып бара жатқан сяси элитаға орындарында өз мүдделері үшін отқа да, суға түсуге жанпида, білекті адам керек болса, сондайдың бірі мен бірегейі құзырлы орындарда қайралып, шыңдалған Қайрат Қожамжаров деп сеніммен айтуға болады.  Әрине, оның тұлғалығын қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевпен салыстыруға келмейді. Бірақ, Қазақстанда енді қайтіп Н.Назарбаев секілді президент болмасын түсінетін, мойындайтын кез келді.

Келесіге дейінгі күніңіз жарық болғай!

"Рейтинг" газеті

Серік Ахметовты алдаған кім?
Бүгін Тоқаев бірнеше адамды жаңа қызметке тағайындады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу