Шымкенттің әкімдері заңға бағынбай ма?

Oinet.kz 29-02-2024 254

Мәжіліс депутаты, «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары  Бақытжан Базарбек жерге қатысты ақпараттарды жасырған әкімдердің жұмысы тексерілетінін мәлім етті. Бұл туралы депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

Screenshot_3.jpg

Сондай-ақ, мәжілісмен-заңгер ақпарат құралдарына берген сұхбатында  жерге қатысты заңсыз, халықтың мүддесіне қайшы келетін шешім қабылдаған әкімдердің аты-жөндерін атап, оларға қатысты тексеру жүргізу қажеттігін де мәлім етті. Тексеруден өтуі тиіс атқамінерлердің қатарында  Түркістан облысының бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеев, Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталов, Жамбыл облысының экс-әкімі Асқар Мырзахметов және тағы басқалар бар. Б.Базарбектің айтуынша, жерге қатысты солақай шешімдер әсіресе, Шымкенттің бұрынғы әкімдерінің кезінде көп қабылданған. «Шымкент әкімдері заңға бағынбай ма?» деген депутат осыншама былық-шылыққа құзырлы органдардың көз жұмып келгеніне таңқалатынын байқатты.  

Youtube каналындағы Adal Adam-ға берген сұхбатында Бақытжан Базарбек Шымкентте жерге қатысты біраз фактілерге тоқталды. Рас, бұл деректер бұған дейін де айтылған. Алайда қанша айтылса да ол бойынша осы уақытқа дейін кінәлілерге ешқандай шара қолданылмаған. Неге екендігі бір Аллаға ғана аян.

Screenshot_4.jpg

Әйтеновке «Әділетті Қазақстанның» шамасы жетпеді

Шымкентте жерге қатысты заңсыз шешімдердің көбісі Мұрат Әйтеновтың кезінде қабылданған. Соның ішінде ескі атшабардың жерін айналып өту мүмкін емес шығар, сірә. Бұл туралы «Рейтинг» газеті бұған дейін де жазған болатын. 

2021 жылы Шымкент қалалық әкімдігі бұрынғы ипподромның 17,3 гектар жерін алдымен өзінің қарамағындағы "Shymkent" әлеуметтік кәсіперлік корпорациясына 5 жылға берген. Бұдан кейін корпорация бұл жерді «Жас НС» деп аталатын компанияға сатады. Екіарада сату-сатып алу келісім шарты жасалған. Бұдан кейін әкімдік жердің пайдалану нысанын «көпқабатты тұрғын кешенін салу» деп өзгертеді (қазір бұл жерге тұрғын үй кешенін «BI Group»-тің атын жамылған «Жас НС» компаниясы салып жатыр). Заңгердің айтуынша, мұның бәрі Жер кодексіне де, Кәсіперлік кодексіне де қайшы келеді. Б.Базарбектің жазған арызы бойынша Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті тексеру жүргізеді, нәтижесінде ипподромның жерін қолдан, қолға өткізіп, ақыр аяғында жекеменшік құрылыс компаниясына сатып жіберудің заңсыз екенін анықтайды. Осыдан кейін департамент Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз берген. Талап арызда жер беру жөніндегі әкім қаулыларының күшін жою көзделген. Алайда сот салынып жатқан көпқабаты тұрғын үйдің инвестициялық емес, инновациялық жоба екендігіне сүйеніп, талап арызды қанағаттандырмаған. Базарбектің айтуынша, «ескі Қазақстан» осылайша сотқа да өзінің ықпалын жүргізген. Сот шешімі «сот кабинетіне» кеш түсуі себепті департаменттің инспекторлары оған шағым беруге үлгере алмаған көрінеді. Алайда депутат бұл жерде біраз нәрсені айтпай отырған сияқты.  Инспекторлардың апелляциялық шағым беру мерзімін өткізіп алды деген қисынға келмейді ғой.  Шымкент қалалық соты апелляциялық алқасының былтыр 24 наурыз күні шығарған ұйғарымына қарағанда, Шымкент қаласы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті апелляциялық шағымды дұрыс бермеген. Сондықтан сот жіберілген кемшіліктерді түзету үшін мерзім белгілеген. Алайда департамент бұл мерзімде кемшіліктерді түзетпеген.

Соңында апелляциялық алқа:

- Талап қоюшы тарап жоғарыда аталған мән-жайларды теріске шығаратындай сотқа қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы тұрғысынан тиісті дәлелдемелерді ұсынбаған,-деген негізбен департаменттің шағымын қанағаттандырусыз қалдырған. Ұйғарым түпкілікті, енді оған шағым жасауға болмайды. Яғни, ескі ипподромның жерін енді ешкім даулай алмайды деген сөз. Бақытжан Базарбек былтыр әлеуметтік желідегі парақшасында және жуырда Шымкентке келген сапарында сот шешіміне Бас прокуратура арқылы шағым берілетінін айтып еді. Алайа оның бәрі әзірге сөз жүзінде қалып отыр. Бір сөзбен айтқанда Мұрат Әйтеновке «Әділетті Қазақстанның» шамасы жетпеді.    

Screenshot_5.jpg

Әбдірахымовтың шешімдеріне мониторинг жүргізу қажет

Сұхбат барысында Бақытжан Базарбек Шымкенттің әкімі болған Ғабидолла Әбдірахымовтың кезінде қабылданған шешімдерге мониторинг жүргізу қажеттігін алға тартты. Осыдан бірнеше жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болған Жансейіт Түймебаевтың тұсында  Шымкентте «Самал» және «Шымсая» деп аталатын парктердің құрылғанын, оған бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінгенін, бұл қаражаттардың тиісті мақсатта жұмсалғаны күмән туғызатынын атап өтті. Депутаттың Түймебаевтың кезінде іске асқан «Шатқал» бағдарламасын айтып отырғаны айтпаса да түсінікті. Алайда тәп-тәуір басталған  «Шатқалды» шатаяқтатқан 2018 жылы өз алдына мегаполис болған Шымкенттің алғашқы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов емес пе еді? 

Әбдірахымовтың кезінде жерге қатысты заңсыз шешімдердің қабылданғанын былтыр Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов әлеуметтік желідегі парақшасында жазған болатын. Оның мәліметіне қарағанда, прокуратурамен бірлесіп, Шымкент қаласы әкімдігінің 2018-2020 жылдары аралығында жер учаскелерін табыстау туралы қабылданған қаулыларына тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 97 жер учаскесінің (91,5 га) заңға қайшы берілгені белгілі болған. Бұл аралықта Шымкентке Әбдірахымовтың әкім болғаны белгілі. 

Алайда осыншама заңсыз шешімдерді қабылдаған Әбдірахымов қазір қайда жүр? Ол туралы ешқандай ақпарат жоқ. 

Screenshot_2.jpg

«Кең бабаның» жерін жекешелендірген Жетпісбаев

Бақытжан Базарбек жуырда  "Жер аманаты" республикалық жер комиссиясының жұмысы аясында Шымкент қаласында жеке меншікке өтіп кеткен «Кең-баба» саябағын да тексеріп кеткен болатын.

Оның жазуынша, Шымкент қаласы әкімінің 2009 жылғы №1391 қаулысымен саябақтың 2,641 гектар жер үшінші тұлғаларға 10 жылға уақытша өтеулі жер пайдалану құқығына беріліп кеткен. Кейін аталған жер Шымкент қаласы әкімінің 2011 жылғы №108 қаулысымен жеке меншікке өтіп кеткен. 

-  "Жер аманаты" республикалық жер комиссиясының қорытындысы бойынша Жер ресурстарын басқару комитетіне менің тарапымнан тиісті арыз жолданып, тексеріс ашылады. Тексеру қорытындысы бойынша жоғарыда аталған әкімдердін қаулылары бұзылып, "Кең-баба" саябағы мемлекеттік меншікке қайтарылатын болады,-деген болатын Базарбек.

2009 және 2011 жылдары Шымкентке Арман Жетпісбаев әкім болған.  Жетпісбаевтың былтыр Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметінен босатылғаны белгілі. Содан бері Жетпісбаевтың қайда жүргені туралы ақпарат жоқ.  

Енді қызметінен кетіп қалған бұрынғы әкімдердің жауапкершілікке тартылатынына сенуге бола ма? Әй, қайдам? 

Жолақы көтерілмейтін болды
Арыстанбек Мұхамедиұлына тағы сот үкімі шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу