Тоқтар Үсібәлиев Ерлан Қошановты елемей ме?

Oinet.kz 03-04-2024 550

Түркістан облысында шудың көбі құрылыс саласынан шығып жатыр. Түркі әлемінің рухани астанасы атанғалы облыс орталығында салынып жатқан нысандар көп. Бірақ олардың сапасына қатысты сын да жиі айтылады. Осыған қатысты тексеру амалдары да басталған. Бірақ неге екені белгісіз, тексерулер мен биік мінберлерден айтылған жанайқайлардың бәрі жаңғырық болудан әріге аспай тұр.

Screenshot_1.png

Ал облыстың бас құрылысшысы, дәлірегі Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсібәлиев журналистер мен қоғам белсенділерін былай қойғанда елордадан келген, елдің аманатын арқалаған Мәжіліс депутаттарын да менсінбеуге көшкен сыңайлы. Сонда басқарма басшысына «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» па?!

Өткен аптада «Аманат» партиясының жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл жөніндегі республикалық кеңестің отырысы Түркістан қаласында өтті. Жиынға аталған кеңестің мүшелері (оның ішінде Мәжіліс депутаттары да бар), облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлфұхар Жолдасов, басқарма, жергілікті құзырлы орган басшылары қатысты.  Кеңестің жетекшісі Ерлан Саировтың айтуынша,  мұндай жиынды өңірлерде өткізу «Аманат» партиясының әрі  Мәжілістің төрағасы Ерлан Қошановтың тікелей тапсырма бойынша жүргізілген. Мақсат — бүгінде өзекті мәселе болып отырған сыбайлас жемқорлық мәселесін талқылау, кемшіліктерді саралау.

Өңірлердің ішінен Түркістан облысының таңдап алынғаны  тегін болмаса керек. Себебі Түркістанда сыбайлас жемқорлық дәл қазір күн тәртібінде тұрған негізгі мәселеге айналып тұр.

Кеңес отырысында баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев өңірдегі жемқорлыққа қатысты  әкімдік пен прокуратура, антикордың өзі тарата бермейтін біраз мәліметтерді жария етті. Оның айтуынша, 2023 жылы Түркістан облысында  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен жалпы 116 қылмыс тіркелген (2022 жылы - 102). Соның ішінде сыбайлас жемқорлық санатына жататыны – 87 (2022 жылы – 80).  Ең көбі парақорлық, парақорлыққа делдалдық қылмыстар.  Қылмыстық істер бойынша өткен жылы мемлекетке 331,7 млн теңге залал келтірілген (2022 жылы – 127,3 млн теңге).

Screenshot_3.jpg

Былтыр  сыбайлас жемқорлық көріністері әсіресе, жергілікті атқарушы органдарда өскен. Н.Әуесбаев мысал ретінде былтыр Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы мен осы бөлімнің бас маманына қатысты Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін сотталғанын атап өтті. Олар діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша қызмет түрлеріне мемлекеттік  сатып алу жұмысын іске асыру кезінде бюджет қаражатын жымқырған (бұл туралы біз былтыр «Рейтинг» газетінде жариялаған болатынбыз.Ж.Т).

Ал өңірлік жергілікті атқарушы органдарға келіп түсіп жатқан арыз-шағымдар, проблемалық мәселелер туралы ақпаратты Кеңестің жұмыс тобы алдын ала сұратқанымен, оны облыс әкімдігі ұсынбаған. Ал, Түркістан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстың жай-күйін зерделеу барысында бірқатар кемшіліктер анықталған.

Мәселен, Түркістан облысы әкімдігінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясының былтырғы отырыстарының күн тәртібінде қаралған мәселелері бойынша ақпараттық-анықтамалық мәліметтер жасалмаған, талдау жүргізілмеген. Яғни, аталған комиссия тек көзбояушылықпен жұмыс істеген деген сөз. 

Кентау қаласы мен Шардара, Мақтаарал, Жетісай, Келес, Түлкібас, Сайрам, Отырар, Сауран аудандық комиссиялардың жұмысы да формальды жүргізілген. Жоспарланған кейбір мәселелер қаралмаған. Ал қаралған сұрақтар бойынша ақпараттық-анықтамалық мәліметтер жоқ, талдау жүргізілмеген. Хаттамалық тапсырмалардың орындалуына бақылау жоқ.  

Screenshot_2.png

– Облыстық құрылыс басқармасы Кеңестің жұмыс тобымен өтетін кездесуге алдын ала келісілген кестеге сәйкес басшы құрамы қатысуы қажет болатын. Себебі басқарма мамандары функциялық құзыреттілігіне орай барлық сұрақтарға толыққанды жауап бере алмайды. Құрылыс басқармасының басшылығы кеңестің бұл өтінішін елеусіз қалдырды. Басқарманың кадр жұмысы жөніндегі бас маманы «Аманаттың» сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы құрылыс нысандары жөніндегі сұрақтарға жауап бере алмады.  Бұқаралық ақпарат құралдарындағы деректерге сүйенсек, Түркістан өңірі  «сапасыз құрылыс», «апатты мектеп» тізімінің алдыңғы қатарында, – деп атап өтті Н.Әуесбаев.

 Сонда облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсібәлиевтің мұнысын неге жоруға болады? Бұл «Аманатты» һәм Мәжіліс депутаттарын да менсінбеу ме? «Аманат» партиясының төрағасы да, Мәжіліс спикері де бір адам екенін қайыра еске салсақ, сонда ел сенім артқан Ерлан Қошановты да елегісі келмей ме? Не бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен, не  «Аманат» партиясымен санаспаса, Мәжіліс депутаттарын менсінбесе, не облыс әкімінің тапсырмалары уақтылы  орындалмаса, онда  Тоқтар Үсібәлиевтің мәселесін Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Президенттің алдына қоюы керек пе? Президент Тоқаевтың Тоқтар Үсібәлиевтен басқа шешетін шаруасы жоқ деймісіз. Мемлекет басшысының ең сенімді серігінің бірі, бірегейі саналатын Қошановтың өзі-ақ тоқтықты көтере алмаған кейіптегі Тоқтар Үсібәлиевтің мәселесін майшаммен қарайтын шығар.

Енді баяндамада келтірілген бірлі-жарым мысалдарға тоқталайық.  Мәселен, Шардара ауданында 2017 жылы салынған мектептің  талапқа сай келмейтініне, жылу жүйесінің жоқтығына қарамастан 1 қыркүйекте салтанатты түрде лентасы қиылған. Білім министрлігінің хабарлауынша, мектеп құрылысы кезінде мердігер мекеме мен жергілікті әкімдік өзара келісімге келіп, бюджеттен қаржы бөлдірген. Алайда бөлінген қаржы сапалы құрылысқа жетпей қалғандықтан, мектеп оқушылары 2022-2023 оқу жылында үш ауысымда оқуға мәжбүр болған. Мұндай келеңсіздік құрылыс кезінде материалдарды талапқа сай пайдаланбау және геологиялық-геодезиялық жұмыстарды дұрыс жүргізбеу салдарынан туындаған.

Төлеби ауданы Тағайна ауылындағы 200 орындық мектептің құрылысы 70 пайызға ғана аяқталған. Екі қабатты ғимараттың қабырғасы тұрғызылып, шатыры жартырлай жабылған, құрылыс жұмыстарының қарқыны өте төмен.

Келес ауданы Абай елді мекеніндегі 600 орындық жайлы мектептің құрылысы биыл қыркүйек айында аяқталуы тиіс. Қазіргі таңда нысанның іргетасы ғана қаланған, құрылыс жұмыстары тоқтап тұр.

Сайрам ауданы Қарасу ауылындағы  дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы да 70 пайызға аяқталған. Нысан биыл  мамыр айында пайдалануға берілуі тиіс болған. Нысанның жалпы құны 749 миллион теңге. Қазіргі уақытта бұл  құрылыс та тоқтап тұр.

– Ордабасы ауданында екі бірдей проблемалық білім ордасы бар. Атап айтсақ, Төрткүл ауылындағы 300 орындық мектеп құрылысы. Екінші нысан Қызылжар ауылындағы мектепке арналған 300 орындық қосымша оқу корпусының құрылысы. Бұл нысандардағы жұмыс 2022 жылы аяқталуы қажет болатын,– деді Н.Әуесбаев.

Осы жерде айта кетері, құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсібәлиевтің ақпарат сұратқан журналистердің, қоғам белсенділерінің сөзіне құлақ аспайтынын  біз былтыр да жазған болатынбыз.

«Тоқтар Үсібәлиевке  билік пен халықтың арасындағы дәнекер журналистен қашатындай басына не күн туды? Әлде  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет»  тұжырымдамасы Үсібәлиевке жүрмей ме? Жүз миллиардттармен жұмыс істеп үйренген шенеуніктің мұнысы тоқтық па, әлде жауапкершілік жоқтық па?– деп жазған едік. Бір жыл бұрын жазылған мәселе әлі де «өзектілігін» жоймаған болып тұр.

Айтпақшы, Ордабасы ауданында құрылысы қаңтарылып қалған қос мектепке былтыр облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы барып тиісті тапсырмалар берген болатын.

– Өңірде мектеп тапшылығы бар екенін білесіздер. Сондықтан білім ұяларының құрылысын жүргізуді кәсіпкерлік емес, стратегиялық маңызды міндет деп қабылдау керек. Құрылысы кешіккен әрбір мектептің соңында сапалы білімнен қағылған ұрпақ бар екенін ұмытпаңыздар. Құжаттарды қайта зерделеп, мектепті ел игілігіне беруді тапсырамын. Жауапты басқарма, аудан әкімдігі мәселені шешуі тиіс, – деген еді Дархан Сатыбалды.

Алайда осы уақытқа дейін қос мектептің пайдалануға берілгені жөнінде ешқандай ақпарат жоқ. Ал тиісті басқарма – Түркістан облыстық құрылыс басқармасы, оның басшысы Тоқтар Үсібәлиевтің мән-жайды түсіндіретін ақпарат берудің орнына істеп отырған тірлігі мынау.

P.S. Кеңесте көтерілген мәселелер алдағы уақытта Бас прокуратураға ұсыныс ретінде жолданатын болады. Әліптің артын бағып көрейік.

"Рейтинг" газеті, 3 сәуір 2024 жыл. 

Су тасқынынан қираған үйлерді салуға қанша миллион бөлінетіні белгілі болды
«Өзі отырған бұтақты кеспейді»: Әлихан Смайыловтың тағайындауы туралы ел не дейді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу