Оңтүстіктің оныншы әкімі... Биліктің шахмат тақтасында қандай жүрістер жасауы мүмкін?

Oinet.kz 13-07-2019 1346

Screenshot_3.jpg

Өңірге әкім болып келген Жансейіт Түймебаев жаңа жұмысына қызу кірісті. Елшілік қызметтің қыр-сырын жақсы білетін басшы алғашқы мәжілістерін де шетелмен алыс-беріспен бастады. Оңтүстікпен қойы қоралас, ауылы аралас жатса да, кейінгі жылдары томаға тұйық күйі кешіп жүрген Өзбекстанмен қарым-қатынасты тереңдетуді қолға алды. Апта басында көрші елдің вице-премьері бастаған делегацияны қабылдап, екі мемлекеттің арасында сауда аймағын құру жөнінде уағдаластық жасасты. Жыл соңына дейін Өзбекстан жағы Шымкентте көрме өткізіп, өздерінің іскерлік мүмкіндіктерін көрсететін болды. Алайда жаңа әкімнің алғашқы қадамына көз тіккен жұрт жаңалықты бұл жақтан күтіп отырмағаны бесенеден белгілі ғой. Түймебаев өңірде қандай кадрлық өзгеріс жасайды? Командасына қандай кадрларды алып келеді? Кімдерді кетіреді? Елдің тағатын тауысқан басты тақырып міне, осы. 

Жаңа әкім келген соң жұмылған жұдырықша жұмыс істейтін команда жасақтайтыны айтпаса да түсінікті. Әкімдердің командасымен көшуіне жол берілмейді деп қанша жерден айқайлағанымен, қызметке келген басшының ауыс-түйіс жасайтыны жазылмаған заңдылық емес пе? 

Алдымен Жансейіт Түймебаевтың сала-сала бойынша бақылау жасайтын бес орынбасарынан бастасақ.

Қай орынбасар орынтағын босатады? 

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды бұл қызметке былтыр тамызда, Бейбіт Атамқұлов келген бойда тағайындалғаны мәлім. Оған дейін ол Шымкент қаласының әкімі лауазымында екі жылдай отырған. Шымкентті басқаруға оған дейінгілер өңірдегі басқа аудан, қалаларда тер төгу арқылы шыңдалып келсе, «Сыйынғаныңнан сүйенгенің кем болмасын» деген ел аузындағы сөздің тегін еместігін дәлелдеп Дархан Сатыбалды облыс орталығының тізгінін ұстауға бірден Астанадан келді. Оның Астанадағы еңбек жолы ұзақ-сонар. Қырықтан асқан шағына дейін талай қызметтің құлағын ұстаған. Президент әкімшілігінде, Қаржы, Білім және ғылым министрліктерінде, Астана қалалық әкімдігінде, Жоғарғы сотта, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде,  Премьер-министрдің кеңсесінде қызмет еткен. Дархан Амангелдіұлы облыс басшысының бірінші орынбасары ретінде ең майлы жілік саналатын құрылыс, көлік салаларына жетекшілік етті. Миллиардттаған теңгесі бар тендерлердің басым көпшілігі осы салалар арқылы өтетіні белгілі. Обалы не керек, Дархан Сатыбалды бір жылдан астам уақыт ішінде өз саласынан  үлкен шу шығармағанымен соңғы кезде ел аузындағы әр алуан қолайсыз әңгімелердің қоламтасы қайта тұтана бастады. Егер жиі-жиі қызмет ауыстыратын азамат бір орында көп отырып қойдым демесе, облыс басшысы сенім білдірсе, бұл қызметін ары қарай жалғастыра беруі әбден мүмкін сияқты. Қанша дегенмен арқа тұтарлары Астан-аа-а жақта... Есесіне...

Бізге жеткен сенімді ақпарат көздеріне қарағанда, облыс әкімінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм салаларына жетекшілік жасайтын орынбасары Сапарбек Тұяқбаев шабаданын жинап, Астанаға кеткелі жатыр. «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар» дейсіз? С.Тұяқбаев бес орынбасардың ішінде қызметінде ең ұзақ отырған кадр. Ол да Астанадан келген. Қайбір жылдары президенттің тапсырмасымен  облыс әкімдерінің өнеркәсіппен шұғылданатын  орынбасарлары шет тілін білетін, «Болашақ» бағдарламасымен білім алған жастардың арасынан таңдалып, Үкіметтің ұсынысымен тағайындалған. Қазығұрт ауданының тумасы Сапарбек Тұяқбаев осы дүрмекпен келген кадр.  Алайда ағылшын, түрік тілдерін жақсы білетін Тұяқбаевтың «Азиякерамик»  кәсіпорнын ашқан түрік инвесторларының тілін таба алмағаны «Рейтинг» газетінде бірнеше рет жазылды. Арыста ашылған томат зауытының да тығырыққа тірелгені қоғам арасында қызу талқыланды. Президент Шымкентке келген сапарында осы жәйтті жергілікті шенеуніктердің бетіне басып, қатаңдау ескерткені есімізде. Тұяқбаевтың сол жиында Елбасыға уәде бергені, уәдесін қаншалықты деңгейде орындағаны белгілі. Томат зауыты әлі тұралап тұр, ал керамогранит зауытынан шенеуніктер ақыр аяғы сатып құтылды. Қарғыстың ең жаманы «Өзің білме, білгеннің тілін алма» десек өзі ауыл шаруашылығынан хабарсыз Тұяқбаев та осы бағытпен жүруі салдарынан  саланың ұңғыл-шұңғылын бес саусағындай білетін кадрдың талайы қызметін тастап кетуге мәжбүр болды. Солардың бірі өсу баспалдығы қатардағы мал дәрігері,ұжымда, ауданда  бас мал дәрігер, колхоз бастығы, аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып біртіндеп өрілген Қанатбек Оспанбеков. Түнгі төртте тұрғызсаң өз саласын беске білетін Оспанбековтың осы жолы қайта бағы жанса елдің бір сүйсініп қалары сөзсіз. 

Бұл ғана емес,-ау. Жалпы облыстағы өнеркәсіп саласын сөз еткенде біріншіміз деп кеуде керетініміз рас. Алайда атқарылған жұмыстардың біразы көпіршік екендігі Астанада өткен алқалы жиындарда айтылып қалады. Мәселен жуырда Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен жиында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жетекшісі Абылай Мырзахметов Индустриялдық аймақтардың жұмысын біраз сынап тастады. Десек те...Тұяқбаев жастығына қарамастан облыс әкімінің орынбасары қызметін бақандай төрт жарым жылдан астам уақыт, хал-қадірінше  атқарды. Өңірде жүріп, өмір көрді, тәжірибе жинақтады. Түрік тілін жақсы білетін Тұяқбаев енді Түркияда елші болған Түймебаевтың командасында қала алмайтын сияқты. Естуімізше, ол жақын арада Жеңіс Қасымбек басқаратын Инвестициялар және даму министрлігіне жауапты қызметке тағайындалғалы жатқанға ұқсайды. Ал оның орнын басатын кадр тағы да Астанадан келе ме? Әлде облыс әкімінің өнеркәсіп жөніндегі орынбасарына шет тілінен гөрі жергілікті жердің жағдайын жақсы білетіні көптеу қажет екендігін түсінетін кез келді ме? Егер солай болса, бұл орынға лайық жергілікті кадрлар жоқ емес. Тұяқбаевтың орнын басуы мүмкін ең ықтимал кандидаттардың қатарында Бәйдібек ауданынының әкімі Батыр Көшербайдың аты аталып жатыр.  Б.Көшербай Төлеби ауданының әкімі, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Қай қызметке барса да өзіне жүктелген міндеттерді бедсенді атқарып жүрген азамат облыс әкімінің орынбасарлығына тағайындалып жатса...уақытында көрерміз.

Бейбіт Атамқұловтың тұсында коммуналдық салаға бақылау жасайтын орынбасар Жақып Бөкенбаевтың  айы оңынан туды десек қателеспейтін шығармыз. Бәлкім бұл Атамқұловтың өзге орынбасарларына қарағанда Жақып Бөкенбаевқа  көбірек сенім артқанымен байланысты шығар. Өйтетін де жөні бар. Ж.Бөкенбаев Атамқұловтың Астанадан арнайы алдыртқан кадры. Уақтысында Бейбіт Бәкірұлы жауапты хатшы болған Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде жауапты қызметтерді атқарған. Алайда Ж.Бөкенбаевты бөтен деуге де болмайды. Осы облыстың тумасы. Облыстық мәслихаттың депутаттығына да сайланған. Уақтысында «3 Энергоорталық», «Түркістанэнерго», Оңтүстікжарық» кәсіпорындарына басшылық жасаған.  Бір сөзбен айтқанда адалдықтан айнымса,  жанашырлықпен жұмыс істесе коммуналдық саланы тәп-тәуір түсіне білетін маман. Жарық пен жылудан жиі шу шығатын Шымкентте  осындай орынбасардың жұмыс істегені Түймебаев үшін де тиімді болары сөзсіз.  Алайда Атамқұлов Астанадан арнайы алып келген кадрін қайтадан Астанаға алып кетсе ше? Бұл жағы енді белгісіз. 

Облыс әкімінің қаржы, экономика салаларына жетекшілік жасайтын  Ербол Садыр өз қызметін атқара беретін сияқты. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, оған денсаулық сақтау мен жұмыспен қамту салалары да қоса жүктелген. Осыған қарағанда  Ербол Садыр әзірге креслосын сақтап қалады. Ербол Садыр Асқар Мырзахметовтың тұсында өскен кадр. Одан кейінгі әкімі Атамқұловпен де шәй деспей тірлік істеді. Түймебаевтың да тілін тауып кететініне күмәніміз жоқ. 

Ұласбек Сәдібеков те қызметін жалғастыра беретін орынбасарлардың қатарын толықтыруы мүмкін. Рас, қазір идеология саласына жетекшілік жасайтын орынбасар туралы әлеуметтік желіде әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Ұласбек Сәдібеков өзін идеолог ретінде танытқан азамат. Оның сонау студент кезінен-ақ жастардың көшбасшысы атанғаны ақпарат құралдарында да жазылды. Аудан әкімінің орынбасары, облыстық жастар ісі және ішкі саясат департаментінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Бәйдібек, Сарығаш аудандарын басқарды. Әсіресе, оның Сарыағаш ауданында болған су тасқынында халықтың ортасында жүріп, етігімен су кешіп,  бар қиындықты елмен бірге бөліскені жиі ауызға алынады. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болған жылдары да Ұласбек Сәдібеков өзін ұйымдастырушы ретінде көрсете алды. Оның Мәжіліске депутат болып сайлануы да осы еңбектің жемісі деуге болады. Сондықтан дәл қазір елге бір тиындық пайдасы жоқ  жартымсыз тірлігін жарнамалаудан жалықпайтын жастардан гөрі, тәжірбиесі мол Ұласбек Сәдібеков ұнамдырақ кадр десек мұнымызбен келісетіндер көп деп ойлаймыз. Жаңа әкім Түймебаев «онсыз да өзім идеологпын» деп кең тұсау, ұзын арқанға салмай, осы саламен молдау әуестеніп кетпей  шуы бітпейтін, шатағы басылмайтын коммуналдық салаға, құрылысқа көбірек көңіл бөлсе, озық тәжірибе жинақтап алса алдына қара салдырмайтын нағыз іскер азамат атанар еді. 

Аппараттағылардың алды Астанаға кетіп жатыр

Сенімді ақпараттарға қарағанда қазіргі уақытта облыс әкімінің аппараты басшысының үш орынбасары Әсет Байсынов, Нұрлан Кеңесов пен Ақберен Елгезек  еңбек демалысына кеткен. Дәл әкім ауысып жатқан кезде үш бірдей орынбасардың демалысқа кетуі түсінікті. «Арқа жылы болса арқар ауып несі бар» деген мәтелді  тағы да қайталауға тура келіп тұр. 

Жалпы Атамқұловтың тұсында аппараттағы белсенділердің айы оңынан туғаны белгілі. Қолда билік, жоғарыда қолдаушысы бар да талтаңдағандар талтаңдады. Әсіресе Әсет Байсынов кадр тазалығын жасамақ болғанынан көрі бүлдіргені жайлы жанайқайлар жетерлік. Едел-жедел еңбек демалысына кетіп қалғандар дәуреннің баста мәңгі тұрмайтынын түсінген сияқты. Егер рас болса, олар қазірдің өзінде Астанаға ат ауыстырып жатқанға ұқсайды. Естеріңізде болса, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасарлары Нұрлан Кеңесов пен Әсет Байсынов «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елде білім алған кадрлар болатын. Әкім ауысқан соң «болашақтардың» болашағы бұлыңғыр бола бастаған сияқты. Енді олардың орнын басатын келешек кадрлардың қандай боларын уақтысында көрерміз. Енді Астанаға ат ауыстырмаған кадрдың бірі аппарат басшысы Еркеғали Әлімқұловқа тоқталсақ. 

Жасыратыны жоқ, облыс әкімі аппаратының басшысы қызметі бұған дейін тек жергілікті кадрлардан тағайындалатын. Кадр болғанда да кез-келгені емес, әбден тіс қаққан, облыс әкімдігінің ыстық, суығын жақсы білетін кадрларға таңдау жасалатын. Бұл қызметті ұзақ жылдар атқарған Әуелхан Тұрғымбеков пен Бәйділдә Жылқышиев мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын сонау комсомолдан бастаған. Әкімдік қызметтің дәмін де екі-үш қайтара татты. Шыңдалды. Осы қалыптасқан дәстүрді Атамқұлов бұзып, аппаратын басқаруға отыздан енді асқан Еркеғали Әлімқұловты  Астанадан алдыртты. Оңтүстіктің тумасы демесеңіз, аудан түгілі ауыл әкімі де болып көрмеген Еркеғали Әлімқұлов бұл қызметті қаншалықты алып кете алды? Әрине, бұған бағаны беретін біз емес. Бірақ сөздің райы келгенде айта кетейік, Атамқұлов жылы орнын суытқан соң Әлімқұловтан да маза кетті дейді білетіндер. Көштен қалып кеткендей күйі кешіп жүргенге ұқсайды. Е.Әлімқұлов Астанаға кеткен көшті қуып жете ме, әлде қызметін жалғастыра бере ме, мұны енді уақыттың төрелігіне тапсырдық. Дегенмен Түймебаевтың қасына атан түйедей тірліктерді тындыру үшін облыстық «ішкі кухнясын»түймедей  жағдайларға дейін жақсы білетін Әуелхан Тұрғымбеков сияқты басшылар керек-ақ. 

Әбдірахымов бес жыл әкім бола алмайды-ау...

Апта басында Жансейіт Түймебаев  Шымкент қаласы әкімдігінің активімен кездесті. Осы жиында облыс басшысы Шымкентті мегаполиске айналдыру жөнінде Елбасының берген тапсырмасын тағы бір қадап айтып, Ғабидолла Әбдірахымовтың командасына бірқатар міндеттер жүктеді. Облыс әкімдігінің ресми сайтында  жарияланған ақпаратқа қарағанда жиында Ғ.Әбдірахымов облыс басшысына Шымкенттің 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын таныстырған. Былтыр мәслихат депутаттары арасында қызу пікірталаспен қабылданған тұжырымдамаға Ж.Түймебаевтың қандай баға бергені жөнінде ләм-мим деген мәлімет жоқ. 

Шымкент Астана, Алматыдан кейінгі үшінші мегаполиске айналып жатқан қала. Бірақ оның мәртебесі әлі Алматы, Астанамен теңесе қойған жоқ. Шымкент сол баяғыша облысқа бағынышты қала. Қала әкімін облыс әкімі тағайындайды,қала әкімі  облысқа есеп береді.  Уақтысында облыстың әкіміне бағынбаған, бағынғысы келмеген әкімдердің де болғанын білеміз. Бұған облыс әкімі Абдуллаев пен қала әкімі Ізбасқановтың, Сапарбаев пен Бекжігітовтың арасындағы текетіресті айтсақ да жеткілікті. Атамқұлов пен Әбдірахымовтың арасында мұндай қайшылық болған жоқ. Дегенмен Президент әкімшілігіндегі лауазымды қызметтен келген Әбдірахымовтың Шымкентті басқаруға өзіндік идеямен, өзіндік ұстаныммен келгені байқалды. Әбдірахымовтың амбициясы туралы да шенеуніктер арасында қилы әңгімелер айтылады. Осы әңгімелердің растығын білдіре ме, әйтеуір Әбдірахымовтың Атамқұлов төрағалық еткен жиындардан төбе көрсете бермейтіні рас. Көбіне орынбасарларын жібереді.   Бәлкім үшінші мегаполиске айналып жатқан қаланы  басқарған әкімнің осындай салмағы ауыр саясаткер болғаны да дұрыс шығар дейсің. Дегенмен Мырзахметовтың тұсында бастау алған, елді ынтымақ пен бірліке шақыратын «Ырыс алды ынтымақ» жиынына  барлық аудан, қала әкімдерінің ішінде тек Әбдірахымовтың келмегені көпшіліктің арасында әжептәуір пікір туғызғанын мойындау керек шығар. Елдің ынтамағына, бірлігіне келгенде осындай алабөтен мінез таныту, ерекшелену қаншалықты қисынды еді? «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деген қайбір жақсы сөз дейсіз? 

Жуырда облыстық мәслихатта Әбдірахымовтың өзі имиджімді  әжептәуір көтеріп тастады деп жүрген  веложобасын депутаттар сынап тастағаны мәлім. «Шымкентсити» қалашығының құрылысы басталмай жатып, осы жобаға жауапты құрылыс бөлімінің басшысы істі болды. Жуырда қаланың бас сәулетшісі парамен ұсталды. Осындай сәтсіздіктер Шымкентті Лас Вегасқа айналдыру жобасына өз әсерін тигізгені айдан анық. Түймебаевтың тұсында бұл жобаның тағдыры қалай болады?  Әйтеуір Әбдірахымов үшін қиын кезең басталған сияқты. Шымкенттің әкімін жолайырықта тұр десек те болады. Атамқұлов қызметтен кеткен жағдайда оның орнын басуы мүмкін ең ықтимал кандидаттардың көшбасында көбіне Әбдірахымовтың аты аталатын. Бұл мүмкіндікті Шымкенттің әкімі мүлт жіберді. Енді оның қашан айналып келері бір Аллаға ғана аян. Өзінің Шымкенттегі ғаламат жобаларын жүзеге асыруды бастаған тұста Әбдірахымов  халыққа «егер жоба жүзеге аспаса, бес жылдан кейін қызметімнен кетемін» деген еді. Егер Әбдірахымов Шымкенті бақандай бес жыл басқарса, онда ол тарихта қаланы ең ұзақ басқарған әкім ретінде қалар еді. Бес жыл түгілі бір жарым жылда жағдай күрт өзгерді. Бес жылдан кейін кімнің қай төбеде отырарын да бір Алла біледі. Ұзынқұлақтан жеткен әңгімелерге қарағанда бір мүмкіндікті жіберіп алып, «настроениесі» түсіп кеткен әкім енді Астанадағы ат ауыстырып немесе көрші облыстың тізгінін алуды жоспарлап жүргенге ұқсайды. Кім біледі? Қарапайым халық үшін Әбдірахымовтың ауысып кетпегені тиімді. Қайбір жолы Әбдірахымовтың қалалық мешіттегі жұма намазына қатысып дүйім жұртқа «2018 жылға дейін қаланың барлық коммуналдық мәселесін шешіп беремін» дегені бар еді. Алланың үйінде тұрып берген уәдесін әкім ұмытпайтын шығар деген үміттеміз. 

Тұрбеков - сәтсіз тағайындау еді...  

Атамқұлов облысты басқарған бір жылдан астам уақыт ішінде екі кадрды аудан, қала әкімдерінің командасына әкеліп қосыпты. Солардың бірі Арман Абдулаев болатын. Шардараның әкімінің басынан нендей оқиғаларды өткені жалпақ жұртқа белгілі. Осы оқиғаның бел ортасында болған облыстық мәслихаттың хатшысы Қамытбек Айтөреев қызметінен кетті. Арман Абдуллаевтың да жылы орнымен қоштасатыны жөнінде әңгіме тарап еді. Алайда Атамқұлов өзі тағайындаған кадрдың мәселесін шешуді Түймебаевтың өз қалауына қалдырып кетті. Обалы не керек, Арман Абдуллаев Шардараны басқарған алты ай ішінде жаман жұмыс істемеген. Шардаралықтар солай дейді. Дегенмен жаңа әкім оның басынан өткен-кеткен оқиғаларын қайта қозғап, қызметінен айыруы мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайтын шығар. Егер осы сценарий жүзеге асса, Шардараға әкім болып баруы мүмкін екі азаматтың аты аталады. Оның алғашқысы Арысты біраз жыл басқарып, өзін іскер әкім ретінде танытқан Сейіт Ертай. С.Ертай сан салада тәжірибе жинақтаған кадр. Екі қалада әкімнің орынбасары, қала әкімі болған, облыс әкімінің аппаратында жұмыс істеген,  қазіргі уақытта оеы облыс әкімінің кеңесшісі етіп ұстау жүгіріп жүрген баланы күштеп құндақтап қоюмен бірдей десек құлаққа қонатын шығар.  Сондай-ақ, бұл кресло Мақтарал ауданын бір жыл басқарып, ойда-жоқта қызметінен кеткен Жамантай Бейсенбаевтың датақиясына тар келе қоймас. Ж.Бейсенбаев халқының саны жағынан кішігірім облыстармен теңесетін Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары қызметін ұзақ жыл атқарған, әкімдік қызметтің қыр-сырына қанық кадр. 

Атамқұловтың тұсында жасалған ең сәтсіз әрі жұрттың наразылығын тудыраған тағайындау Серік Тұрбековке қатысты жасалды. Мақтарал ауданының әкімі қызметін ұзақ жыл атқарған әкім жергілікті шаруалардың аманатына қиянат жасап, ақыры осындай теріс қылығы сотта дәлелденгенін біз бұған дейін де жазғанбыз. Сол Тұрбеков биыл ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып тағайындалғанда мақтаралдық шаруалар тағы бір шу ете қалды. Жуырда редакцияға мақта шаруашылығында улы химикаттардан бас тартып, биоәдісті қолдану туралы бастама көтеріп, осы бастамасын С.Тұрбековтың қарсылығына қарамастан жүзеге асырған Елемес Сабыров ақсақал келді. Қарияның айтуынша, биоәдіске берілетін субсидияны екі бөліп беру туралы ұсынысқа С.Тұрбековтың қырын қарап, тіпті облыс басшыларының да тапсырмасын орындамай жүрген көрінеді. Шаруаларды қолдап қорғаудың орнына қайта тиімді ұсыныстарына кедергі жасайтын басшы ауыл шаруашылығын қалай дамытады?

Атамқұлов алып келген басқарма басшысының бірі Нұрболат Ахметжанов облыстық мәдениет қызметкерлерімен тіл табыса алмай жатқаны болашақта үлкен жанжал болуы мүмкін. Мәдениет басқармасының басшысы қызметіне келген бойда Әдет-ғұрып, салт-дәстүр орталығының басшысын босатып орнына артында шуы көп адамды әкелді. Мұндағы жасап жүрген тірліктері келешекте  «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген болып шықпасына кім кепіл? Басқармаға қарасты филармония басшысы, танымал әнші-ұстаз Әбдіхан Нұрмағанбетов те ойда-жоқта қызметімен қош айтысты. Ендігі кезек опера және балет театры, «Түркістан» сарайы, «Оңтүстікфильм» басшыларына тәртіптік шара көрумен басталған секілді.   Жазықсыз жапа шектік, қызметімізден айырылдық деген азаматтар уақтысында Мәжіліс депутаты болған азаматты араға салып, үлкен кеңселерді жағалап, арыз айтып жүргенге ұқсайды. Бұдан кейін Н.Ахметжановты ұжымның береке-бірлігін ойлайтын басшы деуге бола ма?   Жуырда өткен «Арыс жағасында» ретро фестивалі екі ай кешігіп өткені былай тұрсын, өз деңгейінде ұйымдастырылмағаны зиялы қауым арасында аз айтылған жоқ. Тіпті әлеуметтік желіде бұрынғы басқарма басшысы Күлия Айдарбекованың жоғы білініп қалды деп те жазылды.  Мұхтар Шаханов, Исраил Сапарбаев, Көпен Әмірбек сынды майталанмандар қазылық еткен байқауда сахна төрінде қара нәсілділер сайран салғанда «Шәмшінің әндеріне деген сағынышты басатын ретро-фестивалдың сиқы осы ма?» деген әңгімелер талғампаз көрермен тарапынан орынды айтылды. Алматы, Астанадан келген  даңқы дардай зиялы қауымның айтқан сыны алдымен облыстың басшысына тиетіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан қай салада болмасын, қандай кадр таңдауда болмасын, кадр тағайындауда облыс басшысы таразының екінші басында абыройдың да тұрғанын ұмытпағаны абзал дер едік. 

Жәнібек Тархан,

Мұрағаттан, 2016 ж

Әкімді ел ішінен емес елшіліктен іздеу кадрлық кризис пе?
Су ішкен құдығыңа түкірме, Блэр!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу