Заң біреу, төрелік екеу. Бірдей қылмыстық іске әртүрлі үкім шығару қай сасқандық?
Білім саласынан қаржы жымқыру бүгінде ең оңай әрі кең тараған қылмысқа айналды. Былтыр Жетісу облысы елді шулатып еді, биыл Түркістан облысында бірқатар аудандарда білім бөлімі басшыларына, есепшілерге үкім оқылды (бұл үкімнің қаншалықты әділ болғанын, сотталушылардың кінәсінің қаншалықты дәлелденгені туралы «Рейтинг» газетінде бірнеше дүркін жаздық). Міне, жемқорлыққа былыққан өңірлердің қатарын Шымкент қаласы да толықтырып жатыр.
Бірақ үшінші мегаполистегі «бухгалтерлер ісінің» өзіндік ерекшелігі бар.
Жақында Шымқалада мынандай бір таңданарлық қылмыстық іс қаралды. Алдымен кішкене шегініс жасайық. Былтыр қазан айында Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында №133 мектептің бас есепшісі У.Дадабеков деген азаматтың ісі қаралады. Қылмыстық істің мән-жайы бойынша, есепші 2022 жылдың шілде және тамыз айлар аралығына, өзіне еңбекақысына негізсіз 2,6 млн теңгені аударып жіберген ғой. Сот барысында ол өзіне тағылған айыпты бұлтарусыз мойындайды. Ішкен-жеген ақшаларын толық көлемде құйып берген. Сот оған 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайды. Бір қайран қаларлығы, үкімге қарағанда, бұл іс бойынша ешқандай куәгерден жауап алынбаған. Тексеру қорытындысы мен сотталушының жеке мойындауынан басқа ештеңе жоқ.
Енді қараңыз, биыл Дадабековтің ісін аталған сот қайта қарайды. Себебі, құзырлы органдар білім ұясындағы қаржы жымқыруға мектеп директорының да қатысы барын «ұмытып» кеткен екен. Ол, ол ма, тіпті қалтаға кеткен қаржының көлемі 2,6 миллион емес, 71 миллион теңгеден асатыны анықталады. Бір мектептен осыншама ақшаның жымқырылып жатқанын жылдар бойы ешкім білмеген. Бас есепші бюджеттің қаражатын жеп, оны директормен бөліскен, бұдан бөлек мектептегі мұғалімдердің де қазына қаражатының қызығын көруіне жағдай жасап берген.
Шым-шытырық істі аздап тарқата кетейік. Сот үкіміне қарағанда, Дадабеков аталған білім ұясының бас есепшісі лауазамына 2021 жылы тағайындалған. Ол еңбекақыдан қаражат жеуді 2022 жылдың ақпаны мен 2024 жылдың шілдесі аралығында жасаған. Яғни, Қаңтар оқиғасынан кейін жарияланған «Жаңа Қазақстанды» сыбайлас жемқорлықпен, қаржы жымқырумен бастаған болып тұр ғой. Есепші баяғы үйреншікті тәсілмен жұмыс істеген: мұғалімдердің жалақысына артық ақша аударып жібереді, осыдан кейін есепшотына ойламаған жерден мол ақша түсіп, мәз болып жүрген мұғалімдерге «аудару кезінде қате кетті» деген сылтаумен кері қайтарып алады. Дәлірегі мұғалімдер арқылы «артық ақшаны» өзінің және осы мектепте жұмыс істейтін қарындасының, жұбайының, балдызының есепшоттарына аудартып отырған. Кейін қолма-қол ақшаны мектеп директоры А.Байдосова екеуі бөліскен. Алайда бас есепші мен директордың жасаған сценарийі барлық уақытта сәтті іске аспағанға ұқсайды. Тергеу кезінде анықталған мән-жайларға қарағанда, жалпы жымқырылған қаражаттың көлемі 71 625 356 теңгені құраған. Оның 34 674 000 теңгесін бухгалтер мен директор мұғалімдердің есепшоттары арқылы жеген. Ал 39 551 356 теңгені мұғалімдер өз қажеттіліктеріне жұмсап жіберген. Қазіргі уақытта оның 19 768 224 теңгесін ұстаздар төлеп берсе, қалған жалпы 54 671 176 теңге әлі өтелмеген.
Сотта бас есепші бұл жолы да өзіне тағылған айыптарды бұлтарусыз мойындаған. Оның айтуынша, қаржы жымқырудың бәрін мектеп директорымен келісе отырып жасаған. Мұғалімдердің аударған қаражаттарын директорға қолма-қол апарып беріп отырған. Ал мектеп директоры А.Байдосова керісінше, ештеңені мойындамаған. Ол мектептегі қаржы махинацияларын 2024 жылдың тамызында, білім ұясына журналистер келіп, айлық-жалақыға қатысты у-шу болған кезде білгенін алға тартыпты. Алайда директордың бәрін баяғыдан білгеніне ешқандай күмән жоқ сияқты. Бұл мектеп мұғалімдерінің берген жауаптарымен және жасырын тергеу әрекеттері арқылы дәлелденген.
Айтпақшы, директор Байдосоваға пара алды деген де айып тағылған. Үкімге қарағанда, 2022 жылы директор бала күтіміне байланысты декреттік демалыста болған информатика пәнінің мұғалімінен мерзімінен бұрын қызметіне кірісуі үшін 150 000 теңге сұрап, оны оқу ісі жөніндегі орынбасары арқылы алған екен. Осыдан үш жылға жуық бұрын болған оқиғаның неге енді әшкереленгені түсініксіздеу.
Сот үкімімен бас есепші Ұ.Дадабеков Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танылып, оған алдыңғы үкімдегі жазаларды қоса отырып, түпкілікті 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Мектеп директоры да қаржы жымқыру, пара алу баптары бойынша сегіз жылға бас бостандығына айыруға сотталды. Үкім әлі күшіне енбеген. Сотталушы тарап оған апелляциялық шағым беріп жатыр.
Осы жерде мына бір жәйтқа тоқтала кетейік. Былтыр мамырда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Б.Момышұлы атындағы № 44 орта мектебінің директоры А.Шокибасовқа, бас есепшісі А.Калдарбековаға және директордың шаруашылық бойынша орынбасары М.Махамбетжановаға үкім шығарған. Мектеп директоры А.Шокибасов өзінің ЭЦҚ кілтін бас есепші А.Калдарбековаға қолхатпен тапсырып, ал ол бюджет қаржысын аса ірі мөлшерде өзі және М.Махамбетжановамен алдын ала сөз байласу арқылы талан-таражға салған. Сот үкімімен А.Калдарбекова мен М.Махамбетжанова Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен (сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иеленіп алу немесе талан-таражға салу) 8 және 7 жылға бас бостандықтарынан айырылып, мектеп директоры А.Шокибасовқа 371-баптың 2-бөлігімен (абайсызда ауыр зардаптарға әкеліп соққан салғырттық) айыппұл жазасы тағайындалған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастамасымен бюджет қаржысын жымқыру қылмыстарының алдын алу мақсатында, аталған үкімнің жариялануына Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты барлық мектепке дейінгі және орта білім беру мектептері директорлары, орынбасарлары мен бас есепшілері, қатардағы есепшілері қатыстырылған. Үкімді тыңдаушылардың қатарында №133 мектептің директоры А.Байдосова да болған екен. Яғни, директор әріптестерінің басындағы жағдайдан сабақ алмаған болып тұр ғой. Әлде антикордың жемқорлықтың алдын алу бағытындағы әдіс-тәсілі нәтиже бермеді ме? Сіз қалай ойлайсыз?
P.S. №44 мектеп басшыларына шығарылған үкімге қарағанда, есепші мен орынбасарға қаржы жымқыру бабы, ал оған ЭЦҚ кілтін берген директор салғырттық бабымен сотталған. Ал биыл Түркістан облысында есепшілерге ЭЦҚ кілтін берген білім бөлімінің басшылары қаржы жымқыру бабымен айыпталып, жазаның ең ауырын арқалады. Неге? Заң біреу, бірақ төрелік неге екі түрлі?
Соттардың бірдей істер бойынша әртүрлі үкім шығаруы нені білдіреді?
«Рейтинг» газеті, 4 маусым 2025 жыл.