Бір жылда 1,7 млн қазақстандық тұрғылықты жерін ауыстырған
Ішкі көші-қон – үздіксіз жүріп жатқан процесс. Ауылдан қалаға, қаладан қалаға, басқа облысқа, қала берді Астана мен Алматыға.... әйтеуір бұл көш тоқтар емес. Былтыр елімізде 1 700 000-ге жуық адам тұрғылықты жерінің мекен-жайын ауыстырып үлгеріпті, деп жазады Оinet.kz тілшісі.

Бұл барлығы бір өңірден екінші өңірге көшті деген сөз емес. Көбінесе бір қаланың, бір өңірдің ішіндегі мекен-жайлардың ауысуы меңзеледі.
Дегенмен, соңғы жылдарда байқалған тенденция, ел азаматтары ауылын тастап, облыс орталығына емес, бірден Алматы, Астана мен Шымкент қалаларына тартатын болыпты. Урбанизацияның қарқыны барған сайын артып отыруының белгісі. Былтырғы есепте Қазақстанда ауыл тұрғындарының саны тағы 130 мыңға жуық азайғаны көрсетілген.
Бұл ретте Астана шаһары алдына жан салмай тұр. Бір жылда Елордаға 87 мың адам көшіп келіпті. Алматының тартымдылығы бұрынғыдай емес – 33 мыңнан астам азамат еліміздің ең ірі мегаполисін таңдаған. Үздік үштікті Шымкент қорытындылап тұр – 15 100 көшіп келуші.
Ал енді қай өңірлерден халық көптеп кетіп жатқанына тоқталайық. Түркістан облысынан бір жылдың өзінде 42 600-ға жуық адам көшіп кеткен екен. Әлбетте, көбісі Шымкент қаласын таңдаған. Жамбыл облысын 21 200, Жетісу өңірін 13 мыңнан астам адам тастап кеткен.
Бір жыл бұрын елдегі қала тұрғындарының үлесі жалпы халықтың 62 пайызын құраған болса, биыл 64 пайызға жуықтаған екен. Демографтардың есебінше, 2050 жылы халықтың 70 пайызы қалаларда шоғырланбақ екен. Салыстыру үшін - қазіргі таңда қалалану деңгейі АҚШ-та – 82,5, Германияда – 77,4, Жапонияда – 91,7, Ұлыбританияда – 83,7, Францияда – 80,7, Италияда 70,7 пайызды құрайды.


