Рахмат Мүсірәлиев: «Дәрігер мен пациент бір-біріне көмектесуі керек»

Oinet.kz 23-12-2017 773

Screenshot_9.jpg

Рахмат Мүсірәлиев, №4 Шымкент қалалық емханасының бас дәрігері

– Рахмат Арынұлы, денсаулық сақтау саласында жұмыс істеп келе жатқаныныңзға қанша жыл болды?

– 31 жыл болып қалды. 1986 жылы Белоруссияның Минск мемлекеттік медицина институтын емдеу ісі мамандығы бойынша бітірдім. Содан кейін елге оралып, Фосфоршылар медициналық бөлімінің базасында терапия мамандығы бойынша интернатурадан өттім. Ол қазіргі ел азуында Фосфоршылар ауруханасы атанып кеткен Шымкент қалалық көпсалалы ауруханасы болатын. Сосын 1987 жылдың күзінде, дәлірек айтқанда қыркүйек айында Қазығұрт ауданының Шарбұлақ ауылындағы селолық дәрігерлік амбулаторияға терапевт болып бардым. Бірақ, ол жерде 9 айдай ғана уақыт міндетімді атқардым. 1988 жылдың наурызында сол Қазығұрт ауданының Қызылтаң елді мекеніндегі селолық учаскелік ауруханаға бас дәрігер болып ауыстым. Он жыл сол ауылда бас дәрігер болып істедім. Сосын Қазығұрт аудандық медицина бірлестігіне бас дәрігер болып тағайындалдым. Арада екі жыл өткен соң сол аудандағы Жедел медициналық көмек көрсету стансасына басшылық жасадым. 2002 жылы Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету стансасының бас дәрігері болдым. Ол кезде «скорый» қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарайтын. 2005 жылдың жазында №5 Шымкент қалалық емханасының бас дәрігері қызметіне ауыстым. 2007 жылы облыстық клиникалық ауруханасында, сосын медициналық қызмет сапасын қадағалау комитетінде істедім. 2008 жылы Сайрам аудандық медицина бірлестігіне бас дәрігердің орынбасары болып бардым. Онда тура бір жыл қызмет атқардым. Сосын облыс орталығының Қайтпас шағынауданындағы  қазіргі №10 Шымкент қалалық емханасына бас дәрігер лауазымына тағайындалдым. 2011 жылдан бері осы №4 Шымкент қалалық емханасының бас дәрігерімін.

–  Жұмыс өтіліңізге қарап, емдеу ісінен гөрі ұйымдастыру жұмыстарына көбірек атсалысқаныңызды аңғару қиын емес. Десек те медицина саласын басшы болам деп таңдамаған шығарсыз. Дәрігер болуыңызға кім ықпал етті?

–  Ең үлкен ағам дәрігер. Қазір зейнеткер. Біздің ауылдан Қарағанды медицина иститутына бірінші болып оқуға түскен сол кісі, 1966 жылы. Оған дейін ауылымыздан дәрігерлік оқуға түскен не дәрігер болған ешкім жоқ. Басқа саладағы мамандардың бәрі де бар. Сол ағамның мамандығы бізді де қызықтырды. Біз дейтінім, одан кейінгі ағам да денсаулық сақтау саласын таңдап, Ленгірдегі медициналық училищені бітірді. Ауылда 42 жыл фельдшер болып істеді. Бүгінде ол да зейнеткер. Оның әйелі Қызылтаңда акушер болып еңбек етті, екі жарым мыңдай баланың кіндік шешесі. Үшінші ағам да дәрігер. Қазір Қазығұрт патроанатом болып істейді. Оның үйіндегі жеңгем де акушер-гинеколог. Одан кейін мен дәрігер болдым. Бірақ, менен соңымнан ерген інім медицинаны таңдаған жоқ.

– Сіз еліктейтін мамандар әулетіңізде баршылық екен. Тіпті сіздерді дәрігерлер әулеті деуге де болатын сияқты. «Үлкен ағам Қарағандыда дәрігерлікті оқыған ауылымыздың алғашқы адамы» деп отырсыз. Өзіңіз де Қызылтаңнан барып, Минск медицина институтын бітірген тұңғыш дәрігер шығарсыз...

– Минскіге қалай бардыңыз дейсіз ғой... Негізі мен де Қарағанды мемлекеттік медицина институтына оқуға түскенмін. Үшінші курсқа дейін Қарағандыда оқыдым. Сол кезде жоғары оқу орындарының арасында тәжірибе алмасу деген болатын. Жылда екі-үш студент конкурс арқылы Ресей астанасы Мәскеуге, Белоруссия астанасы Минскіде, Украина астанасы Киевке барып оқуын жалғастыратын.  Негізі мен конкурста Киевке жолдама ұтып алған болатынмын. Деканымыз Коваленко деген кісі кетерден екі апта бұрын мені шақырып алып, маған «Минскіге барасың» деді. Сөйтсем, бізде екінші топта оқитын өзінің қызы Наталияны Киевке жібергісі келген екен. Не керек, мен келіскім келмесе де ауыстырды ғой. 1983 жылы Белоруссияға кеттім. Бір жылдан кейін... Бір күні жатақханада едім, есік қағылды. Ашсам, деканымыз Коваленко келіп тұр. Қызын Минскіге ауыстырыпты. Содан Наталия екеуміз бесінші курсты бірге оқыдық. Бірақ, ол алтыншы курста Мәскеуге ауысып кетті. Коваленконың өзі де Ресей астанасына кеткен.

Белорусьтар 33 жыл бұрын жүрекке ота жасайтын

– Сіздер студент атанған кезден бастап «Дәрігер антын» жаттап өскен мамансыздар ғой. Практикаларыңызда емдеу ісіне де араласасыздар. Сол Микскіде өткен үш жылыңызда белорусьтардың медицинасының ортасында болғаныңыз анық. Айтыңызшы, сол кезде Қазақстандағы медицинамен Белоруссияның денсаулық сақтау саласында айырмашылықтар бар ма еді?

– Оқу жағынан алғанда бағдарламамыз Одақта баршаға бірдей болатын. Ал, медицина жағына келсек, мен оқып жүріп неокардиологияда мейіргер болып істедім. Сол кездің өзінде олар жүрекке стендтеу, шунттау оталарын жасайтын. Қазақстанда ондай оталар 2000 жылы жасала бастады. Ота жасалған науқас екі-үш күн жансақтау бөлімінде жатады. Одан кейін инсентивті терапия бөліміне ауыстырылып, палатаға шығарылады. Бір палатаға бір мейіргер бекітіп қоятын. Сонда Шот деген профессор болды. Біз оның екі-үш отасына қатыстық. Сол жылдары ол жүрек қалқаншаларын ауыстырумен айналысатын. Ара-арасында бүйректі де ауыстыратын. Солай медицинасы дамыған Белоруссияға Германиядан, тіпті Израильден де адамдар келіп, ота жасататын. Оның екі себебі бар. Біріншісі – мамандар мықты, өз ісіне машықтанғандар. Екіншісі – арзан. Мысалы, аяқ буынын протездеу отасы Германияда 20 мың еуро болса, Беларуссияда 7-8 мың... Былтыр барып келдім, сол институтты бітіргенімізге 30 жыл толуына байланысты басқосуға. Қаласы былай тұрсын, ауылында да медицина қатты дамып кеткен. Халқының менталитеті де өзгеше. Қазаққа ұқсастығы да бар.  

– Медицинасы озық Минксінің институтын емдеу ісі бойынша тәмамдағаныңызбен көп жылғы басшылық тәжірибеңіз өз мамандығыңыз бойынша жұмыс істеуге кедергі келтіріп жүрген жоқ па? Белоруссияда оталарға кірген болсаңыз, елге келгеннен кейін де оталарға қатысқан шығарсыз?

– Минскідегі мединститутта конкурс үлкен. Талап та жоғары. Емдеу ісі болғаннан кейін 6-курстан кейін терапевт, хирург, акушер-гинеколог деп үш салаға бөледі. Қазақстаннан келгенімізді білген соң бізден хирург шығармады, акушер-гинекологқа алмады. Тек жалпы терапия бойынша даярлады, солай терапевт болып кеттік. Дегенмен, хирург болу үшін де қарым-қабілет керек. Мен өзімді ондаймын деп айта алмаймын. «Көтере алмайтын шоқпарды белге байламас болар». Бірақ, терапияны таңдағаныма өкінген емеспін. Ауылда он жыл істеген кезімде өз мамандығым бойынша емдеу ісін жүргіздім. Адам қарадым. Кейін ауданға келгеннен кейін бірте-бірте қол үзе бастадық. Бірақ, бұл өз саласын білмейді деген сөз емес. Тек емдеу ісімен айналысып жүрген жоқпын.

–  Қазіргі өзіңіз жетекшілік ететін емхана қанша адамға қызмет көрсетеді?

– Біз – 66 дәрігер, жалпы мейіргерлерді, басқасын қоса алғанда 232 адам 45 мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсетеді. Оның 32 мыңы ересектер, қалғаны кәмелет жасына дейінгі азаматтар. Ең алыс елді мекеніміз – Сәуле шағынауданы, бұл жерден 9 шақырым жерде орналасқан. Қалғандары осы маңның тұрғындары.  14 терапиялық, 14 педиатриялық учаскеміз бар...

– Жыл сайын қыркүйектің ортасынан бастап, екі айлық мерзімде елімізде емханаларға тіркелу дәстүрлі шарасы өтеді. Биыл мұны алғаш рет «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» жүргізді. Нәтижесінде бұрынғыларға қарағанда бұл жолы белсенділік танытқан 300 мыңдай тұрғынның басым бөлігі жекеменшік клиникаларды таңдапты. Оның ішінде шымкенттіктер де бар. Бұл нені білдіреді, жекеменшік клиникалардың қызмет көрсету сапасының жоғарылығын ба, әлде?..

– Ойыңызды түсіндім. 15 қараша күні Тұрғындарды тіркеу порталындағы біздің емханаға тіркелгендердің саны 45740 адамды құрады. Алайда, 31-желтоқсанда бізден кетеді деген 2000 адамға қызмет көрсету-көрсетпеуіміз басы ашық сұрақ күйінде қалып отыр. Олардың тізімі бар, тұсына жазып қойылған, қайсысының қай клиникаға кететіні. Сол бойынша үй-үйді аралап шықсақ, басқа емханаға ауысатынынан сол адамдардың өздері де хабарсыз екен. «Мен ол жекеменшік клиникаға ауысу, тіркеуге алу туралы өтініш, арыз берген жоқпын» деп тұр. «Оларға тіркеу туралы арыз жазбасаңыз, қалай сізді тіркеді?» деп сұрасақ, «Білмеймін» дейді. Біздің қазір мынадай күмәніміз бар: жеке куәлігінің көшірмесін алып, өздері арыз жазып, Республикалық жұмыспен қамту орталығы не Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы өздеріне тартып алып отыр. 2000 адамның ішіндегі 20-30-ы жұмыс орны арқылы ұжымдық клиника есебінде таңдаған екен. Оларға жұмыс орны төлейді ғой. Ал, қалғандары жаңа жылдан бастап бізден кететін болса, оларға алғашқы медициналық көмектен басқа ешқандай дәрігерлік көмек көрсете алмаймыз. Болмаса оларды арыздарын қайта жаздыртып, қайтадан өзімізге тіркеуге алуымыз керек. Мысалға айтар болсақ, сол тізімде көрсетілген жекеменшік клиниканың бірі қаланың ана жақ бетінде, бұл маңнан 13-14 шақырым жерде. Бұл – бір. Екіншіден, олар жүкті әйелді қарамайды екен. Бір отбасыдан 20 жас пен 50-дің арасындағы адамды тіркеп алған. Бұл аралықтағы азаматтар аздау сырқаттанады. Ал, зейнет жасындағы немесе жүкті әйел, диспансерлік есепте тұрған адамдарды алмаған. Кеткен кісілерге түсіндіріп айтып жатырмыз, «Ертең сіз шақырсаңыз, біз бармаймыз. Дәрігерлік анықтама сұрасаңыз, бермейміз. Отбасыңызда біреу жұқпалы ауруға шалдығатын болса, оны назарымызға, қадағалауымызға алмаймыз. Жүкті болып қалсаңыз, тіркемейміз» деп. Бұл бізден кетіп қалдыңыз деп ерегісу емес, әрине, заңда солай көрсетілген. Мұндай жағдай былтыр да болған. Жүкті болып қалса, бізге жібереді. Бірақ оны жекеменшік клиникалардың ешқайсысы да мойындамайды.

Дәрігер мен пациент бір-біріне көмектесуі керек

– Кез келген мәселенің шешімі бар ғой. Мұны қалай реттеу керек деп ойлайсыз?

– Оны Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры халыққа дұрыстап, жан-жақты ашып көрсетіп түсіндіруі керек. Онсыз да тұрғындардың арасында жекеменшік клиникаға ауысқанының дұрыс емес екенін біліп, сезіп, қайтып келіп жатқандар аз емес. Жекеменшік клиникалармен де сөйлесіп көрдім. Сөйтсем олар «Біз ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз, өзі келген» дейді. Біздің көзіміздің жетпей тұрғаны да осы тұс. Олар келген адамдардың арызын бізге көрсетпейді. Сондықтан көңілде күмән көп. Екі ортада пациент зардап шегуі мүмкін. Ертең ол амбулаториялық тегін дәріні ала алмайды. Себебі тізімдегі жекеменшік клиникалардың ешқайсысы да тегін дәрі-дәрмекпен қамту тіркеліміне енбеген. Олардың тіпті «мынанша науқасымыз бар, соның мұншасына мынадай дәрі-дәрмек қажет» деген сұранысы да жоқ. Егер пациент инфарктке шалдықса, 6 айға дейін плавикс деген дәрі ішуі керек. Ондайда олар «Бізде ондай дәрі-дәрмекпен қамту қарастырылмаған, өзіңіз сатып алыңыз» деп шығарып салады. Сосын ол бізге келіп, қайта тіркеуге тұрады. Болмаса «Пәленбай жылдан бері сендерде тіркеуде тұрамын, маған дәрі жазып беріңдер» деп дау шығарады. Ондай нәрсе басымыздан өтіп жатыр. Бұл проблема тағы да қайталана береді...

– Қалай ойлайсыз, дәрігер пациентті іздеу керек пе, әлде пациент дәрідерді ме?

– Екі жақ та бір-біріне көмектесуі қажет. Негізі салауатты өмір салтын қалыптастыру, насихаттау, аурудың алдын алуға шақыру, жалпы профилактикалық жұмыстарды уақытылы жүргізу үшін дәрігер пациентті іздеуі тиіс. Ал, ауырса, пациент өзі-ақ дәрігерді іздеп келеді.   

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тұрғындардың өз денсаулықтарына жауапкершілігін арттырады деп жүрміз. Біз соған дайынбыз ба?

– Біз оған әлі дайын емеспіз. Халықтың дәрігерлерге деген дұрыс көзқарасын қалыптастырып, медициналық мәдениетін арттыру үшін әлі көп жұмыс істеуіміз керек. Адамдардың өздеріне деген көзқарасын өзгертпесе болмайды. МӘМС-ті ендіруді екі жылға шегергені соның бір ғана айғағы. Рас, медсақтандыру жұртты масылдықтан арылтады. Бірақ, 2020 жылға қалдырылды деп түсіндіру жұмыстарын тоқтатып қоймай, керісінше күшейту қажет. «Көш жүре түзеледі» ғой, әлі-ақ реттеліп кетеді меніңше.

– Бізге уақытыңызды арнап, ой бөліскеніңізге рақмет! «Диагноздың» оқырмандарына айтарыңыз бар ма?

– Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында сұқбаттасып отыр екенбіз. Осы орайлы сәтті тиімді пайдаланып, отандастарымды, медицина саласындағы әріптестерімді Қазақстанымыздың ұлық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!  Баршаңыздың дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызда табыс, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін!

Әңгімелескен Асылбек ҚҰНАНБАЙ

Құрсақтағы сәби не үшін шетінейді?
Гүлжазира Берікқызы: «Көз тию мен сөз тиюдің бары рас»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу