Иманәлі Байдәулет: "Бүгінгі зиялыларға мінез жетіспей жатқан сияқты"

Oinet.kz 07-08-2009 894

Screenshot_13.jpg

Иманәлі Оспанұлы Байдәулет: Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті клиникасының директоры әрі Қазақстан республикасы Денсаулық сақтау министрлігі еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар Ұлттық орталығы Оңтүстік Қазақстан филиалының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор. 

Иманәлі мырза, Сізді газет-журнал жағына, кітап мәселесіне жақындау деп естиміз. Өзіңізге белгілі, зиялылық жайында жиі жазылып, жиі айтылады. Осы зиялылыққа байланысты ой-пікірлеріңіз қандай? Кейде «қазіргі кезде нағыз зиялылар жоқ» дегендей топшылаулар да қылаң беріп қалады емес пе?

- Зиялылықтың әзелдегі, әріректегі түп қазығы туралы ойға берілгенде, ардақты Алаш қайраткерлерінің жан-жақтылығы, сөздері мен істерінің, арман-аңсарларының үйлесуі, ұлттың, халықтың қамы, ұрпақтар болашағы үшін өз бастарын құрбандыққа қия білген қайсарлықтары қайран қалдырады. Бұл - өзгешелеу әңгіме. Шүкіршілік, тәуелсіздік алғалы біршама баян етіліп жатыр. Бірақ әлі де тереңдей түспек ләзім. Зиялылық дегенде, менің көз алдыма Ғабит Мүсірепов жиі-жиі келе береді. Ол кісінің түр-тұрпатын тек суреттерден, сирек фильмдерден көремін. Алайда, соның өзінде бәрі білініп, аңғарылып тұрады. Романдары мен повестерін, әңгімелерін оқысаң, одан сайын беріле түсесің. Қысқа-нұсқа ой түйіндері мақал-мәтелдерге бергісіз. Әсіресе, отыз жетінші жылдардың қанқұйлы зобалаңы кезінде: «Бейімбет халық жауы болса, мен де жаумын», дегеніне қалайша таңырқамайсың?!

Біздің заманымыздың зиялылары көп. «Зиялылар жоқ» деген пікір -ұшқары пікір, сыңаржақ тұжырым. Рас, бүгінгі білімді, білікті зиялыларда нағыз зиялыларға тән айрықша мінез жетіспейтін сияқты. Ірі, кесек мінездің мүлде ойсырап жататыны рас, өкінішке қарай. Ал, мінез дегеніміз - адамның рухани жан-дүниесінің айқын көрсеткіші. Айнасы десек те болады. Мінез жоқ жерден опасыздық, сатқындық, көрсеқызарлық, екіжүзділік сияқты нәрселер балалай береді. Байқайсыз ба, қазір айтулы азаматқа газеттердің бетінде «қара пиар» басталса, «бұларың ұят болады, ол дұрыс адам ғой» деген пікірді ешкім айтпайды. Бәлесінен аулақ деп қорқады. Әлгі белгілі кісінің дұрыс адам екенін біле тұра үндемейді. Ауданға, облысқа, өңірге, қалаға жаңа басшы келсе, алыпқашпа сөз гулейді, өсек қаптайды, бірін-бірі сырттай жамандау, пікір тудыру белең алады. Бұл зиялылықтың кей тұстарда жүдеп-жадағанын байқатады. Зейнеткерлікке талай жылдар бұрын шығып кетіп, «ел ағалары» болып жүргендерден де, «ел тізгінін» ұстап, «майлы-сайлы» салаларды басқарып жүргендерден де теріс пікір тудыратындар табылып жататыны жасырын емес. Қайбір жылдары қайбір басшының: «Құшақтап тұрып-ақ пышақтап кетпек пиғылдары барлар көбейіп барады», дегені есімізде.

Тамақ тоқ, көйлек көк дейтіндей-ақ кезеңде емеспіз бе? Сонда да кесек мінез кемшін. Сондықтан бірінші кезекте руханият құндылықтары мәселесімен мықтап айналысу керек. Мақтаулы Америка Құрама Штаттарына тек біржақты еліктеп-солықтаудан келер пайда шамалы. Тіпті сол елдің сорына қарай, озық технологиялары мен компьютерлендірудің зияны басым болуда. Бүгінде американдықтардың көбі компьютердің көгіне шыққанымен, қарапайым арифметикалық амалдарды (қосу, көбейту, алу, бөлу) білмейтін, сөйлем құрай алмайтын сауатсыздыққа ұрынуда. Бізде де әлгі әулекілікпен еліктеу, бейнеөнімдерді талғамсыз қылғыта беру, баспасөздің бейбастақтығы ұлтымыздың мінез-құлқын, психологиясын өзгертіп жіберді. Зиялылық туралы ұғымның өзі шатасыңқырап, зиялылардың шаршаңқырап жататын жағдайлары жоқ емес. Мойындауымыз керек. Сол себептен де парасаттылықты, елдегі ізгілікті, игілікті тірліктерді, тәуір тыныс-тіршілікті, бауырмалдықты, жақсылықты насихаттайтын газеттерді, көркем әдебиетті оқымайтындар басым көпшілікке айналды. Керісінше, «келімдәрі сеуіп, қаттырақ қуырылған» фактілерді, дұрыс кісілерді жамандап жазған дүниелерді жиі жариялайтын басылымдарды «қолдан түсірмейтіндер» көбейгендей. Орыс тілді басылымдар бұл психологияны шебер пайдаланып, өз дегенін істеп бағады. Уақыттың ерекшелігі дейсіз бе, адамдардың өзгеруі дейсіз бе, осындай құбылулардың орын алып отырғаны жасырын емес. Қараңызшы, халыққа Жолдауында Президентіміз: «БАҚ адамдар үшін қиындықты қалай еңсеруге болады, мынандай қиын кезде қалай аман қаламыз, қалай төтеп береміз деген мәселелерде «кеңесші» ретінде көрінуге тиіс. Азаматтарды басқа адамдардың тәжірибесі арқылы үйрету керек. Біздің ғылыми және шығармашылық интеллигенцияға да осындай рөл жүктеледі», деді.

Руханиятпен айналысу дегеніңіз, кейбіреулер айтып жүргендей, мектеп сыныптарына немесе студенттік аудиторияларға дүмше молдаларды кіргізіп жіберу емес. Шәкәрім қажы меңзегендей, «дінге де шала, пәнге де шала» молдалар нені үйретіп жарытпақ? Абзалы - мектеп мүғалімдері мен университет оқытушыларының білім-білігін және беделін биіктету. Оқушының да, студенттің де көркем әдебиетке бетбұрыс жасауына қол жеткізу. Қалай, қайтіп, нендей жолдармен? Бұл сұрақтардың жауаптарын табуға болады. Таба алмасақ, тығырықтың көкесі сонда шығады алдымыздан.   

- Сіз жетпісінші жылдардың бастапқы тұсында Мәскеудегі мәшһүр оқу орнын тәмәмдадыңыз. Кандидаттық және докторлық диссертацияларыңызды да сонда қорғадыңыз. Зиялылықтың мерейлі мектептерінен өткен, небір тұлғалармен талай-талай мәслихат қүрған жансыз. Ол жақ пен бұл жақтың, ол кезең мен бұл кезеңнің айырмашылықтары осы күнге дейін ойландыратын шығар?

-Әрине, өзгешеліктер турасында да толғанатынымыз рас. Мәскеудің қала ретіндегі, рухани орталық ретіндегі, әкімшілік орталығы ретіндегі, әсіресе, әрине, жоғары оқу орындарының көптігі және көнелігі жөніндегі айрықшалықтары жетіп-артылады. Мен бітірген Бірінші Мәскеу медициналық институты 2008 жылғы қараша айында 250 жылдық, яғни екі жарым ғасырлық мерейтойын атап өтті. Ежелгі оқу орындарының бірі. Бұл институттың өзіндік өзгеше «аурасы» бар. Екі жүз елу жыл бұрын Ломоносов атындағы университеттен еншісін алып, өз алдына медициналық институтқа айналған. 1966 жылы он бір жылдық мектепті, қазақ орта мектебін бітіріп, одақтас республикалардан барған талапкерлермен таласа жүріп, оқуға түстім. Аса мейірімді адамдар емтихан қабылдады. Дегенмен, маған: «Қазақстанда бес бірдей медицина институты бар ғой, неге Мәскеуге келдің?» деген сұрақ та қойылды. Арман жетелеп, аруақ қолдаса, мақсатқа жететініңе өмірімде бірінші рет сонда көзім жетті. Оқытушы ұстаздар арасынан , әлемдік деңгейдегі академиктер - адам физиологиясының атасы саналатын П.К.Анохин, КСРО Денсаулық сақтау министрі, Социалистік Еңбек Ері Б.В.Петровский, КСРО хирургия орталығының, директоры, «Алтын скальпель» иегері А.Ю.Дебов, аса көрнекті биохимик, В.И.Лениннің денесін бальзамдаған ғалым А.Шумаков, тағы басқалар ерекше есте. Оқытушылар тарапынан үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие мол еді. Солардың әсерімен ең үлкен кітапханалар ең сүйікті мекенімізге айналды. Сәл босасақ, Мәскеудің атақты музейлері мен театрларына асығатынбыз. Маха, мен сізге бір жағдайды жан-жақтырақ аңғартсам деймін. Әлгі Бірінші Мәскеу медициналық институтындағы ғалым ұстаздардың басым көпшілігі ғылымға, мамандықтарына, өздерін арнаған істеріне нағыз берілген, әлемге танылған, рухтары биік, отансүйгіш адамдар еді. Шәкірттеріне де сол қасиеттерді сіңіруге тырысатын. Медицина ісіне, халықты емдеуге, адамдарға мейіріммен қарауға деген адалдықтары айрықша болатын. Кандидаттық, докторлық диссертацияларымды қорғауда да осыны сезіндім. Тағы да қадап айтам, орыстың көптеген ғалымдары ақша үшін, пайдакүнемдік үшін емес, шынайы ғылым үшін, ғылыммен айналысатын адам үшін, нағыз маман даярлау мақсаты үшін аянбайтынына анық көз жеткіздім. Студент кезімде де, қорғауларым тұсында да. Ғылым - алтын бесік. Ол бесіктің түзу болуы нағыз зиялы ғалымдардың қолында. Нағыз зиялылар, нағыз ғалымдар, ақшаға, -дүниеге құнықпайтын ұстаздар гуманистік, парасаттылық қасиеттен ауытқымайды, айнымайды. Ресейдің оқу, оқыту, білім беру және ғылым саласындағы зиялылық, халықтық рух өте биік. Демократиялық, ағартушылық, парасаттылық рухы сонау Чернышевский, Добролюбов, Некрасов, Салтыков-Шедриндерден қайнарбастауланып жатқанын ұғынасың. Бұл өзгешеліктерді ескеруіміз, мойындауымыз керек. Алпауыт мемлекеттерде кей-кейде қабылданып кететін теріс шешімдер мен бұрыс бағыттардың өзін, егер халық мүддесіне, білім мен ғылымға зарар-зардабы болса, зиялы ғалымдардың тоқтатуға, дұрыстауға шамасы келетіні де байқалып түрады.

Рас, белгілі себептермен бірте-бірте ол жақта да бұра тартушылық орын тебе бастады. Бірақ өздеріне емес, өзгелерге қатысты. Орекеңдер де озық технологияларын бізден қызғанып, жасырып, қорғаштайтынға айналды. Бара-бара біздің мамандар, ғалымдар үшін Ресей ғылымынан сусындау қиындай түсетіні анық. Біздің кезімізде Ресейдің ең үлкен, ірі оқу орындарында ұлттық кадрларды тегін оқытатын, шеттету, тежеу бола қоймайтын. Енді бәрі қиындады. Осы тұрғыдан қарағанда, Елбасымыздың кейбір оқу орындарын Ресей оқу орындарымен жақындастыру саясаты, сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы - өте үлкен қамқорлық және көрегендік.

- Иманәлі Оспанұлы, Ресейде оншақты жыл оқысаңыз-дағы, қазақ тілінде жатық сөйлейсіз, еркін жазасыз. Біз бір әжептеуір лауазым иесін білеміз. Қазақ мектебін, Қазақстанның жоғары оқу орнын бітірген. Сөйлегенде орысша оралымдары басым, қазақша жазуында да Ускенбаев, Кекильбаев, Турсумбеков деп жазады. Бүл неліктен?

-Ол енді адамның өзіне, намысына, мәдениетіне, өре-өрісіне байланысты ғой. Қазақша оқыған соң, жалпы ұлтың қазақ болған соң, ана тіліңде сөйлеу, ойыңды толық жеткізу, анық-айқын жазу - парызың. Өз тіліне өгейлерді өз басым ауруы асқынып кеткен адаммен, өзін-өзі қолдан мүгедек еткен мүсәпірлермен теңеймін. Оларға жаным ашиды. Оларға өкпелеудің өзі қиын. Туған тілін меңгеремін деп талпынбаған ер кісілер, ұлы мен немересін қазақ тілінде баулымаған ата мен әке, ұлы сөзде үят жоқ, кешіріңіз, өздері сүндеттелмеген және ұлдары мен немерелерін сүндеттетпеген айыпкерлер деп есептеймін. Мен қызметіме байланысты Түркияда жиі болып тұрамын. Түріктердің ұлттық сана сапасы мен патриоттық сезімі өте-мөте биік. Өз елінің Президентін, Гимнін, Жалауын, ақшасына дейін жоғары деңгейде құрмет тұтады. Өздерін өзге елдермен тең ұстай біледі. Америкамен етене араласады, алайда, құрақ ұшып бастарын ие бермейді. Қазақстанға бауырмал. Өзге ұлттардың тілдерін біліп тұрса да, түрік тілінде сөйлейді, басқалардан да соны талап етеді. Анкара университетінде оқитын біздің жастарымыз да медицинадан ғылыми еңбектерді ағылшын тілінде оқиды, бірақ ұстаздарына түрік тілінде айтып береді. Жақында ғана Давоста болған кеңесте Түркияның Премьер-Министрі Ережеп Ердоған Израильдің Премьері Шимон Пересті дауыс көтеріп сөйлегені үшін түрік тілінде тықсырып, тұқыртып тастамады ма?! Ақырында Перес кешірім сұрады емес пе? Ердоғанның түрікшесін тәржіма жасағанша Перестің дегбірі таусылғанын айтсаңызшы. Сіз мысалға келтіргендей, қазақта сырқыраған сырқаттар көп.

-Қазақтың намыс туына айналға Бауыржан  Момышұлынан біреу қай рудансыз деп сұраса, ол кісі: «Шырағым, мен сол жүз, ру, ата деген шұңқырларың мен шеңберлеріңе сыямын ба өзі?» деген ғой. Өткенде, бір той-томалақта әжептеуір егде кісі өз сөзінде, мүмкін әзілі ме, әлде шыны ма, әйтеуір: «Мен пәлен рудың президентімін» деп салды. Құлақ шіркініңіз сондайды да еститін болды. Осындай дерт жөніндегі пікіріңіз нешік, Иманәлі мырза?

-Жасыратыны жоқ, рушылдықтың белең алатын жағдайлары кездеседі. Жеті атасын білген, шежірені білген жөн шығар. Бірақ сол шежіреңіздің жеті, оншақты, тым шырқағанда жиырмашақты атадан арғы жағы анық еместігі тағы белгілі. Соны біле тұра бұра тартатындар, өз мүдделеріне «шебер» пайдаланатындар бар. Рушылдықтың ұлт мүддесіне, ұрпақ келешегіне келтіретін зиянын зиялылықпен ұғынуымыз керек. Қазақ арасындағы рушылдықты әдейі, қасақана ушықтыру патшалық Ресей саясатының арқауына айналғаны аян. Тоталитарлы саясаттар тұсында да бұл әдіс өңін өзгертіп пайдаланылды ғой. Енді егемендік алған соң, еркіндіктің жөні осы екен деп, бірталай рулардың әсіре белсенділері асыра сілтеп, «президенттер» болып алғаны кейде ашық, көбінесе жасырын айтылып жатады. Ондай-ондайлардың бар екені де рас. Тап мына жанымыздағы ағайындарымыз - өзбектерде бұрыннан келе жатқан «махалла» институты бірлікті, ынтымақты сақтауда, тәлім-тәрбиеде үлкен рөл атқарады. Біз абыздықтың, ақсақалдықтың қасиетті қағидаларынан, келешек ұрпақ, ұлт, халық мүддесін көздейтін кемелдіктен бір кездері айырылыңқырап қалдық. Қайта қалпына келтірудің орнына әлгіндей «ру президенттері, тайпа көсемдері» дейтін жалған намысқа бой алдырдық. Бала кезімізде ауылда да тұрдық, жастық шағымыз аудан орталықтарында өтті. Сол кездерде жүз-пүзіне, руына, атасына, жасына, кәсібіне, лауазымына, қалтасының жұқалығына, қалыңдығына қарамай-ақ, елді сөзіне ұйытатын, жұртты жұмылдыра білетін, тентектерді тыйып тастайтын, шатақтасқандарды, араздасқандарды табыстырып, татуластыратын абыздар болды емес пе? Қайта қазіргі «рулардың президенттері» тап сондай рөлді атқарып жүрген жоқ. Олардың елге, көпке, жас ұрпақ тәрбиесіне пайдасынан гөрі зияны басым сияқты. Алыпқашпа, артық-ауыс әңгіме тасу, өсек өру, бірді бірге айдап салу сондай-сондайлардан пайда болып жататыны бар.

Бір руға немесе бір атаға икемдеп мешіт салу, кесене көтеру жөнінде де тереңірек, келешек көкжиектерінен, кемелдікпен ойлану жағы жетіспейтін кездер кездеседі.

Мемлекетіміздің ұлттық және ұлтаралық саясаты шынайы ынтымаққа, береке-бірлікке, үйлесімділікке негізделген. Ұлтты ұйыту, ұлттық рухты биіктету, тіл мен дәстүр арқылы өзге диаспораларды да ұйыстыру, «бас-басына би болған өңшең қиқымдыққа» жол бермеу - баршамыздың парызымыз. Осы тұста «жергілікті өзін-өзі басқару туралы» өте кешіккен заң жөнінде ойланған абзал-ақ. Сол заңды өз менталитетімізге сәйкес жан-жақты жетілдіріп қабылдау арқылы көп олқылықтарды жөндеуге болады.

Елбасымыздың биылғы Жолдауында қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар екені, ол - бірлік екені ерекше атап көрсетілген. Әлгіндей дерттерді де парасатты халқымыз бірте-бірте ысырып тастайды, жеңіп, тазарып шығады деген сенімдеміз.


Лесбек Тәшімов жаңа бағдар белгілеп берді

-Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті жайында түрлі пікірлер айтылады. Мемлекеттік, ұлттық тұрғыдан қарағанда мамандар даярлаудың бүгінгі сапасы, ертеңі қандай күйде? Өзіңіз тікелей басқаратын салаңыздағы жұмыс ерекшелігі нендей?

-Түрлі пікірлер дегеніңізді түсініп отырмын. Қиыр шетте, түкпірде ғой, деңгей-дәрежесі төмен емес пе деп күдіктенетіндер баршылық. «Күншілдік конкуренция» нарықтық экономика жағдайына байланысты жиі кездеседі. Бірден айтайын, ондай күдіктен арылу үшін біздің университетті көзбен көру керек. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті - Қазақстан егемендігінің ерекше белгісі, тұңғыш Президентіміздің төл перзенті іспетті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Сүлеймен Демирел алғашқы кірпішін бірге қалаған. Бұл университет - болашақтың университеті. Бүгінгі тыныс-тіршілігі де биік талапқа, әлемдік білім беру стандартына сай.  Түркістандағы Әзірет Сұлтанның кесенесінен сегіз ғасыр кейін салынған ғажайып. Көп ұзамай Ломоносов университетіндегідей «бәр-бәрі ішіндегі» әйдік әлемге айналады. Мұнда қызмет істегеніме 14 жылдай уақыт болды. Түркия зиялыларының пейілдері кең, өздері қолға алған қай іске де мығым, білім-біліктері терең, ішкі-сыртқы мәдениеттері жоғары, пиғыл-ниеттері ізгі. Отансүйгіштіктері, елжандылықтары ерен, мемлекетшілдіктері мерейіңді тасытады. Олардан үйренсек, жаман болмаймыз. Олардың Отан үшін отқа түсетіндеріне иланасың.

Өзіміз жұмыс істейтін медицина факультетінде бір емес, заман талабына сай екі клиника бар. Бұл - университеттің дәрігер мамандар даярлаудағы басты ерекшелігі. Керек десеңіз, артықшылығы. Теориялық білімді практикамен тығыз жалғастырмаған жерде жақсы дәрігер даярлау мүлде мүмкін емес. Екінші ерекшелігі - медицина факультетінің студенттері бірінші курстан бастап төрт тілді оқиды, бітіргенше жалғастырады. Оқу барысы Анкара қаласындағы Хажеттене университетінің бағдарламасымен мейлінше үйлестірілген. Тоғызьншы және оныншы семестрден кейін студенттер Анкара қаласында бір семестр бойына оқып, емтихан тапсырады. Студенттер үшін қаражатты университет төлейді.

Түрік оқытушыларының талабы өте жоғары. Студенттерді қатаң қадағалайды. Түркияда медицина қарыштап дамыған. Деңгейі биік. Онда кафедра меңгерушілері ғұлама ғалым әрі шебер дәрігерлер болады. Олар Түркияда білім алғанымен, мамандықтарын Америка, Германия, Англия, Дания, Голландия сияқты елдерде жетілдіреді. Түрік мемлекетінің дәрігерлері өте бақуатты, тұрмыс деңгейі жоғары, мейлінше тәуелсіз, мәдени-рухани дәрежесі биік адамдар санатында. Солай қалыптасқан. Түркияда күрделі операциялар жасатып, жақсы боп кеткен жерлестеріміз жүздеп саналады. Адамзаттың Айтматовы жүрегіне күрделі операцияны сонда жасатып, үзақ жылдар жемісті еңбек етіп, шығармалар жаратты.

Өткен күзде Елбасымыз Шымкентке арнайы келіп, денсаулық сақтау жүйесі, маман дәрігерлер даярлау сапасы жөнінде кеңес өткізді. Бүл - күн тәртібінен түспейтін, күрделі іс. Президентіміз біздің университеттің дәрігер даярлаудағы тәжірибесін баса атап көрсетті. Бүл бізге үлкен парыз жүктейді. Университеттің жаңа басшысы, профессор Лесбек Тәшімов туралы аз-кем айтудың артықтығы жоқ шығар. Ол кісі: «Жемқорлық «гүлденіп» тұрған мекемеде кемшілікті басшыдан іздеу керек» дегенді ашық айтып, парақорлыққа қарсы тікелей өзі ашық айқас жариялады. Қазақстан Президенті тағайындайтын тоғыз университеттің басшылары осы Лекеңнің үлгісімен бастама көтеріп, ел алдында серт берсе, бүкіл халық, зиялы қауым, күллі студент жастар қызу қолдар еді деген ойдамын. Лесбек Тәшімов небір бюрократиялық кедергілерді жеңе отырып, екі мемлекеттің заңдары аясында жаңаша бағдарлар белгілеп, жүзеге асырудың жолдарын да айқындап үлгерді. Ол бағдар бойынша «Болашақ» бағдарламасының талаптарын толыққанды түрде, университеттің өз мүмкіндігімен, өз есебінен орындауға әбден болады. Университетіміздің ең жоғарғы басқару органы - Өкілетті Кеңес төрағасы, Түркияның аса көрнекті қайраткер ғалымы Хасан Хората мырза да бұл бағдарламаның іске асуына қаржылай кепілдік беріп отыр.

Жаңа сізге айттым ғой, медицина деңгейі Түркияда аса жоғары болғанымен, сондай жәрдем қарапайым халық үшін жаппай қолжетімді дей алмаймын. Медициналық сақтандыру мемлекет тарапынан қарастырылған. Ол «Сигорта» деп аталады. Бірақ оған барша әлеумет жете алмайды. Өте қымбат. Онымен салыстырғанда, қазақстандық денсаулық сақтау жүйесінің артықшылықтары баршылық. Кепілдендірілген тегін медициналық жәрдем бізде жылдан-жылға үлғаюда, оның үстіне күрделі медициналық орталықтар ашылып жатыр. Астанада, Алматыда, еліміздің өзге де өңірлерінде дегендей. Түркістанда да Түркияның қаражатына салынып, ең озық медициналық аппараттармен жабдықталған төрт қабатты орталық іске қосылды. Оның қағаз бетіндегі жобасынан бастап, толық бітуіне дейін басы-қасында жүріп, үлес қосқанымды мақтан ететіндігімді жасырмаймын.

Жұмыс ерекшелігіміз ауқымды әрі күрделі. Ешбір оқу орнында мамандарға біздегідей жетпістен аса пәннен дәрістер өтілмейді, ұзақ жылдар бойы оқытылмайды. Өз басым жұмысымда басты-басты үш үстанымға бағынамын. Олар: ізгілік (адамды сүйе білу, алдыңа келген ауру кісіге құрметпен қарау, зейінмен қабылдау, емдей білу мағынасында), кәсібилік және жоғары жауапкершілік! Осы қағидалар «жақсы маман», «сүйікті дәрігер» атағын әпереді. Барлық институттарда, университеттерде, академияларда медицина мамандары осы үш ұстаным негізінде әзірленуі тиіс.

-Сіз кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласына басшы болдыңыз ғой. Бүгінгі жағдай туралы не айтар едіңіз? Аталмыш салаға өкпе-реніш білдіретіндер әлі де аз емес секілді, қалай ойлайсыз?

-Республикамыздың басқа аймақтарымен салыстырғанда, атқарар жұмыстың ауқымы, қызмет көрсететін халықтың саны, тағысын-тағылар жөнінен күрделі, қиын жағдайлар көп қой бізде. Соған қарамастан, облысқа бөлінетін қаржы мөлшері төмен. Соңғы жылдары ғана қаржы көбейіңкіреді. Жиырма-отыз жылдан бері жөндеу көрмеген ауруханалар, емханалар, перзентханалар оңалды. Шымкентте қан және залалсыздандыру орталықтары салынды. Құрал-жабдықтар жаңартылуда. Дәрігерлердің бәріне бірдей кінә арта беру орынсыз. Қоғамдағы болып жатқан күрделі өзгерістер адамдардың жүйкесіне қатты әсер етіп, созылмалы дерттер асқынуда.

Мынадай мәселелерге назар аударғым келеді. Жүйке дегеннен шығады. Барып-келіп, қатынап емделуге болатын сырқаты бар, бірақ өзін өзгелерден өзгеше биік санайтын, артық көретін өзімшіл өркөкіректер көбейіп кетті. Лауазымын, осындағы, әкімшіліктегі, бизнестегі, тіпті Астанадағы «көке-жәкелерін» бұлдап, адамгершілікті, әдепті ысырып тастап, өңмеңдеп, шағымданып, дегендеріне жететіндер де жетіп-артылады. Сондайлар ауруханаларға көбірек жатады. «Сіз күте тұрсаңыз болар еді, мынау аурудың халі мүшкіл», десеңіз, әлгіндей өзімшілдер дәрігерді жау көреді, жоғарыға арыз жазады, «көке-жәкесіне» қоңырау шалдырып шаршатады, менен бірдеңе дәметті деп жала жабуға дейін барады. Ал шын мәнінде қиналып, хал үстінде жатқандарды аяйсың. Бүгінгі дәрігерлер үшін осындай жағдайлардың бәрін реттеп, сабасынан шыға асып-тасығандарды сабасына түсіру, барша аурулардың көңілінен шығу, айтқандарын қалтқысыз орындау тіпті де оңайға соқпайды. Тыныш заманда бейнебір майдан өтінде, соғыста жүргендей сезінесің кейде. Сұрапыл соғыс кезінде санитарлар «Өлді-і-ім! Құтқарыңда-а-ар!» деп айқайлап шақыратындарды емес, алдымен топырақ басып, үндері шықпай, қансырап жатқан жауынгерлерді тезірек, жылдамырақ құтқаруға әрекет жасайды екен. Ал мына заманда медицина қызметкерлерінің «таңдау» жасау мүмкіндіктері мүшкілдеу. Шиеленіс, арыз-шағым, өкпе-нала көп кездеседі. Түсіністік, мәдениет, кешірімшілдік, кішіпейілділік, жауапкершілік екі жақтан да жетіспей жатады көбінесе. Шүкіршілік, «жабайы нарық» кезінде екіқабат әйелдер базарда, мұз үстінде толғатып қалатын оқиғалар жиірек еді, қазір азайды.

Қалай болғанда да дәрігерлердің, барша медицина қызметкерлерінің жауапкершілігі барған сайын жоғарылай түсуі керек. Елбасымыз жаңа Жолдауында: «Адамдарды ашындырмайық, оларға сөзбен және іспен көмектесейік. Мемлекет қазір нақ осыны жасап отыр», деді. Осынау сөздер ақ халатты абзал жандарға арналып, айрықшалау айтылғандай сезіледі маган.

Әңгімелескен Мархабат Байғұт

Жол-көлік апатына түскен Еркін Нұржановтың халі қалай?
Қажымқан Мәсімов: «Премьер ұлымды бизнесіме араластырып пендешілікке бармаймын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу