Шыңғыс Мұқан комиссар Каттани болғысы келе ме?

Oinet.kz 21-08-2020 2086

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан фейсбукте өзінің қызметтік WhatsApp  номерін жариялап, мегаполистің мектептерінде жемқорлық фактілері орын алса немесе біреу бірдеңе сұраса, дереу хабарласу қажеттігін ескертті деп хабарлайды Oinet.kz.

Screenshot_3.jpg

-  Шымкентке келгелі бері мектепке орналастырып беруін сұрап, біраз адам хабарласты. «Шымкентте өзіңіз білесіз ғой, ақша бермесе, жұмысқа орналасу қиын», дейді. Оңтүстікте өскен соң, бұл тақылеттес әңгімені бала күнімізден естіп келеміз. Ешкімді қолынан ұстап алмаған соң, мектепке шынында да пара беріп орналаса ма, әлде таңдау әділ жүре ме, ол жағын жауапты басшылардың ар-ұятына қалдырдым. Менің түсінігім бойынша, әр басшы ең білікті маманды таңдап алуға мүдделі және пара алу да, беру де – қылмыс. Құқық қорғау орындары мұқият қарап отыруы тиіс, - деген әкім орынбасары Шымкентке Мұрат Әйтенов әкім болып келгелі www.hr-process.kz жұмысқа қабылдау порталы іске қосылғанын алға тартыпты. 

- Шымкент мектептері бос жұмыс орындарын осы сайтқа салып отырады. 137 білім ұйымы тіркелді. Күні бүгін 78 бос жұмыс орны орналастырылды. Түрлі критерийлер бойынша кандидаттың қаншалықты лайықты екенін 75 пайызға ақпараттық бағдарлама шешіп береді. Қалғанын комиссия шешеді. Комиссияны жасақтағанда да тәуелсіз әрі білікті адамдарға басымдық беріледі. Мектеп директорларын тағайындау да заңмен реттелген. Жеті кезеңнен тұрады. Әкімдік онда да барынша әділ шешім шығаруға мүдделі. Мектептерге ақша беріп жұмысқа тұрудың өзі ұят. Егер ондай жағдай болса, ондай ақпаратты мұқият қарап, тиісті органдарға өзім жетелеп апаруға дайынмын. Десе де, қанша жерден адами факторды болдырмауға, оған ақпараттық технологияны пайдаланғанымызбен, әр кісі бүгінгі сыбайластық - өз баласының болашағына балта шапқанмен бірдей екенін саналы түрде түсінбесе, кез келген озық жүйеден сырғып шығатын саңылау табуға болады. Сонымен бірге, жұмыссыз қалсам да пара беріп жұмысқа орналаспаймын деп жүргендер де бар. Осындай саналы азаматтар көбейген сайын білім саласындағы да, басқа да саладағы саңылаулар жойылады. Ешкім бермесе, ешкім алмайды. Сондықтан, білім ұйымдарына жұмысқа тұруға үміттілерді ешкімге ешнәрсе бермей, заң аясында тұруға шақырамын. Біреу бірнәрсе сұрап жатса, маған хабар беріңіз (қызметтік WhatsApp нөмерім +77007007091), - деп жазыпты Ш.Мұқан. 

Шыңғыс Мұқанның осы жазбасынан кейін «Әйтеновтың жаңа бірінші орынбасары Шымкент мектептеріндегі жемқорлықтың қаншалықты дендеп кеткенінен мүлдем хабарсыз ба?» деген ой келеді. Өкінішке қарай, Шымкентте бұл дерттің асқынып тұрғанын жасырудың қажеті жоқ.   Жаңа басшыға біраз мәліметтерді алға тартып көрейікші. Орысшалап айтқанда «информация для размышление» үшін. 

Шымкенттің білім саласы  дау-дамайдан, сыбайлас жемқорлықтан арылып көрген емес. Алысқа бармай-ақ, былтырдың өзінде қалалық білім басқармасы басшысының бір емес, екі бірдей орынбасары пара алды деген күдікпен ұсталды. Екеуі де кінәлі деп танылып, сотталды. Былтыр білім басқармасының бір жылға жуық уақыт бойы басшысыз тұрғаны да көпшіліктің арасында түсінбестік тудырды. Егер білім саласындағы жұмыстарды бақылайтын басқармадағы лауазымды қызметкерлердің өздері (ақшаны орынбасарлардың бірі мектеп асханасын жалға алған кәсіпкерден, екіншісі мектеп директорының орнына жарияланған конкурсқа қатыспақ болған «завучтен» алаяқтық жасай отырып алған) парамен ұсталып жатса, басқаларынан не күтуге болады?! Мұның қасында мұғалімдерден ақша жинау, мектепке маманды парамен қабылдау дегеніңіз үйреншікті жағдай емес пе?

Шымкенттің білім жүйесіндегі сыбайластық жемқорлықты жою әзірге мүмкін емес. Тіпті мегаполисте бұл саладағы жұмыстар соңғы кездері алға жылжудың орнына кері кетіп жатыр. Мұндай пікірді біз хабарласқан қоғам белсендісі, Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Жанысбек Өтеген айтып отыр.  

- Бұған дейін ауызекі тілде «техандр»  деп аталатын конкурс өтетін. Білім мекемелеріне қызметкерлер осы конкурс арқылы қабылданды. Конкурстық комиссияның құрамында қоғам белсенділері де болған. Осы комиссия мүше бола жүріп байқағаным, директорлар мектепке маманды парамен қабылдауға әбден үйреніп алған. Олар конкурстан өтіп қойған үміткерлерден 300-400 мың теңгеден алып отырды. Бір мектеп директоры тіпті парамен ұсталды да?  Сұраған ақшаны бермесе, «үш айға сынақпен қабылдаймын», «тағы да  конкурс өткіземін» деген сияқты түрлі сылтауларды айтып жолатпайтын көрінеді. Шыңғыс Мұқан мектепке маман қабылдауды комиссия шешетінін алға тартыпты.  Алайда қазіргі конкурстық комиссияның жұмысына көпшіліктің көңілі толмайды. Неге десеңіз, комиссияның құрамында ешқандай қоғамдық ұйымның өкілі енбеген. Бәрі сол білім саласындағы қызметкерлер. Ұстаздар, мектеп директорлары, бір сөзбен айтқанда, әкімдіктегі, білім саласындағы басшылардың айтқанынан шықпайтындар. Осыдан кейін конкурстың әділ өтетініне сенуге бола ма? Жалпы Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтеновтың қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен санаса бермейтіні байқалады. Бәрін өзі шеше бергенді дұрыс көретін сияқты. Жуырда мен бір жиында осы мәселені Шыңғыс Мұқанға айттым. Ол сол жерде сенаторлардың көзінше «Сізді  комиссияның құрамына енгіземін» деп уәде берді. Бірақ әзірге ешқандай хабар жоқ, - деді Жанысбек Өтеген. 

Жалпы Шымкенттің білім саласындағы жемқорлықты жоямын деген талай «комиссар Каттанилер» болған. Алайда өзгерген ештеңе жоқ. Шыңғыс Мұқанның қолынан не келеді? Дәл қазір директорлардың мектепке жұмысқа қабылдайтын, сағат бөлетін науқаны. Мұндай кезде Шыңғыс Мұқан жариялаған  нөмірге арыз-шағым дегеніңіз нөпір болып, толып кетуі әбден мүмкін. Бірінші орынбасар оны жұрттан жасырмай, әр шағым бойынша нендей шешім қабылданғанын, пара алған неше директорды, ақша жинаған қанша «завучты» тиісті орындарға қолынан жетектеп апарғанын жариялап отырса дейміз. 

Болмаса, айтылған сөздің айтылған жерінде қалғаны. Мұның Шыңғыс Мұқанға ешқандай абырой әпермесі айдан анық.

Темірбаеваның басқармасында тағы да тендер дауы
Түркістанға келген Тоқаев Шымкентке соқпай кетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу