Түркістанға келген Тоқаев Шымкентке соқпай кетті

Oinet.kz 21-08-2020 1530

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан облысына жасаған сапары әлдеқашан жоспарланып қойылған болатын. Президент Мақтааралға 3 тамызда келеді деген. Одан кейін іс-сапардың тамыздың ортасына ауыстырылғаны айтылды.  Қойшы әйтеуір, не керек, жұртшылық жолына қарап ұзақ жаутаңдаған Оңтүстікке мемлекет басшысы 20 тамызда табан тіреді деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. 

turkp59306-70940b87.jpg

Жаутаңдаған деген сөзді бекер келтіріп отырғанымыз жоқ. Бұл президенттің осыдан төрт айға жуық уақыт бұрын су тасқынына ұшырап, әбігерге түскен Мақтааралға, дәлірегі апат аймағына жасаған алғашқы сапары... 

Осы жолы неге екені белгісіз, президент бастаған топтың құрамына журналистер енген жоқ. Бірақ президент сапарының мән-жайын Ақорданың  жариялаған видеосы алақандағыдай көрсетіп отырды.  Мырзакентте су астында қалған ауылдардың халқына арнап  салынған тұрғын үйлермен танысқан Тоқаев атқарылған жұмыстардың нәтижесінің өте керемет екендігін айтты. Бұдан президенттің Шөкеевтің жұмысын «өте керемет» деген баға бергенін аңғаруға болады. 

 Мемлекет басшысы Арысқа, одан әрі Түркістанға ат басын бұрды. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда осыдан кейін ол елордаға ұшып кеткен. 

Қасым-Жомарт Тоқаев осы сапары барысында Нұр-Сұлтаннан Шымкент әуежайына ұшып келді (Ақорданың жоғарыдағы видеосында президентті Шөкеев пен Әйтеновтың қатар тұрып күтіп алғаны көрсетілді).  Мемлекет басшысының үшінші мегаполистің әуежайы арқылы ұшып кеткені де айдан анық. 

Жалпы Түркістанға іс-сапармен келген премьер, министрлер, басқа да лаузымды шенеуніктердің Шымкентке соқпай кетпейді. Мегаполиске келіп  тұрып, қалай соқпасын?!  Елордадан келген ақжағалылар міндетті түрде қаладағы  бір-екі нысанды аралап кететін. Алайда Тоқаев Шымкентке келіп тұрып, Шымкентке соқпай кетті.  Неге? 

Президент Шымкентке күнде келіп жүрген жоқ. Миллионнан астам тұрғыны бар қаланың қай кезде де орны ерекше. Жуырда «белгісіз пневмония» Шымкентте қаттырақ өршіп, сол үшін Тоқаевтың Шымкенттің әкімі Әйтеновке тәртіптік жаза бергені белгілі. Президент тым құрығанда мегаполиске ат басын бұрып, індетке қарсы жұмыстардың барысымен, емдеу мекемелерінің жағдайымен танысуы тиіс еді.  Алайда Тоқаев Шымкенттің топырағын басып тұрып, қайырылмай кетті.    

Естеріңізде болса, былтыр қара күзде Түркістанға Тұңғыш президент іс-сапармен келді. Әдеттегі жағдай бойынша Шымкентке ұшып келіп, Шымкенттен ұшып кетті. Елбасы сол жолы мегаполиске соқпай кетті. Атқамінерлер мұның тегін еместігін айта бастады. Екі айдан кейін Айтаханов қызметінен алынды. 

Тоқаевтың Шымкентке соқпай  кетуінің арғы жағында әйтеуір бір кілтипанның бары анық. Бұдан қандай да бір болжам немесе байлам жасауға бола ма? Бәрін уақыттың еншісіне қалдырдық.

Шыңғыс Мұқан комиссар Каттани болғысы келе ме?
Қазақ жігіті қалай АҚШ-тың биржалық акциясынан күніне $700-ға дейін табатынымен бөлісті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу