Қазақ жігіті қалай АҚШ-тың биржалық акциясынан күніне $700-ға дейін табатынымен бөлісті

Oinet.kz 29-08-2020 2574

Бүгінде білімді қазақ жастары мұхит асып, өздерінің қарым-қабілеттерін шет елдерде сынап көріп жатқан жайы бар. Көпшілігі алға қойған мақсаттарына жету жолында табандылық пен төзімділік танытып, біраз белестерді бағындырып үлгерді. Думан Ерқанат - орта жолдан қолды бір сілтемей бастаған ісін соңына дейін жеткізуге бел буған білімді жас. Ол  22 жасында Қазақстаннан АҚШ-қа көшіп келген. АҚШ-тағы 6  жыл ішінде ол табысты трейдерге (биржалық маклер - автор) айналды. 

Жалпы, трейдинг саласы Америкада өте қатты дамыған. Ал, қазақтар әзірге «білмейтін жолдың соқпағы көп» деп бұл салаға қызығушылық танытпай отыр. Думан қандастарының бойындағы осы фобияны жеңу үшін оларға трейдинг саласы туралы білімімен бөлісуді басты мақсатына айналдырды. Осыған орай, негізгі оқуынан бөлек, Уолл-Стриттегі ірі трейдинг фирма «SMB Capital»-да білім алған Думан онлайн биржалық акциялармен жұмыс істеудің қыр-сырын үйрететін www.dkbulltrader.com онлайн академиясын құрды. Және өзінің жеке Instagram парақшасында  (www.instagram.com/duman_neo/) күнделікті пайдалы ақпараттармен бөлісіп отырады.

Oinet.kz тілшісі Думан Ерқанатпен тілдесіп, оның бәсекелестік жоғары Америкада қалай өз кәсібін жолға қойғанын, жалпы трэйдинг саласы туралы сұрап білді. Сұхбат барысында Думан Ерқанат өзінің табысының құпиясымен бөлісті.

81634351_574577406726644_3790025537086218887_n.jpg

Фото https://www.instagram.com/duman_neo/

«БІЛІМ – МӘҢГІЛІК КАПИТАЛ»

- АҚШ-та тұрып жатқаныңызға қанша уақыт болды? Әу баста АҚШ-қа барғандағы мақсатыңыз не? 

- АҚШ-қа арман қуып келгеніме 6 жылдай болды. Әу баста мұнда келердегі негізгі мақсатым сапалы білім алу болды. Себебі, білім – мәңгілік капитал. Білім – адамды асырайтын күш. Сондықтан да білім алуға ұмтылдым.  

Интернеттен қай оқу орны жақсы, талаптары қандай, бәрін зерттедім. Нәтижесінде ойлана келе National American University-ға MBA-ға (Іскерлік басқару магистрі - авт.) құжат тапсырып, оқуға түстім. Дегенмен, АҚШ-та білім алу деген арзан емес. Өте қымбат. АҚШ-та көптеген отбасылар балалары кішкентай кезден бастап оның болашағын ойлап тірнектеп ақша жинайды екен. Баласы өскенде оны оқуға түсіру үшін. Мұнда біздегідей грант жоқ, көбіне бәрі ақылы. 

Мен АҚШ-қа келгенде ата-анамнан мүлдем қаражат алмадым. Бәріне өз күшіммен жеткім келді. Бірақ, АҚШ-қа алғаш келген соң бірден сіңісіп кету қиын болды. Сол себепті оқуымның жарты жылының ақшасын осында тұратын ағам төлеп берді. Ары қарай біраз жолға түсіп, оң-солды ажыратып алған соң, өзім жұмыс істеуге кірістім. Жарты күн оқысам, жарты күн мектептің кампусында жұмыс істедім. Одан бөлек, ағамның онлайн бизнесіне көмектесіп жүрдім. Ағам көбіне ақшаны жай бере салмай, еңбек ақысы етіп бергенде құп көреді. Себебі, еңбекпен тапқан ақшаның берекесі болады. Оның әрбір тиынына дейін есептеп, орнымен жұмсайсыз. «Адамдға балық берме, қармақ бер» деген қағида өте дұрыс айтылған деп есептеймін.   

Және де біз тұратын Денвер қаласындағы жергілікті  компаниясында менеджер ассистенті ретінде де жұмыс істедім. Бұл импорт, экспорт бағытында жұмыс істейтін компания болды және мұндағы жұмыс маған айтарлықтай үлкен тәжірибе берді.

- Қазір өзіңіз айналысып жатқан биржа саласына тоқталсақ. Ең алдымен, биржалық акция дегеніміз не? Осыны түсіндіріп бере аласыз ба?

- Акция деген құнды қағаз. Қандайда бір компанияның акцияларын сатып алғанда, сіз сол компанияның кішкентай бөлігіне иеленесіз.

Инвесторлар яғни біз сияқты акция сатып алғысы келетін адамдар акциялардың құны өседі деген компаниялардан сатып алады. Акцияны алып кейін кез-келген уақытта үстіне пайызын қосып сатуыңызға болады. Компанияның акцияларын алған кезде сіз акционер (shareholder) деп аталасыз, өйткені сіз сол компания сізбен пайдасымен бөліседі.

- Акцияны кез-келген адам сатып алуға мүмкіндігі бар ма?

- Ия кез-келген адам кез-келген уақытта кез-келген соммадағы ақшаға компания акциясын сатып ала алады. Бұл сала ешқашан тоқтамайды. Кризис,карантин кезіндеде жұмыс істеуге болады.

82075499_1471120689708535_342067563185726091_n.jpg

Фото https://www.instagram.com/duman_neo/

- Басқа бизнес түрлерінен не айырмашылығы бар?

- Бұл саланы бастап кету оңай. Басқа сала түрлері секілді күрделі емес. Мысалы ресторан бизнесін алатын болсақ, сізге қаншама адамды басқарып, бизнесіңізді әр дайым жан-жақты қадағалап отыруыңыз керек.Әр саланың , бизнестің өзіне қатысты тәуекелі бар алайда бұл салада сіздің тәуекеліңіз басқа бизнес түрлеріне қарағанда төмен, егерде алған біліміңізді дұрыс қолданатын болсаңыз.Алайда ең бастысы сіз ешкімге тәуелді емессіз.Былайша айтқанда өз өзіңізге бастықсыз.

- Компания акциялары қайда орналасқан және қайдан сатып алуға болады?

- Қоғамдық компаниялар өз акцияларын АҚШ-та орналасқан Nastaq немесе New York қор биржасы (NYSE) сияқты биржалар арқылы сатады. Содан кейін инвесторлар осы акцияларды брокерлік компаниялар (жеке компаниялар) арқылы сатып алып оны ары қарай сата алады. 

«АҚШ ЭКОНОМИКАСЫ АКЦИЯЛАРҒА ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ»

- Биржалық трейдингтің болашағы қандай? Заман ағымына ілесе алмай, «өліп» қалуы мүмкін бе?

- Америкада бұл өте жақсы дамыған, «өлмейтін» сала болып отыр. Американың заманауи экономикасы акцияларға байланысты. Дүниежүзілік Tesla, Apple, Facebook, Amazon (қоғамдық компаниялар) сияқты компаниялар да акция арқылы іс жүргізеді және болашақта акция ең үлкен экономикалық салалардың бірі болады. Қалаған адам қалаған уақытында инвестиция немесе трейдинг жасай алады. Қазақ жастары осы нәрседен қалмауы керек. Интернет дамыған заманда қай жерде өмір сүретінің маңызды емес, уақытынан қалмай ертерек бастасақ, инвестицияны Қазақстан нарығына енгізе аламыз. Осылайша ірі компаниялардан пайдасын көруге болады.

Трейдер болуымның басты себептерінің бірі табысты сала болғандығында. Екіншіден, өмір сүру салты өте ыңғайлы. Таңертеңнен кешке дейін бір жерге байлаулы емессің. Күніне орташа есеппен 3-4 сағат жұмсап, өзіңе ыңғайлы уақытта жұмыс істейсің. 

Өмірде өзінің жақындарыңмен, отбасыңмен көбірек уақыт өткізу басты мақсаттардың бірі деп ойлаймын. Осы жағынан өзіме ыңғайлы уақытта жұмыс істеп, уақытты тиімді пайдалануға болады.

- Құпия болмаса күндік табысыңыз қанша?

-  Әрине, ешқандай құпиясы жоқ. Күніне 300-700 доллар аралығында табыс таба аламын. Және биржа дегенді экономикалық жағдайға, сол күнің жағдайына тәуелді болып отыратынын түсіну керек. Бұл ақшаның мөлшері шоттағы қаражат мөлшеріне де байланысты. Мәселен, 10 000 доллар қаржысы бар адам, күніне 1-5 %-дейін пайда көре алады. Ал ұзақ уақытқа инвестиция жасаған адамдар 30-100% қа дейін табыс табу мүмкіндіктеріне ие болады. 

Бұл кәсіпті білімі, тұрғылықты орны қандай болмасын әрбір адам үйрене алады. Шот аккаунт ашу, онымен жұмыс істеу, акциялық сауда-саттық үлкен болғандықтан біз бір бірімізге бәскелес болмаймыз. Тәжірибелі трейд инвесторлар команда болып жұмыс істейміз. Және де Қазақстаннан немесе дүниенің қай жерінде болсаңыз да үйіңізде отырып инвестиция, трейдинг жасай аласыз.

- Бұл салада қауіп-қатерлер болуы мүмкін бе? 

- Әрине, тәуекел, қауіп-қатерлер болады. Сауда жасамайтын күндер де болады. Демек тәуекелсіз трэйдинг болуы мүмкін емес. Команда болып жұмыс істеп жатқан себебіміз табысты күндерімізді максималды ету, табыссыз күндерді минимумға апару үшін жұмыс істейміз. Биржалық трейдер - тәуекел менеджері деп те айтуға болады.

news_full15966391289103ef7eef99ae1a28483c6418ae73f7.jpg

Фото https://www.instagram.com/duman_neo/

«ОПТИМИСТ АДАМ БӘРІН ЖЕҢІП ШЫҒАДЫ»

- Сіздің курсыңызға қатысамын деген студенттердің бойында қандай қасиет болу керек?

- Сабырлы және табанды болу керек. Кез-келген сәтсіздікке, қандай да бір қиындыққа морт сынып кетпейтін берік және оптимист болғаны абзал. Сонда ғана одан табысты трейдер шығады.

Қазіргі уақытта менен сабақ алып жүрген 100 шақты студетім бар. Курста амеркалық биржалармен жұмыс істеу толықтай көрсетеміз, ары қарай оны қаншалықты дұрыс алып кете алуы адамның өзіне байланысты. Біз барынша оларға жол сілтеп, ісін дөңгелетіп алып кеткенше жәрдем береміз. Барлық ақпарат бар, қызығушылық танытқан адамдар менен жеке кеңес алуларына болады. 

- Жалпы, осы жобаны қолға алғандағы басты мақсаттарыңыз қандай?  

- Менің мақсатым - қазақтар арасында осы саланы дамыту. Германиядан, Катар, Жапония, Моңғолиядан, Канададан сабақ алып жатқандар бар. .Бұл сала қазақтар арасында қанат жайып үлгермегендіктен, осы бағытты қандастарыма барынша үйреткім келеді. Қазіргі уақытта dkbulltrader.com веб сайтымда екі түрлі курс ұсынылуда: негізгі және тереңдетілген. 

- Сіз «жетістік» деген ұғымды қалай түсінесіз? 

- Жетістік деген ұғымды әр адам әр түрлі түсінеді. Біреуер қымбат көлік айдап, элиталы үйде өмір сүруді жетістік деп есептейді. Біреулер әлемдегі қымбат жерлерде демалу, саяхаттауды жетістік санауы мүмкін. Десе де, менің түсінгенім, жаныңда жақындарың болмаса ешқандай дүние-мүлік сізді бақытты ете алмайды. Жетістік – гармонияда болып, өзіңді бақытты сезіну. Ал, бақыт деген – деніңіз су болса, жанашыр жандарыңыз жаныңызда болса, олармен жиі кездесіп, уақытыңызды көңілді өткізу, сүйікті іспен айналысу. Мен өзімді бақытты жанмын деп есептеймін. Себебі, сүйікті ісіммен айналысып жүрмін. Аталған саланы тек өзім біліп қана қоймай, отандастарыма осы саланы үйретсем деймін. Әрбір қазақ – бай-бақуатты, дәулетті болуы керек. Оған біздің потенциал жетеді. Ең болмағанда бір отандасыма пайдам тиіп, оның өмірін жарқын жаққа өзгерте алсам – бұл мен үшін зор жетістік. 

26225258_394227611036541_7132227231518031872_n.jpg

Фото https://www.instagram.com/duman_neo/

«БАРЛЫҚ ҰЛТ БІРДЕЙ, ЕШКІМ ЕШКІМНЕН АРТЫҚ ТА; КЕМ ДЕ ЕМЕС»

- Сіз бұл саланы қалай меңгердіңіз? Қай жерден тәжірибе алдыңыз? 

- Бұрын бұл сала жайлы ,атақты Уолл-стритті кинодан ғана көретінбіз. Сол кезде «бұл мүмкін емес, біз айналысатын сала емес» деген сенімсіздік, қорқыныш, үрей бойымды биледі. Бірақ, бір күні «неге мүмкін емес? Басқа ұлттардан қай жеріміз кем?» деп ойландым. Расында да барлық адам бірдей емес пе? Олар істейтін нәрсені неге мен істей алмаймын? 

Содан іздене бастадым. Бастапқыда мен өз бетімше, кітап оқу, видео көру арқылы үйрендім. Содан кейін ақырында Уолл-стриттег «SMB Capital» фирмасында тәжірибе жинап, кәсіби мамандардан сабақ алдым. Себебі олардың жұмысы нағыз тәуекел менеджменті мен командалық қатаң тәртіптің жемісі. 

Нәтижесінде ақпаратты жеткізу тәсілдері, стилі платформалары жайлы мәліметтерді осы дәрістен алып өз курсыма қостым.

- Өзге елде жалғызсырау сезімі бола ма? 

- Иә, ондай сезім болады. Бірақ, АҚШ-та аса қатты жалғызсырай қоймаймын. Өйткені, мұнда әр қалада қазақтар қауымдастықтары бар. Қазақтар бір-бірімен етене қарым-қатынаста. Әрқашан бір-бірін іздеп, көмектесіп тұрады. Менен сабақ алатын  студенттер де бір-бірімен тығыз байланыс орнатып, бірліктің үлгісін көрсетіп жүр. Жалпы, қазақтар қайда жүрмесін, өздерінің бауырмалдығымен, қонақжайлығымен ерекшеленіп тұрады. 

- Болашақта елге оралу ойыңызда бар ма?

- «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді ғой. Алдағы уақытта мен мұнда көздеген деңгейде білімімді жетілдіріп, Қазақстанға оралып халыққа пайдамды тигізсем деген ойын бар.

Сұхбаттасқан Абылай Есімбай

Түркістанға келген Тоқаев Шымкентке соқпай кетті
Ақментай Есбаевтың отставкісі...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу