Талғар Мейірханов: «Иммунитет тапшылығы адамның әлеуметтік жағдайына, жынысына қарамайды»

Screenshot_1.jpg

Талғар Мейірханов, Оңтүстік Қазақстан облыстық СПИД орталығының бас дәрігері:

- 2008 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырған 271 жаңа оқиға анықталса, 2009 жылы бұл көрсеткіш 228-ді құрады. Ал 2010 жылы 171 оқиға тіркелді. Яғни ауру жұқтырғандар саны кеміді деген сөз,--дейді бас дәрігер Талғар Мейірханов.

-Жалпы облысымызда бұл қатерлі дерттің дерегі ең алғаш 1993 жылы мәлім болды. Содан бергі 18 жыл ішінде 2003 адам инфекция жұқтырған. Олардың арасындағы 220-сы 14 жасқа дейінгі жеткіншіктер. Осы 2003 жағдайдың ішінде 134-інде иммунтапшылық белгілері бар.

- Сырқатты анықтау, яғни азаматтарды тексеру қарқыны қандай деңгейде?

- Облыстық әкімдік пен денсаулық сақтау министрлігі арасындағы меморандумға сәйкес адамның иммунитет тапшылығы вирусына қарсы жергілікті халықтың ең кемі 10 пайызын лабороториялық зерттеумен қамтуымыз керек. Бұл шамамен 250-270 мың халықты құрайды. Ал біз жыл сайын 370-380 мың адамды арнайы тексеруден өткізуге қол жеткіздік. Мұндай кең ауқымды тексеру бұрын-соңды болған емес. Оның үстіне біздің орталықтың зертханасына француздардың, американдықтардың, жапондықтардың заманауи жабдықтары қойылған. Бұйрытса, халықаралық аккредитациядан өткізілгелі жатырмыз. Дәрігерлер мен медициналық қызметкерлердің де біліктілігі жоғары, тәжірибелері жеткілікті. Орталықта қызмет ететін 46 дерігердің 70 пайызы жоғары, бірінші және екінші санатты мамандар. Орта буын медицина қызметкерлеріне қатысты да осыны айтуға болады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен мамандар облыстық, республикалық медициналық оқу орындарының базасында ғана емес, ұдайы шетелдерге де шығып, білімін жетілдіріп отырады.

Қаржылай қолдау жағына да айтар еш өкпе-ренішіміз жоқ. Осыдан екі жыл бұрын 335 миллион теңге шамасында қаржы қаралса, биыл 737 миллион теңге бөлінді. Оның 154 миллион теңгесіне 1954 жылы пайдалануға берілген ескі ғимаратымызға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Сондай-ақ, орталығымыздың Түркістан мен Мақтарал ауданында филиалдың ашылуы жұмысымыздың біраз жеңілденуіне, сапасының артуына себеп болды. Мәселен, бұрын бұл аймақтардан алынған қанның анализін анықтау үшін Шымкентке дейін 300 шақырым жерге тасымалданса, қазір диагноз сол жерде анықталады. Бұл уақыт пен қаржыны үнемдейді, ең бастысы сапа жоғалмайды.  

- Шыны керек, сәл бұрынырақ бұл ауру негізінен нашақорларға қауіпті, өзгелеріне қауіпсіздей сезілетін. Қазіргі көзқарас мүлдем басқаша...

- Ойыңызды түсіндім. Ондай көзқарастың болғаны рас. Себебі, шынында да алғашқы жылдары адамның иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырғандардың 80-90 пайызы тамырына ине шаншу арқылы есірткі қабылдайтын нашақорлар еді. Қазір бүкіл қоғамға қауіп төндіріп тұр. Ретроспективтік эпидемиологиялық талдаулар нәтижесінде соңғы жылдарда АИТВ-инфекциясының жыныстық жолмен берілу үлесінің көбеюі 56, 3 пайызға жетсе, әйелдер арасында тіркелу көрсеткіштерінің өсуі 45 пайызды құрады. Анықталған жағдайлар ішінде шетел азаматтарының үлесі де 12 пайызға жетіп, өсу байқалады.

- Азаматтар тексерілгенде құпиялық қаншалықты сақталады?

- Вирусты жұқтырғандар екі түрлі жағдайда, яғни ерікті түрде және мәжбүрлі түрде тексеру барысында анықталады. Кез-келген азамат анонимді түрде қан тапсыруларына болады. Ал қан беруші донорлар мен қан алушы реципиенттер, жүкті әйелдер, сондай-ақ, әскер қатарына шақырылушылар мен сотталғандар міндетті түрде тексеруден өткізіледі. Қазір алдын-алу жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Бұл мақсатта 23 сенім пункттері жұмыс істейді. Орталығымызбен қоян-қолтық жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері облыс аумағындағы түзеу мекемелеріне айына үш мәрте арнайы барып, жазасын өтеп жатқандарға ақпараттық материалдар таратады. Облыстағы осындай алты түзеу мекемесінде сырқат жұқтырған 103 сотталушы бар. Жалпы мұндай мекемелерден 447 ауру анықталған.

Жаңадан анықталған ауруды тіркеу үш рет расталғаннан кейін барып іске асырылады. Облыста екі мәрте анализі расталғаннан кейін үшінші мәрте Алматыға жіберіледі. Ол жақта да расталғаннан кейін арнайы есепке алынады. Бүгінде антиретровирус терапиясын қабылдайтындар қатары 341-ге жетті. Оның 170-сі балалар.

- Анадан балаға аурудың жұғу қаупі  жайлы білсек.

- Ауруға шалдыққан аналардан 224 сәби жарық дүние есігін ашты. Осының 214-і дені сау қалпында туылды. Аяғы ауыр ана антиретровирус терапиясын тұрақты, үзіліссіз қабылдаса, ішіндегі сәбиін бұл дерттен аман сақтап қалуға мүмкіндік болады. Өзге жағдайда ауру жұқтыру қаупі 50 пайызға ұлғаяды.

- 1-желтоқсан – Дүниежүзілік жұқтырылған иммунитет тапшылығы синдромына қарсы күрес күні. Аты жаман ауруға  қарсы күрес күніне қандай дайындықпен келдіңіздер?

- 148 мемлекет өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде белгіленген бұл дата әлем елдері үшін маңызды екенін аңғартады. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен үстіміздегі жылдың 10 қарашасы мен 10 желтоқсаны аралығында ЖИТС-ке қарсы күрес іс-шаралар өткізілуде. Осы айлық барысында тұрғындардың осал топтары мен жастар арасында ақпараттық білім беру, интерактивті іс-шаралар ұйымдастыру, негізгі көлік магистралдарында, адам көп жиналатын орындарда буклеттер, плакаттар, үндеухаттар, сондай-ақ, контрацепция құралдарын тарату жұмыстары жүргізілуде.

 Әңгімелескен Шадияр Мекенбайұлы.  

 

Сөз арасындағы пікір

Әлем емін таппаған аурудың шипасы әтірде ме?

Төлеби ауданынан шыққан бір емші қыздың СПИД-тің емін таптым деп баспасөз арқылы елді шулатқанын білеміз.  Дәрігерлердің келіспеушілігіне қарамастан дерт жұқтырған бүлдіршіннің қан тамырына әтір жіберу әдісін қолданғаны оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.  Шулы оқиғаға байланысты облыстық СПИД орталығының бас дәрігері Талғар Мейірхановтың пікірін тыңдаған едік.

-  Маман ретінде айтарым, қазіргі уақытта әлем бойынша бұл ауруға қарсы ем жоқ. Бүгінде ең тиімді тәсіл саналатын антиретрвирусты терапияның өзі қанның құрамындағы вирусты азайтып, бірқалыпты ұстап тұрғанымен, түпкілікті жойып жібере алмайды. Осы терапияны қолдану арқылы, егер дәрі-дәрмегін үзбей пайдаланса 10,20, тіпті, 40 жылға дейін өмір сүруге болады. СПИД-тің емін таптым дейтіндер, өкінішке қарай, көбейіп кетті. Германиядан бір адам шықты емдеймін деп, Армениядан шықты «вакцина таптық, вирустың барлығын жойып жібереміз» деп. Алайда, олардың барлығы шындығында бос әңгіме. Әтірмен емдеуге байланысты да айтарым осы. Ол медицинада дәлелденбеген. Жаңа препарат табу, оны сынақтан өткізу ұзақ уақытты, бірнеше сатылы процессті, қажырлы еңбекті талап ететін күрделі дүние.

Мұрағаттан, 12.12.2011

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Біржан Байтуов: «Әркім алдымен өзін, одан соң отбасын түзесе, қоғам түзелер еді»
  • Зәуреш Батталова: «Дариға Президент бола алмайды»
  • Нұржан Әлтаев: «Ажырасқан еркек үйінен бір чемоданмен ғана кетуі керек»
  • Уәлихан Қайназаров, мәжіліс депутаты: Бәрін ақшамен өлшесек, ұлт өзінің құндылықтарын жоғалтады
  • Дархан Мыңбай: «Бізде жершілдік, аумақтық емес, мемлекеттік көзқарас қалыптасу керек»
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика