«Тәшкен көрген-2» Асқар Мырзахметов салған соқпаққа Дархан Сатыбалды да түсті

Oinet.kz 08-09-2022 1758

Қайбір жылдары «Рейтинг газетінде» біз «Тәшкен көрген» деген тақырыпта материал жарияланғанбыз. Мақаланың бас кейіпкері- сол кездегі облысқа жаңадан әкім болып тағайындалған Асқар Мырзахметов еді. Мырзахметовтың еңбек жолында Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі қызметін атқарғаны белгілі. Мақаланың «Тәшкен көрген» аталу себебі енді түсінікті шығар. Дәл осы жағдай араға 13 жыл салып тағы да қайталанды. Бұл жолы облысқа жаңа әкімді тікелей Тәшкендегі елшіліктен алдырдық. 

Screenshot_1.jpg

«Тәшкен көрген» Мырзахметов Оңтүстіккте алты жылдан астам уақыт әкім болды. Артында ел айтып жүретіндей із қалдырды. Одан әрі елордаға өсіп кетті.  Әулиеата жеріне әкім болды. Бірақ 2020 жылы Қордайдағы қырғыннан кейін Асқар Исабекұлының карьерасы шорт үзілді.  «Тәшкен көрген-2» Дархан Сатыбалдының әкімдік дәуірінің қанша жылға созылатыны, артында қандай өнегелі ісі қалатыны туралы дәл қазір әңгіме айту қиысынсыздау, әрине. Бәрін уақыт көрсетеді. 

Десек те, жаңа келген әкімді жұртшылықтың бұрынғыларымен салыстыратыны рас. Дархан Сатыбалдының өзіне дейінгі әкімдерден нендей ерекшелігі бар? 

Қарап отырсаңыз пәлендей өзгешелік байқалмайды. Дархан Амангелдіұлы Оңтүстік өңірінің тумасы. Еңбек жолын туған жері Келес ауданындағы колхоздан бастаған. Көптеген салаларда жұмыс істеген. Қаржы министрлігінде ревизор, Президенттің іс басқармасында референт, кеңесші, Астана қаласындағы «Жылу» кәсіпорнында директордың міндетін атқарушы, Білім және ғылым министрлігінде департамент директорының орынбасары, осы министрліктегі комитет төрағасының орынбасары болған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде департамент бастығы, Премьер-министр кеңсесінде бөлім меңгерушісінің орынбасары лауазымдарын атқарған. Жоғарғы сотқа қарасты Сот әкімшісінде еңбек еткені тағы бар. 

Дархан Сатыбалдының ауызға іліккен кезі 2013 жылдан басталады. Сол жылы оны Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов Шымкент қаласының әкімі қызметіне тағайындады. Бірақ жасыратыны жоқ, Сатыбалдының мегаполиске мэр болған екі жылдан астам уақыт ішінде нендей тірліктерді атқарғанын есімізге түсіре алмадық.  2015 жылы ол  креслосын «хит әкім»  Ғабидолла Әбдірахымовқа тапсырып, өзі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды… Арада екі жыл өтті. 

2017 жылдың аяғында облыс әкімдігі ресми түрде  Дархан Сатыбалдының  «шетелге оқуға кетуіне байланысты өз өтініші негізінде жұмыстан босатылғанын» мәлімдеді.  Сол кездегі облыс басшысы Жансейіт Түймебаев оны «шет елге» шығарып салып тұрып, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады... Арада алты ай өтті. 

Алайда шетелге оқуға кетті деген Дархан Сатыбалды 2018 жылы Шымкент қаласында өтіп жатқан Сенат сайлауының басы-қасынан табылды. Ресми ақпараттарда оның «жұмыссыз» екендігі көрсетілді. Жұмыссыз Сатыбалды додада бағы жанып,  Шымкенттің атынан Сенатқа депутат болып кетті. Сенаттың осы шақырылымында Дархан Сатыбалды қазіргі президент, сол кездегі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге қызмет етті… Арада тағы бір жыл өтті. 

2019 жылы Дархан Сатыбалды Сенаттағы депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын доғарып, Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі қызметіне тағайындалды.  2019 жылдың 18 наурызында. 19 наурызда Елбасы өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. 20 наурызда президенттік постты Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Яғни, Дархан Сатыбалды Елбасы тағайындаған ең соңғы кадрлардың бірі болып саналады. Елшілік қызметті ол үш жарым жылға жуық уақыт атқарды… 

Айтпақшы, Дархан Сатыбалдының Елбасының немере інісі Қайрат Сатыбалдыға ешқандай қатысы жоқ. Бірақ кейбіреулер оның Елбасының тағы бір немере інісі Самат Әбішпен жақын байланыстырады. Кім біледі?! Дархан Сатыбалды мен Самат Әбіш екеуі 2010-2011 жылдары  Ұлттық қауіпсіздік комитетінде департамент басшылары болып бірге қызмет еткен. Бұл екеуі арасындағы байланыс тек әріптестік, қызметтестіктің төңірегіндегі ғана болуы мүмкін. Кім біледі?!

-Түркістан өңірінің тумасы болғандықтан әрі осы жерде кіндік қаным тамғандықтан туған елге қызмет ету – мен үшін үлкен абырой және жауапкершілік. Мемлекет басшысы Түркістан облысын дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында маңызды жобаларды іске асыру, оның ішінде жаңа өнім шығару, жолдарды жаңғырту, тұрақты жұмыс орындарын құру және жалпы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жабаларды соңына дейін жеткізуді тапсырды. Сонымен бірге экономиканы барынша әртараптандыру, халықты газбен және сумен жабдықтау, сондай-ақ мектептегі орын жетіспеушілігін жою мәселелеріне назар аудару, отандық және шетелдік туристер үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі жұмысты жалғастыру міндетін жүктеді. Осы міндеттерді жүзеге асыруда облыс халқымен, депутаттарымен, осындағы әріптестермен бірлесе жемісті жұмыс істейміз деп сенемін,-деп жазыпты қызметке тағайындалғаннан кейін Д.Сатыбалды әлеуметтік желідегі парақшада.

Жаңа әкімнің өзгерістерді кадрлық саладан бастайтыны белгілі ғой. Шөкеевтің ізіне еріп жүретін бір топ кадрлардың дәл қазір тыпыршып отырғаны айдан анық. Сәкен Қалқаманов пен Ұлан Тәжібаев әкімі орынбасарының креслосын сақтап қала алады ма? Арман Жетпісбай қайда барады? Ауыс-түйістің алды осы аптада басталатын сияқты. Әліптің артын бағып көрейік. 

"Рейтинг" газеті, қыркүйек, 2022 ж

Тоқаев әйелдердің зейнет жасын төмендетті
Шөкеевтің қателігін Сатыбалды қайталай ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу