​Нұралы Әбішов: «Құрылыстағы материалдардың түгелге дерлігі – отандық тауарлар»

Oinet.kz 10-08-2019 1264

Screenshot_24.jpg

Нұралы ӘБІШОВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы Жолдауында «Мемлекет сіздердің бизнестеріңізді дамытып, аяққа нық тұруларыңызға барлық жағдайды жасады. Бүгінгідей сын сағаттарда сіздерге үлкен жауапкершілік артылады. Жекешелендірудің жаңа легіне белсенді қатысыңыздар, қаржыны заңдастырып, ашық жұмыс істеңіздер. Қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу деген сөз. «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады. Өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек, бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды» деді. Бұл – өмір талабы! Мемлекет басшысының «Қазақстанның аг¬рар¬лық сек¬торы үл¬кен экспорттық мүмкін¬діктерге және инновациялар енгізу үшін жоғары әлеуетке ие» деп көрсеткен жолмен ауыл шаруашылығын қолға алғанымызды жасырмаймын. Аграрлық салада алға қойған мақсатымыз, ауқымды жобаларымыз бар. Олар туралы арнайы айтуға болады» деді» деп бастады бізбен сыр бөліскен «Комби-строй-І» және «Агро-V» компанияларының құрылтайшысы. Елбасы саясатын қызу қолдайтын кәсіпкермен одан әрі әңгімеміз құрылыс туралы өрбіді...

– Нұралы Әлмаханұлы, сіз басқаратын компанияның құрылыс саласындағы жұмыстарынан жұрттың хабары бар болғанымен  егжей-тегжейлі екінің бірі біле бермейді. Құпия  болмаса,  кеңірек ақпаратпен бөліссеңіз...

– Әрине, «ішкі асханамызды» екінің бірі білуі міндетті емес. Бастысы жұмысымыздың нақты нәтижесін  халық көріп, шынайы бағаласа болды. Егер көпшіліктің көңілінен шығып, қолдауына ие болып жатсақ, елге қызмет етуде одан артық абырой болмайды. Дегенмен, солай екен деп істегенімізді мақтангершілікке салынып, жалпақ жұртқа міндет еткендей айта беруге де болмайды.  Бірақ, сіз ойлағандай жұмысымызда ешқандай құпия жоқ. Біздің компания екі салада жұмыс атқарады. Оның бірі – өзіңіз айтқан құрылыс, екіншісі – ауыл шаруашылығы. Бір кәсіптен тапқан пайдаңыз арқылы  екінші саланы дамыту туралы алғаш айтқан да, халыққа арнаған Жолдауларында бағыт-бағдар берген де – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Ал, құрылысқа қатысты «Комби-строй-І» деп аталатын компаниямызды 2003 жылы құрғанбыз. Биыл ақпанда 13 жыл толды. Бүгінде «Комби-строй-І» барлық талаптарға сай бірінші категориялы компания болып табылады. Менің білуімше, мұндай дәрежелі құрылыс мекемелері облыста саусақпен санарлық қана, көп болса 12-13 шығар. Өйткені мұндай категория сенімді кәсіпорындарға облыстан емес, республикадан беріледі. Мұның да талаптары бар. Біріншіден, осы салада кем дегенде 10 жыл жұмыс істеген болуыңыз шарт. Бірақ, оны он жыл бұрын ашқан құрылыс компанияңыз бар болса да осы салада үздіксіз жұмыс істемей ала алмайсыз. Екіншіден, осы аралықта атқарған жұмыстарыңыз мінсіз болуы міндетті. Шикіліктері, кемшіліктері, олқылықтары бар ұқыпсыздау мекемелерге берілмейді. Құрылыс материалдарын шығарумен және инфрақұрылымдарды жүргізу жұмыстарымен айналысатын бізге де он жыл мерзімде мұнша қашықтықта газ, пәлен шақырым су құбырларын тартасыз, жер астымен жоғарғы кернеулі электр желілерін жүргізесіз, кәріз жүйесін іске қосасыз деген сияқты мөлшерлі міндеттемелер жүктелді. Бұл талаптардың барлығы да сапаға негізделген. Осындай сынақтардан сүрінбей өтіп, 12 жыл дегендей бірінші категорияға қол жеткіздік. Бүгінде еліміздің инфрақұрылымын дамытуда біздің жұмысымызды атқара алмайтын компаниялар көп. Осының өзі қаншалықты дамығанымызды, жетістіктеріміздің аз еместігін білдірсе керек. 

– Еткен еселі еңбектеріңіз бағаланып жатқан болар?

– Жаңа айтқанымдай, біз негізінен елдімекендердің инфрақұрылымын жүргізумен айналысамыз. Бүгінге дейін Созақ, Түлкібас аудандарының орталықтарына, Сарыағашта Абай елді мекеніне, Шардара қаласына су құбырларын тарттық. Біз істеген жерлердің барлығында да тұрғындар тәулік бойы үздіксіз таза ауызсу тұтынып келеді. Облыстық әкімшілік іскерлік орталығының инфрақұрылымын да толығымен біз істедік. Суы, электр қуаты, газы, кәріс жүйелері, телефон желілері, әкімдіктің алдындағы алаңы мен жолдары, бәрі біздің компанияның жұмысы. Әрине, тегін істеген жоқпыз, мемлекеттік тапсырыстарды жеңіп алдық. Техникаларымыз бен жұмысшыларымыз барлық талаптарға сай болғанымен жергілікті биліктің бұл істі бізге сеніп тапсыруы еңбегімізді оң бағалағаны деп білемін.

– Сіздіңше құрылыста ешқандай кедергілер жоқ сияқты ғой?

– Өзгелер үшін жауап бере алмаймын. Тек бізде ондай проблема жоқ. Рас, бұрын болған. Ол бәрімізге де қатысты еді. Мемлекеттік тапсырыс аясында атқарған жұмысыңызды қабылдау актісіне 16 адам қол қоятын. Бұл дегеніңіз – 16 мекеме. Оның машақаты көп болатын. Сосын атқарылған жұмыстардың құжаттарына қол қойғаны болмаса, олардың бірде-біреуі жауап бермейтін. Кемшілік орын алған болса, тек мердігер ғана айыпты болып саналатын. Қазір қабылдау комиссиясының құрамы азайды, 4-ақ адам. Олар да мердігер сияқты істің орындалуына да, сапасына да жауапты болады. Бірақ талап күшейтілген... 

– Атқарушы билік тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға қаншалықты жағдай жасалып жатыр деп ойлайсыз?

– Біздің осындай жағдайға жетуіміздің өзі мемлекет тарапынан тиісті жағдайлар жасалынып жатқанын білдірсе керек. Бүгінде әрекеттенген, қолынан іс келетін адамның қайсысына болмасын қажет болса кәсіп ашуға кеңес беретін, құжаттарын реттеп, тірлігін тірілтуге, дамытуға көмектесетін, тіпті төменгі пайызбен қаржылай қолдауға дайын орталықтар бар. Елбасының айтып жүргені де осы – кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдай жасау. Осы мақсатта Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлттық қордан миллиардтап қаржы бөліп, инфрақұрылымдарды дамыту арқылы елдің әлеуетін арттыруға күш салуда. Соны дұрыс пайдалана білгендердің бірі – біздің компания. «Комби-строй-І» ашылғаннан бастап 13 жылдан бері Оңтүсік Қазақстаннан басқа облыста ешқандай жұмыс істемеген. Оның себебі облыста біз атқаратын жұмыстар әлі де жетіп артылады. Дамыған сайын қажеттіліктер де артып келеді. Әйтпесе бірінші категориялы компанияның басқа өңірлерге барып жұмыс істеуіне мүмкіндіктері толық жетеді. Тиісті техникаларымыз да, тұрақты мамандарымыз бар. Жұмысшыларымыздың жалақылары да жоғары. Жалпы алғанда Оңтүстікте жұмысшыларға ең көп айлық беретін ол біздің компания. Елбасы Жолдауында «қаржыны заңдастырып, ашық жұмыс істеңіздер» деді емес пе? Ендеше айтаыйын, облыстағы ең көп салық төлейтін де «Комбистрой», жылына 100-150 миллион теңгекіріс кірсе, соның 32 пайызын салық есебінде бюджетке аударамыз. Бұл – мемлекет үшін қомақты кіріс көзі. Соған сай жұмысшыларымыздың зейнетақы қорларына тиісті қаржыны уақытылы аударып келеміз. Оның аз ақша емес екені анық. Ал, енді басқа атағы жер жарған үлкен компаниялармен салыстырып көрулеріңізге болады. Олар мемлекетке қанша пайда әкеліпті? Өйткені арамызда әлі де табысын жасырып көрсететін кәсіпорындар бар. «Комбистройдың» басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты ретінде мен ондай қулық-сұмдықтарға бара алмаймын. Сайлаушыларымның сеніміне селкеу түсірмеу туралы айтпағанның өзінде мұндай қитұрқылық адамгершілікке жатпайды. 

– Қанша адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырсыздар?

– Бұдан бес жыл бұрын біз заман талабына сай кірпіш зауытын аштық. Соған дейін құрылысқа қажетті қарапайым қыштың өзін біз Өзбекстаннан алып келдік. Себебі – жетпейтін. Қазір керісінше, Өзбекстанға біз сатамыз. Бұл да біздің отандық өнім көлемін ұлғайтуға қосқан үлесіміз болса керек. Зауытта 60 адам жұмыс істейді, олардың бәрі де Бадам ауылдық округінің тұрғындары. Жалпы құрылыс компаниясында 350-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Көп ел дамығанда табысының басым бөлігін қару-жараққа жұмсап, қорғанысын күшейтеді. Әскери әлеуеті мықты болса, елдің әл-ауқаты артады деп ойлайды. Ал, біз қайттік? Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде құрылысқа жұмсалған қаржымызды еселеп қайтарып, еліміздің басқа да салаларын дамытуға күш салып жатырмыз. Құрылыстың арқасында байығандардың біреу менмін.

– Кірпіштен өзге тағы да қандай құрылыс материалдарын өндіресіздер?

– Полиэтилен трубаларды шығарамыз. Негізінен инфрақұрылым жұмыстарын жүргізетін болған соң су, газ құбырларын өзімізде жасап жасап жатырмыз. Біздің құрылыста қолданып жүргендеріміздің түгелге дерлігі өзіміздің өнімдер – отандық тауарлар.

– Келесі жылы елімізде ЭКСПО көрмесі өтеді. Астанада қарқынды құрылыс жүріп жатыр. Ол жаққа да құрылыс материалдарын жөнелтіп жатқан боларсыздар?

– Кірпішімізді ұсынғанбыз. Сапалы екендігін ондағы мамандар да растады. Алайда біздің өнімнің құнынан тасымалдаудың бағасы асып кетеді екен. Мысалға айтар болсақ, бір кірпішті зауыттан 25 теңгеден босатсақ, Астанаға жекізу құны – 30 теңге. Ал ол жақта кірпіш 55 теңге тұрады. Сондықтан да тиімсіз болды-ау деймін. Дегенмен алдағы уақытта Астанадан да құрылыс бұйымдарын шығаратын зауыт салсақ деген жоспарымыз бар. 

– Ауыл шаруашығындағы істеріңізді айтпағанның өзінде құрылыс саласында да ауқымды жобаларыңыз жетерлік екен. Маман тапшы емес пе? 

– Өкінішке қарай, бұл бір біздегі ғана бар проблема емес. Жас мамандар жетіспейді. Тәжірибелі жұмысшыларымыздың басым бөлігі зейнет жасына таяп қалғандар. Айтсақ өзімізге тиеді. Қазақ балаларының жұмысшы болғанын қаламайды. Перзентім оқып-тоқып, ел басқарса дейді. Ел арасында баю үшін ел басқару керек, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу қажет деген ұғым қалыптасып кеткен. Содан әлі де арыла алмай келеміз. Тіпті өзіміз оқытып тәрбиелеп алайын десек те жастардың құрылысқа жақындағысы келмейді. Ал, Елбасы Жолдауында «Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек... Жылдар өтеді, бірақ, осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да, міндетті түрде кәделеріңе жарайды» деді. «Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады» деген де Елбасы. Рас айтады. Негізінде адам баю үшін жаңашылдыққа ұмтылып, кәсіппен айналысып елге қызмет етуі тиіс. Өйткені адамға жұмысты мемлекет емес, кәсіпкер тауып береді. Ал Үкіметтің міндеті – кәсіп ашамын деген азаматқа қос қолдап жәрдем беру. Әкімнің де міндеті сол – жағдай жасау. Өйткені сіз бірдеңе ашсаңыз, кемінде бір адамды жұмысқа аласыз. Кәсіпкерлік деген осы.  

– Облыстық мәслихаттың бір емес, қатарынан үш шақырылымының депутатысыз. Бір ауданнан сайланып келесіз. Кәсіпкер-депутат ретінде сайлаушыларыңызға көмек көрсеттіңіз бе?

– Қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз ғой. Оның бағасын елдің бергені абзал. Дегенмен, өзім сайланған округтегі Атамекен ауылын газбен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттарын жасатуға компанияның 52 миллион теңгесін жұмсадық. Жобасын жасатып, елді мекенді газдандырдық. Осы ауылдың ауызсу құбырларын тарту үшін 12 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттарын жасаттық. Нәжижесінде Атамекенге таза ауызсу берілді. Бірақ, 100 жылдан бері газдың үстінде отырған Мақтарал ауданының 20-ақ пайызы ғана көгілдір отынмен қамтылған. Депутат ретінде мен мұны бұған дейін де талай айтқанмын, мәселе етіп көтергенмін. Енді соның іске асуына күш саламын. 

– Сіз айтып отырған Мақтарал ауданының жер астымен өткен құбырлардағы газ Өзбекстандікі ғой. Бере қоя ма?

– Иә, басқаларға бермеуі мүмкін. Бірақ, газ тасмалы өтетін елді мекендерге беруге міндетті. Тек келісу керек. Оған көп те шығын кетпейді. Ақтаудан құбыр тартып әуре болмайсыз да. Жетісайдың астынан өткен газ құбырына жалғансақ болды. Қазір Шымкенттен бастап, Түлкібас, Төле би, Қазығұрт аудандары да сол құбырлардан көгілдір отын алып отыр ғой. Неге оған 300 мыңнан астам халқы бар Мақтаралды қосуға болмайды? Елбасы 2020 жылға дейін елді толық газбен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді емес пе? Алайда «ҚазТрансГаз Аймақтың» облыстық филиалы газбен жабдықтаудың өңірлік схемасын іске асыру шеңберіне ауданды енгізгенімен жобаны жүзеге асыруға келгенде қаржы болмай қалған. Неге Мақтаралға келгенде қаржы жетпейді? Осы мәселені депутат ретінде шешуге ықпал етсем деймін. 

– Жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Уақыт тауып, сыр бөліскеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Асылбек ҚҰНАНБАЙҰЛЫ

Мұрағаттан, 2016 ж

Темірғали Көпбай: «Әбіш Кекілбай мен Төлен Әбдік классик! Бірақ олар қызметтің құлы болды»
Ералы Мыңбаев: «Біркөлік ғашық боласыз бір көріп»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу