Тілек Төлеуғазы, режиссер-мультипликатор: «Қазақ анимациясында маман аз, уақыт тапшы»

Oinet.kz 06-08-2019 3041

Screenshot_12.jpg

Тілек Төлеуғазы, режиссер-мультипликатор

Тілек Төлеуғазы Қытай Республикасы, Тарбағатай аймағының тумасы. Қазақ анимациясының шебері. «Нүктелер», «Бөгде», «Тастүлек», «Иесі оралған мысық», сондай-ақ, жақында өз көрермендеріне жол тартқан «Мұзбалақ» мультфильмінің режиссері. Аталған фильмдер қазақ анимациясындағы мағыналы, шебер туындылар қатарында.

- Тілек аға, анимация саласына қалай келдіңіз?

- Мектеп қабырғасында жүргеннен сурет салуға қызықтым. Алғаш төрт-түлік малды сызудан бастап әкемнен үйрендім. Кейін қызығушылығым тіптен артып, ары қарай өз ойымнан салған керемет туындыларды қағаз бетіне түсіре бастадым. Мектеп түлегі атанғаннан кейін танымал суретші болсам деген арманымды арқалап Алматыға келдік. Мұнда қазақтың мультфильм саласының бар екенін, қазақ мультпликациясының атасы Әмен Қайдаровтың бастамасымен ашылған білім беру ордасының бар екенін білдім. Арманымды жүзеге асыратын бірден-бір жолым Қазақ Ұлттық Өнер академиясына қабылдануым болды. Сол қара шаңырықта 2006 жылдан 2011 жылға дейін анимация саласының маманы, режиссер Тамара Мұқанованың шеберханасынан білім алып шықтым. Алғашқы туындыларымның тұсауын кескен осы шаңырақ десем болады. Тұңғыш туындым «Нүктелер» деп аталады. Оны 2010 жылы курстық жұмыс ретінде жасаған болатынмын. Бұл еңбегім Алматыда өткен қалалық «Дидар» атты студенттер арасында өткен кинофестивальде Бас жүлдені жеңіп алды. Одан кейін оқуымды тәмәмдайтын жылы дипломдық жұмыс ретінде «Бөгде» атты анимациялық туындыны дайындадым. Ол, 2012 жылы 10 кезекті халықаралық «Шәкен жұлдыздары» кинофестиваліне қатысып «Үздік идея» сыйлығымен марапатталды. Осы жылдан бастап «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істеп келемін. 2013 жылы 23 минуттан тұратын «Тастүлек» атты мультфильмді бастап, 2014 жылы бітірдік. Ал 2015 жылы Қазақстан Ассамблеясының 20 жылдығына орай тоғыз бөлімді мультфильм түсіріліп, бір бөлімін «Иесі оралған мысық» деген орыс ертегісінің желісі бойынша жасадым. Оны бітіргеннен кейін 2015 жылдың күзінде «Мұзбалақ» атты толықметрлі анимациялық фильмге көштік. Оны әріптесім Тұрдыбек Майдан екеуміз бастадық. Фильмді жасап шығаруға екі жарым жылдай уақыт кетті. 2018 жылдың көктемінде аяқтадық. Жақында Ярославльде халықаралық «Отбасымен бірге» атты 14-ші кезекті фестиваль өткен болатын. Аталған шараға «Мұзбалақ» анимациялық мультфильмін ұсындық. Әлемнің 23 мемлекеті қатысқан үлкен додада, «Мұзбалақ» «Әділқазы алқаларының арнайы жүлдесімен» марапатталды.

- Киноның қалай түсірілетінін көріп жүрміз, ал анимацияның қалай жасалатынын көпшілік біле бермейді. Белгілі бір туындыны жасап шығарудың сырымен бөліссеңіз!?

- Анимацияның жасалуын бір-екі ауыз сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Анимациялық фильмдер бірнеше түрлерге бөлінеді. Классикалық түрі 2D, заманауи 3D үлгісінде, переклатка деген бар, ол жерде кейіпкерлерді қиып алып қозғалтып та жасаймыз. Сосын қуыршақпен, эклермен жасалатын анимация түрлері бар. Жалпы, анимациялық туындының әр секундына 24 сурет салынады. Біз «Мұзбалақта» 70% 2D классикалық үлгіні, 30% 3D өлшемді үлгіні қолдандық. Мультфильм жасау барысында, ең бірінші фильмнің идеясы мен сценарийі жазылады. Оларды реттеп, толықтырып алғаннан кейін режиссерлік жоба мен кадрға бөлу жасалады. Сосын суретшілердің жұмысы басталады. Олар, кейіпкерлерден бастап, негізгі деталдарды алып, орта суретін сызады. Кадрға бөлу салынып біткенше кейіпкер де, фильм стилі мен көркемдік шешімдері де тұрақтанып болады. Бүкіл раскадровканы салып, кейіпкерлерді тұрақтандырып болғаннан кейін өндірістік кезеңге өтпей тұрып, аниматик жасалады. Мұнда Фильмнің басынан аяғына дейін әр кадрдан бір-екі суреттер салып, фильмді соңына дейін толық көруге мүмкіндік береді. Ол бітісімен өндіріс басталады. Өндіріс кезеңінде әр кадрдың анимациясы жасалып, оқиғаға қарай кейіпкерлердің де характерлері ашылады. Жалпы қозғалыс пен бояу беріледі. Бұл үдерістен кейін, монтаждық кезең басталады. Бүкіл дайын болған анимацияларды монтажға жинап, кейіпкерлермен орта фон біріктіріледі. Барлық сценалар монтажға қойылып, тұтас фильм жасалып шығады. Осы процеспен бірге әртүрлі шумдар мен актерлардың дауысы және музыка жазылады. Осылай монтаж кезеңі бітіп, фильм дайын болады.

- «Анимация тек балалар қарайтын нәрсе» деген көзқарас басым екені жасырын емес. Бұл пікірді өзгерту үшін не істеу қажет?

- Кезінде ертегі естімеген баланың ертеңі бұлыңғыр деп жатушы еді. Қазір, көгілдір экраннан ұлттық сарындағы мультфильмдерді көрмеген баланың болашағы бұлыңғыр деп айтсақ болады. Ұлттық санасы, ұлттық тілі жетілмеген бала мәңгүрт болып өседі. Бүгінде, балаларды ата-ана емес, экран тәрбиелеп жатыр. Әлемдегі алпауыт компаниялардың мультфильмдерін тек балалар ғана емес ересектерде бірге көріп, тамашалай алады. Бізде қазақ көрермендеріне ұсынылып жатқан отандық туындылар да, қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын көрсететін, өзіндік мағынасы бар, ой тастайтын дүниелер өте көп, соларды балалармен қоса ата-ана да қызыға тамашалалап, өзіне керекті дүниелерін ала алады. Тек үлкендер назар аударып қарай бермейді.

- Аз уақытта өз көрерменін жия білген «Мұзбалақ» анимациялық - фильмі туралы айтып өтсеңіз!?

«Мұзбалақты» жасауға себеп болған «Қазақфильмнің» қазіргі президенті Бақыт Ғафуұлы. Бақыт Қайырбеков біздің «Тастүлек» атты қысқаметражды мультфильмімізді көріп, өз бағасын берген болатын. «Мына фильм толықметрлі мультфильмге сұранып тұр екен. Егер толықметражды мультфильм етіп жасайтын болсаңдар сендерді қолдаймын» деп ниетін білдіргеннен кейін, осы құс туралы тақырыпты кеңітіп, жаңа сценарий, жаңа оқиғамен «Мұзбалақты» бастадық . Фильмге 40-тан аса маман тартылды. Қазақтың тұңғыш анимациясын жасауға қатысқан кісі, бізбен біріге отырып жұмыс істеді. Әмен Қайдаровтың тұңғыш шәкірттерінің бірі Әміржан Қазиев ағамыз Бас аниматорымыз болды. Қазақ Ұлттық Өнер академиясы мен Астанадағы Шабыт Өнер университетіндегі анимация саласының түлектері мен жас таланытты студенттері қатысты. Атап айтсам Адай Әбілда, Жанәділ Байдарбеков, Қасиет Сақиолла, Мейіржан Сандыбай, Әділбек Баян, Арнас Хаби, Айдар Жұмажанов, Абзал Еңсебеков сияқты білікті, өз ісінің хас шеберлері атсалысты. Мультфильмді дайындау қарқынды түрде жүрді. Кейде 18-20 сағаттап жұмыс істеп, тез бітіруге тырыстық. Себебі, бізде уақыт шектеулі болды. Осындай бір жарым, екі сағаттық мультфильмдерді жасауға шетелде үш-төрт жыл уақыт кетеді. Оған аз дегенде 500-800-ден астам маман кіріседі. Ал, бізде адам аз, уақыт тапшы болды.

- «Мұзбалақ» анимациялық фильмі несімен мақтана алады?

- «Мұзбалақ» 99% қазақ мамандарының қолынан шыққан, Таза қазақи туынды деп мақтана аламыз. Ол жарыққа шыққалы ел ішіндегі және шетелдік кинофестивальдерге қатысып келеді. Былтыр Қазақстандағы киноөнер одағының «Құлагер» атты жұлдесін анықтау кезінде, «Үздік анимация Құлагері» сыйлығымен марапатталды. Ресей мемлекетінің Ханты-Мансийск» ХVIІ халықаралық кинематографиялық «Алау рухы» атты фестивальге қатысты. Чехияның Злин қаласында өткен 59-шы балалар мен жасөспірімдерге арналған халықаралық кинофестиваліне қатысты. Жақында Францияда өткен әлемдік «Annecy» анимациялық фестивалінің кинонарығына қатысуға мүмкіндік алып, қазақ анимациясының тарихында бұрын-соңды бомаған жаңалық алып келді. Қазақ анимациясы тарихындағы төртінші реттік толықметрлі мультфильмдер қатарында. Алғаш қазақстандағы төрт бірдей саунтрек жазылған толық метірлі мультфильм. Біздің «Мұзбалақты» 67 минут етіп жасауымыздың өзіндік сыры бар. 1967 жылы Әмен Қайдаровтың бастамасымен тұңғыш анимациялық туынды «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» жасалған болатын. Біз соның құрметіне 2017 жылы 67 минуттық «Мұзбалақты» қазақ анимациясының 50 жылдық мерейтойына орай дайындадық.

Screenshot_13.jpg

- Қазіргі қазақ мультипликациясына көңіліңіз тола ма?

- Қазіргі қазақ мультипликациясына әрине көңілім толмайды. Біз өзімізді төмен деңгейлі мемлекеттермен салыстырмауымыз керек. Бізден әлдеқайда бір ғасыр алдын дамып кеткен Жапонияның, американың Walt Disney, Dream Works сынды компаниялармен қатар тұруды ойлағанымыз жөн. Олардың анимация саласы әлдеқайда ілгерілеп, әлі күнге дейін ешкімді шаңына ілестірмей келе жатыр. Ал, олармен қатар тұру көп еңбекті қажет етеді. Мысалы, біздің елімізде жылына түсірілетін мультфильмдер саны аз. Көрші Ресеймен салыстырсақ 200-300 сағаттан астам, ал Қытайда жылына 2000-3000 сағаттап мультфильм түсіріледі. Бізде жылына бір толықметрлі фильм жасауды қойғанда, Екі-үш жылда бір толықметрлі фильм берудің өзі қиынға соғады. Жылда 4-5 қысқаметрлі және телеарналардың 1-2 сериалдарымен ғана шектеліп жатамыз. Санын әлі де көбейте алмай келеміз. Сан сапаны өсіреді. Дегенмен, азда болса қазіргі жасалып жатқан туындылар өте сауатты, әрі кәсіби деңгейде жасалған ауыз толтырып айтарлық дүниелер жетерлік. Алайда, әлі де заманауи бағытта дамуды қажет етеді. Ең қиыны сала мамандары саусақпен санарлық. Алдағы уақытта мамандар қатары көбейіп, қазақ анимациясының жоғары дәрежеге көтерілуін қалаймын.

- Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

- Қазақ анимациясын дүр сілкіндіретін дүние жасап шығару әрбір аниматордың арманы. Ендігі шығармашылығымның бастамасы «Алтын адам» толықметражды мультфильмі. Біз Мұзбалақты жасап жатқан кезден-ақ, «Алтын адам» тақырыбындағы болашақ үлкен жобаға сценарий жазуды бастағанбыз. Кейін мұзбалақты сәтті аяқтағаннан кейін «Қазақфильмде» үш айдай алғашқы дайындық кезеніне дейін жүрді. Бұл фильм сонау Сақ дәуіріндегі озық өркениетті, биік мәдениетті, көркемдік деңгейде бүкіл әлемге көрсететін үлкен жоба. Бабаларымыздың рухын көтеріп, балаларымыздың мақтаныш сезімін оятатын туындыны әлемдік деңгейде алып шыққымыз келеді. Бірақ өкінішке орай белгілі себептермен тоқтап қалды. Енді оны қазақфильм қайта бастауға ниеттеніп, біз оны ұлкен дайындықпен күтіп отырмыз. Егер бастасақ ол туындыны келешекте көріп, бағасын бере жатарсыздар. Ерекше атап айтсам, толыққанды шебер жас мамандар жұмыс істейтін «Anyzfilm» деп аталатын киностудиямыз бар. Бұл ұжым біраз жылдан бері халықтың көңілінен шығатын бірқатар жұмыстар жасады. Аталған тобымызбен бірге алдағы уақыттарға жаңа жобалар дайындап қойдық. Біздің мақсатымыз Қазақ киносаласында орны өгейсіп тұрған саланың бірі - компьютерлік графика саласының олқылығының орнын толтырып, Қазақтың мәдени қазынасын, аңыз әңгіме, ертегілерін, дастандарын келер ұрпаққа аңыз болатындай үлкен туынды етіп жасау.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Нұрила ЖҰМАХАНҚЫЗЫ,

"Рейтинг" газеті

Дінмұхамед Ыдырысов: «Биліктегілерді бизнесіме араластырмаймын»
Сатыбалды Нарымбетов, кинорежиссер: «Бекмаханов Кенесары ханды зерттеймін деп 25 жылға сотталған»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу