Болатхан Сағымбеков: «Енді науқас дәрігерді іздемейді...»

Oinet.kz 27-08-2017 1000

Screenshot_7.jpg

Оңтүстік Қазақстан облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері

– Болатхан Сәлібекұлы, соңғы жылдары сіз басқаратын денсаулық сақтау мекемесінің халқы көп шоғырланған Шымкенттің қақ ортасында қалып қойғандығы БАҚ-пен қатар әлеуметтік желілерде де жиі айтылып жүр...

– Бұл 2015 жылдан бері көтеріліп жүрген мәселе. Рас, облыстық та,  бұрынғы қалалық туберкулез диспансері де қаланың ортасында қалып қойды. Алайда аталған ғимараттар салынған кезде орналасқан жерлері шаһардың шеті болған. Облыстық тубдиспансер 1962 жылы салынған, 55 жыл болыпты. Бұны БАҚ та, тұрғындар да бірнеше рет мәселе етіп көтерді. Бүгінгі таңда облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының назарында тұрған бұл мәселеге Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Кеңесбекұлы тарапынан айрықша көңіл бөлініп, Шымкенттің сыртына шығару жан-жақты қарастырылуда. Жаңа типтегі тубдиспансер салу жоспарда бар. Мұнымен қалалық әкімдік, жер комитеті айналысып жатыр. Бұрынғы қалалық тубдиспансерді жұрт үнемі мәселе етіп көтеріп жүр. Бірақ, ол ғимаратта жатып емделушілердің ешбірінен қоршаған ортаға еш зиян келмейді. Өйткені мұнда ауыр типтегі науқастар жоқ. Жібек жолы көшесінің бойындағы тубдиспансерде де сондай. Олардан қоғамға төніп тұрған қауіп жоқ.

– Мекемелеріңізде өзгерістер орын алып жатқанын білеміз. Бұқаралық ақпарат құралдарында тубдиспансерлер жабылды деген ақпараттар жарияланған соң ел ішінде туберкулезге шақдыққандар көбейіп кетпей ме деп қауіптеніп жүргендер де бар...

– Бұл да кеше шыққан әңгіме емес. Елімізде алты жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Халықаралық эксперттердің қорытындысы бойынша стационарда жатып емделушілер қауіпсіз жағдайға жеткенде олардың өз ортасында, үйлерінде емделгені анағұрлым тиімді екені дәлелденген. Сондықтан аудан-қалалардағы тубдиспаерлерді заман талаптарына сай қайта бейімдеу Үкіметтің қаулысымен «Денсаулық» бағдарламасы бойынша, Денсаулық сақтау министрінің арнайы тапсырмасымен жүзеге асырылып келеді.

2011 жылға дейін облыста 1700 науқас жатып емелетін орын болған. Былтыр 840 еді, 100 төсек-орынды қысқарттық. Қазір 740, соның өзінде 150-і бос тұр. Атап айтсақ, 2014-2016 жылдары Түркістан мен Сарыағаштағы тубдиспансерде ем қабылдағандар бар болғаны 20 пайызды құраған. Сайрам ауданында – 40 пайыз, Арыс қаласы мен Отырар ауданындағы диспансерлердің екеуініңкін қосқанда да көрсеткіштері 50 пайызға жетпеді. Міне, осы себепті бізге жұмыстарымызды қайта бейімдеу қажеттілігі туындады. Дамыған, бақуатты елдің ешқайсысы ауруханаларында бұлай төсек-орындарды жылдап бос ұстамайды. Ал, біздің облыста науқастардың жылдан жылға азаюына, оларды емдеу тәсілдерінің өзгеруіне байланысты, жалпы алғанда төсек-орындардың 38 пайызы бос болып келген. Оны ұстап тұрудың өзіне де көп қаражат керек. Ең бастысы, бұл – қажетсіз шығын. Науқас ұзақ емделгеннің өзінде ауруханада ары кеткенде екі-үш ай жатады. Қалған уақытта тұрғылықты жерлеріндегі емханаларда ем қабылдайды. Егер биылғы алғашқы тоқсанда емделушілердің қатары азаятын болса, төсек-орындарды қысқарту мәселесі тағы да қозғалады. Бірақ, тубдиспансерлер жабылғанымен барлық аудандардағы туберкулезге қарсы кабинеттер диагностикалық құрал-саймандарымен сол күйі қалдырылды. Ондағы мамандар бұрынғыдай қызметтерін жалғастыра береді. Олардың айлық жалақылары, Үкімет белгілеп берген қосымша өтемақылары да талаптарға сәйкес төленеді. Бұрын аудандағы тубдиспансерлер тікелей Денсаулық сақтау басқармасына бағынған болса, енді Үкіметтің қаулысына сәйкес енді сол жергілікті емханалардың құрамына кіреді. Себебі ел арасында аса қауіпті емес науқастар тұрғылықты мекендеріндегі емханаларында ем қабылдайды. Профилақтикалық тексеру, емдеу жұмыстары бұрыннан сол емханаларда жүргізіліп келген. Енді тек заңдастырылып беріп жатыр. Емханалардың құзыры кеңейтіліп, жауапкершілігі артады. Талап күшейтіледі. Бұл былтыр сәуір айында басталды. Еліміз бойынша қолға алынған шара өткен жылдың желтоқсанында аяқталып қойды. Тек біздің өңірде тұрғындардың көптігі ескеріліп, мерзім 2-3 айға ұзартылған.

– Жауапкершілік артады, талап күшейтіледі дейсіз. Ол үшін тубкабинеттер соған сай болуы керек шығар...

– Иә, бұрын емханаларда туберулезді анықтайтын маман жоқ болатын. Оны терапевт-дәрігерлер атқаратын. Олар нақты дианоз қоя алмайтындықтан науқасты консультация алу үшін облыстық не қалалық тубдиспансерге жіберетін. Енді ондай болмайды, ауру дәрігерді іздемейді. Енді фтизиатр-дәрігерлер емханалардағы арнайы кабинеттерде отырады. Кеңесін береді, емдейді. Ал, үйінде, амбулаториялық жағдайда жүрген науқастардың ешқайсысынан қоршаған ортасына зиян келмейді. Жұқтыруы мүмкін науқастардың барлығы арнайы ауруханаларда ем қабылдап жатыр. Олар дерттерінің қауіптілігі толық айыққанға дейін жұрт арасына жіберілмейді.

Жалпы, қала-аудандардағы тубкабинеттер профилактикалық бағытта жұмыс істейді. Ондағы мамандарға дерттің таралуының алдын алу, санитарлық талаптарды сақтауды түсіндіру, балалар арасында екпе егуді жүргізу жүкетеледі. Ал, тіркелген аурулармен арнайы мамандар айналысады. Науқастар дерттерінің деңгейіне қарай  облыстық тубдиспансерде, Шымкенттегі туберкулезге қарсы қалалық бөлімшеде, Сайрам, Отырар аудандарындағы бөлімшелерде жатып емделеді.

– Сөзіңізден аңғарғанымыз, облыстағы ахуал біршама жақсарған сияқты...

– Соңғы бес жылдың көлемінде эпидемиялық ахуал тұрақты. Басқа облыстармен салыстырғанда бірқалыпты деңгейде. Балаларды туберкулезден айықтыру бойынша облыс елімізде бірінші орында. Былтыр науқастардың 87 пайызы дерттерінен толық айығып шықты. Халықаралық стандарт – 85 пайыз. Бұған мемлекеттік дәрежедегі дұрыс саясаттың нәтижесінде қол жеткізілді. Облыс әкімдігінің қолдауымен Денсаулық сақтау басқармасының үйлестіруімен, осының өзіне қаншама күш жұмсалды. Мұндай тұрақтылық министрлік тарапынан да оң бағаланып, Оңтүстікте ғана емес, 2025 жылға дейін Қазақстан бойынша осындай деңгейге жету межеленді. Туберкулездің таралуын тоқтауға үкіметтік деңгейде айрықша назар аударылуда. Екіншіден, үкіметтік емес ұйымдармен қатар Жаһандық қор да туберкулездің алдын алуға атсалыспақшы. Жаһандық қор биылдан бастап 2017-2019 жылдары – үш жыл көлемінде еліміздің 4 облысында жоспарлы түрде бізбен бірлесе жұмыс жүргізетін болады. Сол 4-еудің бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы.

Науқастарды анықтаудың жетілген тәсілдерін, соңғы үлгідегі диагностикалық аппараттарын, оларға қажетті реактивтерді енгізіп, неғұрлым науқастарды ерте анықтасақ, соғырлым оларды емдеу тиімділігі артады. Соғырлым қоршаған ортаға қаупін төмендете аламыз. Бізге жүктелген міндет, алға қойған жоспарымыз осы.

– Жалпы туберкулезден айығу қанша уақытқа созылады? Одан қалай сақтануға не емделуге болады?

– Ең кемі бір жыл, ең ұзағы үш жыл емделеді. Олардың 60 пайыздан астамы жұмыссыздар. Ал, егер сырқаттанушы бір отбасының асыраушысы боса, қандай жағдай қалыптсатынын көз алдыңызға елестетіп көріңізші... Сондықтан амбулаториялық ем қабылдап жүрген науқастардың барлығына емдеуден бөлек әлеуметтік қаржылай көмек беріліп келеді. Ең кемі – 15 мың теңге. Жалпы аталған көмек біздің облыста бүгінге дейін 6 есе өсті. Оған жергілікті бюджеттен қаржы бөлдірту оңай шаруа емес. Ал, науқастарға қойылатын бір-ақ талап бар: еміңді үзбей дәріңді уақытылы ішуің керек. Егер осы қарапайым талап орындалмаса, бұзылса, әлеуметтік көмек берілмейді.

Облысымызда туберкулезге қарсы үш санаторий жұмыс істейді. Оның екеуі балаларға, үшіншісі ересектерге арналған. Былайша айтқанда, біздің облыста аталған дерттен толық айығып кетуге барлық жағдай жасалған. Оның үстіне науқастар бірде-бір дәріні сатып алмайды.

Түберкулезге шалдығу алда ажал күтіп тұр дегенді білдірмейді. Бұдан адам толық айыға алады. Қайта қатарға қосылып, жұртпен бірге жұмыс жасайды. Дәрігерлік толық тексеруден өткеннен кейін, қауіпті болмаған жағдайда ғана ел ішіне баруына рұқсат етіледі. Сондықтан оларды қоғамнан шеттетуге болмайды.

Уақытылы тамақтанбау, ішкілікке салыну, үй жағдайының болмауы, мөлшерден тыс ылғалдылық салдары, бір сөзбен айтқанда денсаулыққа дұрыс күтім жасалмаса, туберкулезге шалдығуға бейімділік артады. Асқынса қоршаған ортасына – айналасындағы адамдарға  жұқтыру қаупі туындайды. Егер алғашқы ем дұрыс және толық жүргізілмесе, асқынған ауру бірден 15-20 адамға бірден жұқтыруы мүмкін.

Ең бастысы, бұл үрей туғызатындай біздің ұлтқа ғана тән дерт емес. Одан 100 пайыз жазылуға болады!

Сұхбаттасқан А.ӨМІРЗАҚОВ

Үрәлхан Сейілбекова: «Мемлекеттік емтиханда бір жылап алдық»
Жанатбек Бәйтеков: ​«Дальнобойщик» боламын деп едім...»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу