Жанатбек Бәйтеков: ​«Дальнобойщик» боламын деп едім...»

ZHANATBEKKKK-768x576.jpg

Жанатбек Бәйтеков, актер

Қамсыз, қайран балалық шағым ақ алтынның ордасы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтарал ауданы Асықата кентіндегі Маңғытай ауылында өтті. 35 үйден тұратын шағын ғана ауылда мектеп деп аталатын қоржын тамда үшінші сыныпқа дейін білім алдым. Кейіннен екі-үш шақырым жерде орналасқан орталықтағы он жылдық мектепке қатынап оқыдым. Әлі есімде мектепке оқушыларды автобуспен алып баратын. Кейде автобус келмей қалған кезде «техпомощ» деп аталатын буткасы бар көліктерге мінеміз. Бала емеспіз бе, тыныш отыруды білмейміз. Сондықтан шопыр қауіпсіздік үшін сыртымыздан кілттеп қоятын. Ол болмаған жағдайда жол-жөнекей цистернасы бар су таситын көлікке мінгесіп аламыз. (Сол кездің өзінде ауыл тұрғындары суды тасып ішетін еді. Адамдар Марстан жер алатын жағдайға жеткен XXI ғасырға аяқ басса да, ауылдағылар күні бүгінге дейін суды тасып ішуде.) Шұқыр-шұқыры шыққан  көшеде ары-бері шайқатылған цистернаның суы үстімізге төгіліп кететін. Соны да қызық көріп, үйге езуіміз жиылмай келетін .  

Үйдің тұңғышы болсам да әжемнің қолында өскендіктен ерке, бұзықтау болдым. Қыстың күні алма жеймін деп қоймаған соң әке-шешем мен үшін қақаған аязда алма іздегені есімде. Сабақтан, онша-мұнша шаруадан қолы босаған балалар көшеге жинала қалып «козел» ойынын ойнаймыз. Басы адам аяғы ат пішіндес кентавр бар емес пе, міне, тура сол секілді тік тұрған бір адамның белінен  екінші біреу ұстап, еңкейіп тұрады. Оның артынан осылайша бірнеше адам еңкейіп тұра қалады. Келесі команда осы тізбектен жүгіріп келіп секіріп өтуі тиіс. «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» сынды киноларды көп көрген біз қораға кіріп алып, секіріп, атысып ойнап, өзімізше «батыр» болдық. Замандастарымның ішінде ләңгі ойнамағаны болмаған шығар. Сонда үлкендер «ләңгі ойнамаңдар, грыжа боласыңдар» деуші еді. Сөйтсек бізді алдайды екен ғой. Әйтпесе ләңгі деген нағыз спорт қой. Ал  қыс келсе болды хоккей ойнауды бастаймыз. Шайбаның орнына қатып қалған жылқының тезегін де пайдаландық. 

Мақталы өңірдің перзенті болғандықтан мақта терудің қызығы мен шыжығын менен артық ешкім білмейтін шығар. Күз бастала салысымен мақта теру науқаны басталады. Ол кезде оқушыларды еңбекке тарту үшін сабақтан босататын. Жүйекке түсіп, жұмысқа кірісе берсем болды өзгелермен әңгімелесіп отырып қала беретінмін. Әр адам күніне пәлен келі мақта теруі керек деген жоспар қоятын. Әңгіменің шырмауынан шыға алмай қалған мен көбінесе сол жоспарды толық орындамай, ұстаздардан сөз еститінмін. Кейде енді ашылып келе жатқан мақтаның көшегімен атысып, ойынға да беріліп кететін едік. Сонда да әйтеуір қап-қап мақта жинадық. Бәрінен де қиыны қапты есекке арту. Қаптың ішіне кейде сәмек, құмай секілді намданған шөптер кетіп қалады. Олар ауыр болғандықтан есекке артқанда қап бір жағына қарай ауып кете береді. Сондай кезде ызаланған мен бір жылап алып, есекті балағаттап, әбден сабап алатынын. Дегенмен еңбектің наны тәтті емес пе! Күні бойы бел жазбай терген мақтаны сатып, ақшасына коржик пен балмұздақ  алатынмын. Екі қолыма екі балмұздақты ұстап алып, үйге қарай есекпен шауып келетін күндерім шіркін,  қызық екен ғой. Бізді сол кезде қоғам жастайымыздан  еңбекке үйреткен екен. Өз басым мектепте оқып жүріп мақта тердім, жүгері ашыдым, пісте тазаладым, қауын-қарбыз да арттым. Мұның бәрі ұсақ-түйек шаруа болғанымен, еңбегі ауыр. 

Ата-анамның айтуы бойынша кішкентай кезімде теледидардан Асанәлі Әшімовтың киносын көргенде «кейін мен де сондай әртіс боламын» деп айтып отырады екенмін. Бала күнімде неге екенін қайдам, «КамАЗға» қатты «ғашық» болдым. Сол бір үлкен көлікті көрсем болды аузымның суы ағып, армандар жетегінде кетіп қала беремін. «Дальнобойщик» болуды қаладым. Шынымды айтсам «КамАЗды» әлі де жүргізгім келеді. Бала арманның әлі де жүрегімнен өшпегені шығар.  

Бала күнімізде бізді әке-шешеміз «үй шаруасын бітірмесең қонаққа бармайсың» деп қорқытатын. Той-жиынға бара жатқан кезде үйге тастап кетпесін деп малға да қарап, қораны да тазалап,  сабақты да орындап қоюшы едік. Есейе келе үйдегілерден сұрануды қойып, қашып кетуді шығардым. Теледидардан жақсы кино, бағдарлама берсе сабаққа бармай қалатын әдетім бар еді. Анда-санда аудан орталығында видеофильмдер көрсететін. Сонда бару үшін ақша жинап жүремін. Кино жүріп жатыр дегенді естігеннен жазуы көркем кластасымды шақыртып алып, сынып жетекшіме әкемнің атынан былай деп хат жаздыратынмын. «Айналайын, Батыр. Бүгін шұғыл шаруамен пәлен деген жерге бара жатқан едім. Үйге бас-көз болатын адам болмай тұр. Сондықтан бүгін Жанатбекті сабақтан босатуыңды өтінемін». Хатты кластасымнан беріп жіберемін де өзім қалтаға ақшаны салып, орталыққа тайып тұрамын. Дегенмен мектепте партаға ойып тұрып атымды жазып кететін бұзықтығым болмаса  тәп-тәуір  оқушы болдым. Түрлі үйірмелерге қатыстым. Оқып жүріп бала махаббатты да бастан кешірдік. Қыздар бетіңе күліп қарап, «сәлем» деген сөздеріне бетіміз алаулап кететін. Сабақты оқымай келгенің үшін мұғалім ұрысқан кезде де екі бетің олай қызармайтын шығар. Мен өзімнен жоғары сыныпта оқитын қызға ғашық болдым. Сезімімді білдіріп хат жаздым. Хатты қыздың өзіне беруге жүрек дауаламағасын, сыныптасым арқылы сөмкесіне салдырттым. Ол хатты кейінірек оқыса керек. Махаббаттан бас айналып жүргенде ғашығым мектепті бітіріп, оқуға түсіп кетті. Кейін Алматыға театр институтына оқуға түскенімде оны жолықтырдым. Екеуміз сөйлесіп, өткен кеткенді бір еске түсіріп алдық. Көп ұзамай ол тұрмысқа шығып кетті. 

Қызықты күндеріме куә болған қара шаңырағымда бүгінде інім түтінін өшірмей, ата-анама қамқоршы болып отыр. Қауырт жұмыстан қол босай бермейтіндіктен ауылыма жиі барып тұра алмаймын. Бір жағынан сағындырып барған да дұрыс шығар.  

Жазып алған Айнұр Асанқызы

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Дүйсенәлі Әлімақын: «Жастарға көз қырын салатын аға буын азайып кетті»
  • Нұрзина Төреханова: «Белсенді келіндер желіден табыс тауып отыр»
  • Ақан Ақшораев, асаба: «Оңтүстік жұрты тойдан шаршады»
  • Серік Таласов, режиссер: «Кино – жеке бизнеске айналып кетті»
  • Әйгерім Жұмағұлова, «Отырар» медиахолдингінің директоры: «Журналистің көзінде от болу керек»
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика