Бақытгүл Сәрмекова. Ауылдағы неке

Oinet.kz 13-02-2020 1960


«Балам үйленгелі жатыр» деп гүл көйлегінің етегі делеңдеп, аяқ киімін сірісін басып шала киген күйі Роза ауыл ішін кезіп кетті. Кейбіреулері «Алда, қасқа бала, бір қуанышы бұйырған екен» деп тілектестік білдірді, біреулері «Сақау баласына тап келген қандай қатын?» деп таңданысты.

Screenshot_11.jpg

Фотода Бақытгүл Сәрмекова

Жақаш та елдің баласымен бірге шашын тықырлап, көк шақа басы домаланып, көк пойызға тиеліп әскерге кеткен. Шешесінің етегіне оралып оралып өскен шолжаң ұлға темірдей тәртіп жақпады. Арада төрт ай өткенде қоңыр «Уаздан» бір топ солдат шығып Жақашты қолтығынан демеп үйіне әкеліп тастаған. Әлденеден шошынып, тұтығып сөйлейтін болып қалыпты. Анда-санда көкшиіп талып қалатын ұстамасы да пайда болған. Білгіштер басынан тепкі алған десті. Роза қуынып, себебін іздеп соттасып жатпады, «Күнде түсіме кіріп, сағынып өлгелі жүр едім, ерте келгені жақсы болды. Жапырағым, қол аяғы сау, аман есен оралды» көзіне жас алып алды.

Сол Жақаш үйленбекші екен. Ауылға алтын сақина, сырға сатуға келген саудагер әйел Розамен тіл табысып, Жақаштай момын жігітті ұнатып, алыстан қызын алдырып, табыстырған екен. Шашы сары, қасы қара, беті қоңырқай сыған ұлтына ұқсайтын бадырақ көз қыз Жақашқа да ұнаған. Детдомнан қорлық көріп өскен қызды саудагер әйел асырап, бауырына басып тәрбиелеген екен. «Ана мейіріміне кеш жеттім. Бұрын анасы бар адамдарға қатты қызығатын едім. Құдай тілеуімді беріп, бір анам екеу болды. Апатай!» деп Розаны құшақтап алғанда көзіне жас алмаған әйел қалмады. Жүрегі қарс айырылып, көз жасы иегінен сорғалаған Роза екі көзін тарс жұмып, ерінін жымқырып, басын изей берді.

Бір-бір құлағына үш сырғадан тағып, тісіне де алтын құйдырған қырқылған қызыл шашты семіз құдағи төрде отырып дауысына анда-санда ысқырық араласып сөйлеп отыр:

-Өзім жесір қалдым, күйеуімді қаланың бандылары бір түнде пышақтап кетті. Артында бала да қалмады. Детдомның ауласын сыпырып күн көрдім. Жетім лақтай мына бір қыз маңырап артымнан қалмады. Көрген жерінде «Маматай» деп құшақтай береді. Кейін білдім, мен мамасының суретінен аумайды екем. Тәрбиешілерден үйге сұрап алып кетіп жүрдім. Кейін жұмыстан шығып кеткенде де осы қызды ұмыта алмай іздеп барсам үлкендерінен әлімжеттік көріп өксіп жылап жүр екен. Шыдай алмай асырап алдым» дегенде әйелдер тағы да жылады. Жылай-жылай көзі былшықтанған Роза төр жақта отырған Жақашқа мейірлене қарап қояды.

- Бұл да балам ғой. Айналайын, көзіңнен нұр көрдім, қызымды сеніп тапсыратын жігітті көп іздедім! - деп еңгезердей жігіттің құлағына мұрынын тығып иіскеп алған құдағидың қылығын ешкім ерсі көрмеді.

- Құдағи, шашылып көп әзірленбе, уақытым тығыз. Кеткенше тойларын көріп, өткізіп кетейін, - деп құдағи той күнін кесті.

Түн болса да тарқай қоймаған әйелдердің шуылы басылар емес. Бір-біріне келін мен құдағидың өмірін әфсана айтқандай таратып, тамылжытып айтып береді. Ауыздан ауызға өткен сайын әфсана көркемделіп, әсерленіп барады.

-Жжжжжжжж жжжатсаңдаршы, үүүүүүйлеріңе кетсеңдерші, - дейді Жақаш жеңгелеріне тұтығып.

-Ссссссссіветті өөөөшірсеңдерші, маса толып кетті үйге, - дейді біраздан соң. Оттан жаңа түскен ақ шәйнектің бұрқырап тұрған буы жиынның әзірге тарқамайтынын білдіріп тұр. Шалбарының кең балағын бір-біріне үйкеп сып-сып етіп әрлі-берлі өтеді. Орамалы желкесіне қарай ығысып жарыққа оттай шағылысып тұрған сары шашты қуыршақтай келіншегімен сөйлескісі, қолынан ұстап көргісі келіп жүрегі тулап барады.

Жұлдыздар өлімсіреп сөніп бара жатқан кезде қонақтар тарқасты. Жақаш тұтығып келіншегіне сөйлеймін дегенше айдары жалбырап көзіне түскен мазасыз әтеш бақырды. Ит үріп, сиыр мөңіреді. Роза шелегі салдырлап сарай жаққа шықты.

Құдағи бос жатпай ауыл аралап алтындарын сатты. Үш-төрт күннен соң той болды. Әлдеқашан үйленіп, төрт-бес баланың әкесі атанып үлгерген құрдастары Жақашқа қызықты. «Қатыны кукладай, белі үзіліп кетейін деп тұр» деп тамсанады. «Қылқау Жақаш озды-ей» деп қызғаныш аралас қалжыңмен. «Жақаштың енесін алып қалсаң да жаман болмас еді» деп күледі кейбірі. Қанша жерден қызыл ит іштерін тырнаса да бәрінің тілегі ақ. «Адамның ниетіне қарай береді құдай да. Қанша көмек сұрасаң да Жақаштың жоқ дегенін естімедік қой» деп салмақты әңгімеге көшті сосын.

-Жыңғыл шабатын кезді білесің бе? Кезектесіп бір бірімізге көмектескен кезде соңғысы Жақаш болатын. Оның кезегі келгенше қар жауып кетеді. Бәрі сылтауратып бармай қалса да жыл сайын Жақаш бәрібір соңғы кезекте қалатын еді. Бірақ бір де бір санасып көрмейтін,- деді бір құрдасы.

-Иә, не айтсаң да «Дабай» деп тұра шабатын еді. Әлі де солай ғой. Тойды таста, кеттік бір шаруаға барып келейік деп айтып көрші, қазір де ілесе шабуы мүмкін,- деп біреуі күлді.

Қара костюм ақ көйлек киген Жақаштың сымбаты келісіп қалыпты. Әке туралы ән айтылғанда шешесі Розамен вальс биледі. «Жалғыз ұлдың қызығын көрмей кетті-ау» деп отырғандар ерте өлген әкесін естеріне алып көздері тағы да жасқа шыланды.

Ақжарма тілектер көп айтылған, сондай бір тұп-тұнық мөлдіреген той өтті. Ақ фатаның астынан аппақ келіннің қап-қара көздері шарасынан ағып түскелі тұрған сынаптай мөлдірейді.

Таңертең Роза ерте тұрып алып, самаурын салып шәй қайнатуға келінінің көңіліне қаяу түсіріп алармын төсегінен тұрмай жата берген. Бұрын өзі келін болғанда енесінен кеш тұрып қойса көңілі жабығатын, өзінен өзі ұялып, шаруаға қолы жүрмей әбігерленіп қалатын еді. Сол қылығы есіне түсті де жымиып бір күліп алды. Келіні өз үйіндей сезінсін, ыңғайсызданбасын, осы шаңыраққа үйрене берсін деп ойлады.

Тілі тықылдап уақытты қусырып әкетіп бара жатқан сағат маза бермеді, ақыры тұрды. Құдағиы жатқан төргі бөлмеге өткен, көрпесін жинамастан орынынан тұрып кетіпті. Баласының бөлмесінің алдына барып есігін аша алмай қипақтап ұзақтау тұрып қалды. Есіне жұбайымен тойдан кейінгі кезі түсіп тағы да бір жымиып алды...

Түсте белгілі болды, келін мен құдағи таңғы автобуспен қалаға кетіп қалыпты. Жай кетпеген тойға киген ақ көйлек, шашуға түскен ақша, көрімдікке деп тағылған алтындарымен қоса кетіпті. Роза асүйдегі стол үстіндегі стаканға салынған алынып салынбалы тісін де таба алмай қалды. Екі -үш алтыннан құйған тісі бар еді ішінде... Өкінгеннен ерінін тістеуге де мұрша қалдырмапты бұлар.

Шарбақтың ар жағынан өткендер бері қарай басын қылтитып «Қолың ұзарып жатыр ма?» деп сұраған сайын қайтерін білмей қалды Роза. Құрдастарымен таңға дейін билеп, сілесі қатып ұйықтап жатқан Жақаш оянғанда не істер екен?

Дәл осы уақытта қала жетіп үлгерген екі әйел олжаларын саудалап болып, кафелердің бірінде бокал толы сыраны соғыстырып, жаңа жоспарлар құрып отырған еді


Адал сауда. Әңгіме
Науқас пен дәрігер (әзіл әңгіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу