Ханс Кристиан Андерсен. Үй әулиесі (ертегі)

Oinet.kz 28-07-2020 683

Үй әулиесі

Ертеде бір студент өмір сүріпті. Кәдімгі қарапайым бір студент.

Шатырды паналап жүрген оның қалтасында соқыр тиыны жоқ екен. Сондай-ақ дүкенші, кәдімгі қарапайым дүкенші ғұмыр кешіп жатты. Бүкіл бірінші қабатқа жайғасып алған бұл дүкенші әрі осы үйдің түпкілікті иесі де болатын. Ал бұл шаңырақты үй әулиесі мекендеп алды. Оның себебі түсінікті де: өйткені әрбір мейрам қарсанында бетінде майы жүзген тостаған толы ботқа беретін. Мұндай сый-сияпат көрсету тек дүкеншінің ғана қолынан келетін дүние. Үй әулиесінің дүкенде қала бергені осы себептен. Бұл оқиға өте-мөте ғибратты.

Бір күні кешкісін студент өзіне шырағдан мен ірімшік сатып алу үшін дүкенге жасырын есіктен енген еді. Жұмсай қоятын ешкім болмаған соң, ол дүкенге өзі барған. Ол қажетті заттарын алып, есеп айырысты. Қоштасарда оған дүкенші де, оның жұбайы да бастарын изеді. Басқалармен шүйіркелесе кететін сөзуар үй иесі әйел де тек басын ғана изеді емес пе! Студент те оларға басын изеумен шектелді, бірақ жөніне кетудің орнына тұрған жерінде қатты да қалды. Себебі ол ірімшік орап берген бір бет қағазды оқи бастаған еді. Бұл бет тамаша өлеңдер басылған көне бір кітаптан жұлынып алыныпты. Ал мұндай кітапты бүлдіру барып тұрған күнәкарлық.

− Оу, менде мұндай қағаздардың бір шөмелесі бар, – деді дүкенші. Мен бұл кітапшаны бір кемпірден жалғыз уыс кофе дәніне айырбастап алдым. Маған сегіз скиллинг төле де, қалғанының бәрін алып кет.

− Рақмет, – деп жауап қайырды студент, маған ірімшіктің орнына осы кітапты беріңіз! Маған нан мен май да жетіп жатыр. Мұндай кітапты беталды жыртып тастауға жол беруге болмас. Сіз тамаша адамсыз, оның үстіне өз есебіңізге жүйріксіз. Алайда, Поэзия туралы түсінігіңіздің деңгейі жөнінен сіз де бір, мына кеспек те бір!

Бұл білместікпен дөрекі айтылған сөз еді, әсіресе кеспекпен салыстырғаны тұрпайылау болды. Алайда, дүкенші күлді, студент те қалыспай езу тартты қалжыңды түсінбесең кім болғаның! Ашуланған үй әулиесі ғана. Сондай сапалы май сататын, оның үстіне қарқарадай үйдің иесі дүкенші жайлы бұлай қисық пікір айтуға студенттің қалай ғана батылы жеткен!

Түн. Дүкенші де және үйдегілердің студенттен басқалары түгел ұйықтауға жатты. Үй әулиесі келіп дүкеншінің әйелінің аузын ашып, сумаңдаған тілін суырып алды түнде қалың ұйқыға кеткенде, оның не қажеті бар! Ал егер оны әлдебір затқа жанастыра қойсаң болғаны, оған бірден тіл бітіп, өзінің ой-сезімдерін ортаға салып сөйлегенде әлгі әйелге де есесін жібермес еді. Тек тілді бәрінің кезекпен пайдалануы қажет. Әйтпесе заттар жақтары талғанша жарыса сөйлеп, бір-біріне сөз бермес еді.

Үй әулиесі тілді ескі газеттер сақталған кеспекке тақап қойды да, сауал берді:

− Сіздің Поэзияны түк түсінбейтініңіз шынымен рас па?

− О не дегенің, Поэзияны талдай да, тыңдай да білемін, – деп жауап қайырды күбі. Поэзия дегеніміз бұл газеттің төменгі етегіне орналастырып, кейін кесіп алатын дүние. Менің ойымша, студентке қарағанда мендегі Поэзия салмақтылау, молдау сияқты! Ал мен кіммін! Дүкенші мырзамен салыстырғанда бар болғаны жаман кеспекпін.

Содан кейін үй әулиесі тілді кофе диірменінің қасына тақап қойды. Бас-аяғы жоқ бос сөз желдей ессін! Содан кейін оны май салған шыны аяқтың, ақша салынған жәшіктің қасына қойсаң да бәрібір бәрі де кеспектің пікіріне қосылып отыр. Ал көпшіліктің пікірімен санаспау теріс.

− Кәне, студент, сақтан! Соны айтты да үй әулиесі ақырын, аяғын санап басып, ас үйдің басқышымен шатырға көтерілді. Студенттің үйшігінде шам жанып тұр. Үй әулиесі құлыптың тесігінен ішке көз тастап еді, студенттің дүкеннен алған жыртық кітапты оқып отырғанын көрді. Бәрінен де шатырдың жарығын айтсаңшы! Кітапта түскен көз қарықтырар сәуле алып та биік ағаштың діңгегіне айналып жатыр. Әрбір жапырақ ауаны тазалап, әрбір тал гүл көрікті қыз келбетіне ұқсайтын: мөлдір қара көздері жайнаңдап, ал ол күлген сәтте ашық жасыл түске енетін. Ағаштардың бұтақтарында жеміс орнына жарық жұлдыздар ілініп тұр. Әуезді әуеннен ауа әрі дірілдеп, әрі сыңғыр қағады.

Әй, несін айтасың, мұндай әсемдікті құртақандай үй әулиесі ешқашан көрген емес, тіпті оны қиялымен көз алдына елестете алмады. Ол аяғының ұшымен, есік құлпының тесігіне жабысып тұрып қатты да қалды. Қашан шам сөнгенше қараудан көзі талған жоқ. Студент шамды сөндіріп, ұйықтауға жатты. Бірақ та титімдей үй әулиесі есіктің алдынан кетер емес. Ол ақырын айтылған, нәзік әнді әлі де естіп тур, бейне студентке әлдекім еркелетіп бесік жырын айтып беріп жатқандай.

− Мұндай да керемет болады екен! – деді титімдей үй әулиесі. Мұндайды күтпеп едім! Студенттің қасында болсам қайтеді? Ол ойға батып жақсылап толғанды және күрсінді. Студенттің, айтпақшы, ботқасы да жоқ қой! Содан соң үй әулиесі басқышпен төмен түсіп кетті. Иә, иә, қайтадан дүкеншінікіне тура тартты.

Ол төменге дер кезінде түсіпті. Ойына келгеннің бәрін қалдырмай сайрай беремін деп кеспек үй иесі әйелдің тілін түгелге жуық тоздыруға айналыпты. Ол бір бүйіріндегісін тауысып, енді екінші бүйіріне қисая бергенде, яғни енді соның сырын ақтармақ болған сәтте, қайдан тап болғаны белгісіз үй әулиесі келе қалды. Тіпті қайтадан ұйықтайтын бөлмеге алып кетті. Осыдан кейін бүкіл дүкен, кассадан от тұтататын тамыздықтан жаңқаға дейін кеспекті қатты құрметтеп, оның ілім-біліміне таң-тамаша қалатын болды. Дүкенші күнде кешкілік өз газетінен театр мен өнерге арналған мақалаларды дауыстап оқыған кезде дүкендегілердің ойларынша осынау мәліметтер бейне кеспектен таралып жатқандай көретін.

Ал титімдей үй әулиесінің дүкен тұрғындарының ізгі ниетті болса да, бос әңгімесін одан әрі тыныш отырып тыңдауға шамасы жоқ-тын. Күнде кешкілік, шатырда шам жағылар-жағылмастан-ақ оның магнит тартқандай жоғарыға шыққысы келіп тұратын. Ол орнында байыз тауып отыра алмай, басқышпен жоғарыға көтеріліп, есіктегі құлыптың тесігіне көзін тігетін еді. Біз дауыл кезінде өкірген теңіздің жағасында тұрып, нақ сол мезгілде, құдай тағаланың нақ өзі толқын үстінде кетіп бара жатқанын көргенде, қандай дірілдеп-қалшылдасақ оны да сондай сезім билеп алған. Сөйтіп үй әулиесі көз жасын тоқтата алмады. Не себепті жылап тұрғанын оның өзі де білмейтін, бірақ та ол жас сондай бір мөлдір әрі тәтті болатын! Ол айбынды ағаштың түбінде студентпен бірге отыру үшін жарық дүниедегінің бәрін берер еді. Бірақ ол жайлы армандамақ түгіл, есік құлпының тесігінен қарауға болатындығының өзі зор бақыт еді. Күз түсті, ал есік-терезеден өкпек жел есіп тұрғанына қарамастан ол әлденеше сағат бойы шатырда тұра беретін. Суық,өте суық болатын, бірақ та құртақандай үй әулиесі шатыр астындағы үйшікте жарық қашан сөніп, жел ғажап ән әуенін естіртпей қойғанға дейін қара желді де ескермейтін. Ух! Осы кез ол бірден дірілдей бастады және төменге өзінің ұядай бұрышына ақырындап жылжып, жетіп алды. Мұнда қандай қараңғы және жылы еді! Ал көп ұзамай мейрам да келеді, ол өзіне тиісті үлкен бір кесек май салынған ботқасын алады! Иә, не айтсаң да бәрібір, оның нағыз қожасы дүкенші!

Бір түні үй әулиесі терезе қақпасын ұрғылаған қатты соққыдан оянып кетті. Сырттан ұрғылап тұр екен. Түнгі күзетші ысқырды: «Өрт! Өрт!» Көшені өрт алауы жарқыратып тұр. Өртеніп жатқан қай жер екен? Дүкеншінікі ме, әлде көршілердікі ме? Қайда? Міне,қандай қорқыныш! Дүкенші әйелінің сасқаны сондай, тіпті құлағынан сырғасын ағытып алып, қалтасына жасырып қойды онда сақтау жеңілірек қой. Дүкенші бағалы қағаздарына, ал қызметші әйел өзінің бөкебайына ұмтылды. Әркім өзіне ең қымбаттысын қорғап қалмақшы болды. Құйтақандай үй әулиесі екі секіріп шатырдағы студенттің үйшігіне жетіп барды. Ал ол ашық терезеден жайбарақат қана өртке қарап тұр. Өрт көрші үйдің ауласынан шықса керек. Үй әулиесі столға жетіп барып, ғажайып кітапқа тарпа бас салып, өзінің қызыл телпегіне тықты.

Аударған Қ. Құрманғалиев

Ханс Кристиан Андерсен. Түймедағы
Ханс Кристиан Андерсен. Айырмашылығы бар ғой
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу