Мұхтар Әуезов. Абай жолы (үшінші кітап). Кек жолында

Oinet.kz 20-10-2020

Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Кек жолында"

БАЗАРАЛЫ

  Базаралы елге келгелі айдай уақыт өтті. Бұл кездерде оған амандаса келіп, қуаныш білдірген ағайын көп. Аталас жақын ауылдар той істемек болысқан. Бірақ үйінің, жақын туысының жүдеулігін көрген Базаралы той-топыр жасатқан жоқ. Алғашқы он-он бес күн бойында оны Жігітек ішіндегі туыстары ертелі-кеш ауылдан-ауылға шақырып, қонақ етісті. Келісін, амандығын қызықтасты. Бір Жігітек емес, қонақ етіп, қуанысқан Бөкенші, Көтібақ, Көкше де аз болған жоқ.

  Ырғызбай ішінде Базаралы тек Абай ауылында қонақ болып қайтқан. Абай Базаралыға өзі барып көрісіп, амандасып, бір күн, бір түн қасында болған.

  Кейін Базаралының ет-бауыр жақындарынан он шақты кісіні қоса шақырып, өз ауылына әкелген.

  Әйгерімнің кең, жылы үйінде Базаралыдай сый қонақты үлкен ықыласпен күткен ажар бар. Кілемдер тұтылып, әсем оюлы сырмақтар жазылыпты. Абай айналасындағы жас-жаранның бәрі де Базаралының әңгіме, әзіліне, қас-қабағына қарап құрақ ұшады. Сағынған достар бейілін танытады. Күндізгі түстік үстінде Абайдың сұрауы бойынша Базаралы үзік-үзік әңгімелер айтып отырды. Өзі көрген жерлерді, елдерді сөйлейді.

  Бірақ шеккен жаза, көрген азап жайын мына көптің алдына салмады. «Бейнет кештім, қажыдым» дейтін емес…

  Кешкі отырыста Абай мәжілістің бетін өзгертті. Өз ішінен: «Базаралыға кешегі ауыр күндерін еске ала беру қиын шығар. Қайта, соны ұмыттырғандай алаң болса, сол тәтті болар» деп ойлады да, жастарға ән-сауық жөнінен тілек білдірді.

  Осыдан соң Базаралы да жадырай түсіп, Көкбайға домбыра ұсынды.

  Көкбай домбыраны бөгелеңдеп ұстады.

  – Базеке-ау, бүгінде мен әннен шығып қалғам. Және мына отырған Мұқа, Әлмағамбет деген әншілер қасында, тегі, әнді қор қылмайын деуші едім ғой! – деді.

  – Жоға! Жаңа әншіні ести жатамыз да! – деп, Базаралы домбыраны еріксіз ұстатты.

  Абай да Базаралыны қостады.

  – Көкбай, бүгін Базекеңнің алдынан алып шыққан шашу – ән болсын!.. Бір сен емес, осы үйдегі өнерпаздың бәрі айтады. Бастай берсеңші! – деді.

  Өзге әнші жастар «өнерпаздың бәрі айтады» дегенде Әйгерімге қарасты. Көптен оның әнін естімегендіктен сағынысқандай.

  Енді аз уақытта Көкбай ән созып кетті. Сонда Біржан айтқан асыл ән… «Созады Біржан дауысын қоңыр қаздай» деп нақыстай берді. Жұрт дәл осы әнді өзге әндерден гөрі сирек айтатын. Көкбай сақтап қалған ән ішіндегі бұның дауысына, салмағына, қабілетіне лайық ән осы екен. Жақсы мәнмен сән беріп, әсем айтып шықты.

  Базаралы Көкбай тоқтағанда, қатты сергіп, көтеріліп қалғандай.

  – Па-а деген! – деп біраз қуана сүйсініп отырды. – Сонау бір жақсы басталған жазда… жарқыраған күндерде келген… болған екен-ау!.. – деп барып күрсініп қалды.

  …Осы кезде домбыраны Мұқа алды да, үй ішін тегіс елең еткізіп, сергітердей боп, шырқап кетті. Ерекше таза, күшті, мөлдір үн анық әнші өнері келе жатқанын паш етіп тұр. Ол биік бастау соңынан әсемдеп тұрып Абай өлеңі «Айттым сәлем, қалам қасты» созады. Сөз Базаралы көңілін жаңағы кейістен елең етерлік анық ынтық, ынтызар сөзі. Жалынды назға толы. Әнші үш қайырмасын айтып тоқтайын деп еді, Базаралы тоқтаттырмады.

  – Айт, жаным, айт!.. Бәрін айт! – деп бар өлеңді тегіс айтқызды.

  Мұқадан соң Әлмағамбет те Абай өлеңі мен әнін созды. Ол – «Көзімнің қарасы». Бәрі де мына қоңыр жүдеу күзден маужыраған мамыр күніне, көңіл күн шуағына созылады.

  Базаралыға да сезімтал Абай қауымы ем тауып, сынығын сылап тұрғандай.

  – Майдай жағып барады-ау!.. Көңіл жарасын қуғандай! Май сылаудай дәрім ғой мынау!.. Дәрменім ғой!.. – деп Базаралы ынтыға тыңдап отыр.

  Ендігі бір кезекте Базаралы өз қолымен домбыра ұсынып, Әйгерімге бұрылды.

  … – Енді сені тыңдамасқа шарам бар ма? Айт, сәулешім! – деп сонша жақын аға, туыстай еркелетіп айтты.

  Әйгерім ду етіп қызарып қалды да, сыпайы күліп жіберді.

  – Мен көптен ән айтпай кетіп ем ғой, Базеке!

  – Жоқ, Әйкежан! Базаралы айтпағаныңды білмейді, айтқаныңды ғана біледі. Айт, айналайын! – деп тағы да жақсы өтінді.

  Аздан соң Әйгерім «Татьяна» әнін айтып жөнелді.

  Әлі де сонау бір күндердей барынша сырлы нәзік, терең толқумен айтады екен. Үй іші жым-жырт қатып, ұйып тыңдады. Базаралы Абайдың бұл айтылған өлеңінің бәрін де білмеуші еді. …Қасындағы Көкбайдан жабыса сұрап, әр өлеңнің әнінің мәнін, жөнін ұғынып отыр. «Амал жоқ, қайттым білдірмейді» Әйгерімге де түгел айтқызып шықты. Ешкім бұйырмаса да, бүгінгі кеште Абай достары «е» дескендей тек қана Абай сөздері мен әндерін айтты.

  Базаралыға анық үлкен соны сый. Ел жаңғырып, ел өнері түлеп өсіп, жаңарып кеткендей. Ол енді Абайға қарап:

  – Япыро-ой, қалай өзгерген! Ән мен сөз қалай өзгерген! Сондай сырлы, соншалық жан-тамырымды солқылдатқан қандай сөздер!.. Түу!.. – деп бас шұлғып, үндемей тамашалап барып: – Өлең мен ән ырысын тауыпты-ау, Абай!.. Өнеріңнен айналайын! – деді.

Мұхтар Әуезов. Абай жолы (үшінші кітап). Абай аға
Мұхтар Әуезов. Абай жолы (үшінші кітап). Қарашығын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×