Ғажайып сыршы. Марк Твен. Том Сойердің басынан кешкендері (екінші тарау)

Oinet.kz 08-01-2020 1394

Ғажайып сыршы Том Сойер.png

Күн сенбі. Жазғы табиғат тамылжып тұр - тып-тынық, қайнап жатқан өмір. Әр жүректе ән сыңғырлайды, ал жүрек жас болса, әуен ауыздан төгіледі. Әрбір дидарда қуаныш шуақтайды, адамдардың әрқайсысы нық басып кетіп барады.

Мамыргүл ақ жапыраққа малынып, ауаға жұпар шашып тұр.

Қаланың үстіне төнген Кардиф тауы жасыл түске оранған қасиетті жер болып көрінеді. Алыстан қарағанда ол тамаша, жым-жырт тыныштық көзіңді арбайды. Қолына бір шелек әк пен сабы ұзын сыр жаққышты алып, Том үйден шықты. Шарбаққа көз жүгіртіп еді, жаңағы қуаныш әп-сәтте басылды да, кеудесін көңілсіздік тұманы басты. Ұзындығы үш ярд шарбақтың биіктігі - тоғыз фут!

Сол сәтте оған өмір деген мәнсіз, өмір сүру - ауыр жүк болып көрініп кетті. Ол терең күрсініп, сыр жаққышты әкке малды да, шарбақтың жоғарғы жағын сипап өтті, сосын екінші рет қайталады да тоқтай қалды: шарбақтың сырланбаған бөлігі бұл бір-екі рет сипап өткен түспен салыстыруға келмейді! Өкініштен ағаштың түбіне отыра кетті. Секіріп басып шарбақтан Джим шықты. Оның қолында қаңылтыр шелек. Өзі "Буффалоның қыздары" деген әнді ыңылдап айтып келеді.

Қаланың су сорғышына су алуға баруды Том жек көретін, бірақ ол ойына қазір басқаша қарауға тура келді. Су алатын жерде адам көп болатынын есіне алды: ақ нәсілділер, мулаттар , негрлер; қыздар мен балалар судың кезегін күтіп отырады, демалады, ойыншықтарын алмастырады, керіседі, төбелеседі.

Джим суға барса, бір сағатсыз үйге оралмайтыны, онда да соңынан іздеп баратыны Томның есіне түсті.

– Тыңдашы, Джим, - деді Том, - аздап сырлай салшы, суды мен әкелейін.

Джим басын шайқады.

– Келісе алмаймын, масса Том! Кемпір маған суға тез барып кел, жолай ешкіммен сөйлесіп кідірме деп бұйырды. Сосын ол: "Том, шарбақты сырла деп сені шақыратынын мен білемін, сен оны тыңдама, өзіңнің жолыңмен жүр, - деді. - Ол шарбақты қалай сырлап жатқанын өзім барып көремін",- деді.

– Ал сен оны тыңдама, Джим, ойлашы, кәрі кемпір не демейді! Шелекті маған бер, қане, мен жүгіріп барып келе қояйын. Ол тіпті кім әкелгенін де білмей қалады.

– Ой, Том мырза, мен одан қорқамын! Ол менің басымды жұлып алады: құдай біледі, жұлып алады.

– Ол! Ол ешкімді саусағымен де түртпейді; көп болса оймағымен басыңнан нұқиды -сонымен бітеді бәрі. Мұндай жазаға кім мән береді? Рас, ол ашулы сөздер айтады, бірақ сөзден еш жерің ауырмайды ғой, егер ол жылап-сықтамаса. Джим, мен саған кішкентай шар берем. Менің алебастрдан жасалған ақ шаригім бар ғой - соны саған беремін.

Джим ойланып қалды.

– Аппақ шарик, Джим, керемет!

– Солайы солай ғой, керемет бұйым! Том мырза, мен кәрі ханымнан өте қорқамын.

– Оның үстіне, қаласаң, мен саған аяғымдағы жараны көрсетемін.

Джим бар болғаны адам баласы ғой, мұндай еліктіруге қызықпай қоймайды. Ол шелегін жерге қойып, ақ шарикті алды, сосын қызыққаннан қызара бөртіп Томның оралған башпайын шешіп жатқанына қарады, алайда бір минут өткенде жауырыны қақсаған күйде шелегі бұлғаңдап, көшемен зымырап бара жатты, сөйткенше Том шарбақты сырлауға кірісті, ал апай болса, бір туфлиі қолында салтанатты кейіппен соғыс алаңынан кетіп бара жатты.

Алайда Томның күш-қуаты ұзаққа бармады. Ол бүгінгі күнді қызықты өткізуді жоспарлағанын есіне алып еді, одан сайын жүрегі сыздап кетті. Кешікпей жұмыс дегенді білмейтін басқа балалар көшеге шығады, еркін ойнайды. Әрине, олар түрлі қызық ойындарды біледі және олардың бәрі мұның жұмыстан бас ала алмай жатқан түрін көріп, мазақтайды.

Мұны ойлағанда, әбден күйіп кетті. Ол қалтасынан барлық қазынасын шығарып, оларды қарай бастады: ойыншықтың сынықтары, шариктер және басқа бірдеңелер; бұл дүние-сымақтарды беріп, ешкімге шарбақты сырлата алмайды және жарты сағаттық еркіндікті сатып ала алмайсың. Ол дүниелерін жинап, қайта қалтасына салды және еңбекке айырбастау туралы ойдан бас тартты. Балалардың ешқайсысы мұндай бейшара ақыға бола жұмыс істемейді. Кенет осындай қара түнек қаптаған сәтте Томға шабыт келді! Нағыз шабыт - жарқыраған даналық ой.

Ол сыр жаққышын алып жұмысқа кірісті. Анадай жерде бұл оның келемеж-кекесінінен өлердей қорқатын Бен Роджерс деген бала көрінді. Бен жүріп келе жатқан жоқ, секіріп, шапқылап, арасында билеп келеді - бұл оның көңілі жарқын, бүгінгі күннен көп жақсылық күтетіндігінің белгісі.

Ол алма жеп келеді және ара-арасында бір әуенді ысқырады да, соңғы жағынан "дин-дон-дон, дин-дон-дон" деп ең төменгі ноталарды қайталайды, өйткені Бен өзінше пароход болып келе жатқаны. Ол жақындағанда жылдамдығын бәсеңдетіп көшенің ортасына шықты да, еппен, мардымсып кейін бұрыла бастады, себебі Бен өзінше "Үлкен Миссури" пароходы болып келеді. Пароход та, капитан да бір өзі. Ол өзінің капитан мостигінде тұрған кейіппен өзіне өзі бұйрық береді де және оны өзі орындайды.

– Тоқта, машина, сэр! Динь-диминь, динь-диминь-динь!

Пароход жайлап жол ортасынан шығып, көшенің жиегіне жақындады.

– Артқа! Диминь-диминь-динь!

Ол екі қолын бүйіріне таянды.

– Артқа бер! Оңға бұрыл! Тш, диминь-дин! Чшш-чшш-чшш!

Оң қолымен үлкен-үлкен дөңгелектер сызып, пароходтың доңғалағын көрсеткен болады.

– Солға! Солға бұр! Диминь-динь-динь! Чшш-чшш-чшш!

Енді сол қолымен жаңағыдай дөңгелектерді сыза бастады.

– Тоқта, он жақ борт! Диминь-динь-динь! Тоқта, сол жақ борт! Алға және оңға қарай. Тоқта! Жай жүр! Динь-диминь! Чуу-чуу-у! Ұшын бер! Ей, тезірек, қимылда! Ей, жағадағы адам неғып тұрсың! Қанатты қабылда! Арқанды бағанға байла! Енді босат! Машина тоқтады, мырза! Диминь-динь-динь! Шт-шт-шт! (Машина бу шығарып жатқаны).

Том пароходқа көңіл аудармай жұмысын жалғастыра берді. Бен одан көзін алмай тұрды да, сәлден соң:

– Бәлем, қолға түстің бе! - деді.

Жауап болмады. Том кәнігі суретшілердің көзімен өзінің соңғы жұмысына бір қарап алып, сыр жаққышпен тағы бір сипап өтті де, кейін шегініп өз ісіне риза көңілмен көз салды. Бен жақын келіп, онымен қатар тұрды. Алманы көргенде Томның сілекейі шұбырып кетті, бірақ ол еш нәрсе болмағандай жұмысын жасай берді. Бен айтты:

– Немене, туысқан, жұмысқа жегіп қойды ма?

Том оған бұрылды да:

– А, сен екенсің ғой, Бен! Мен байқамадым.

– Тыңдашы, мен суға түсуге бара жатырмын... Иә, суға түсуге. Сенің де суға түскің келіп тұрған шығар, а? Бірақ саған, әрине, болмайды, жұмыс жасауға тура келеді. Әрине, солай!

Том оған бір қарады да:

– Жұмыс деп сен нені айтып тұрсың?

– Мынау жұмыс емес пе?

Том шарбақты сырлай бастады да және немқұрайлы жауап берді:

– Мүмкін жұмыс, мүмкін жұмыс емес. Мен бір ғана нәрсені білемін: Том Сойерге осы ұнайды.

– Қойшы-ей? Осы жұмысты рахаттанып істеп жатырмын дегің келе ме?

Сыр жаққыш шарбақтың бойымен қыдыра берді.

– Ұнамайды? Ұнамайтын несі бар? Шарбақты сырлайтын мүмкіндік балаларда күнде бола бермейді.

Іс басқа бағыт алды. Бен алма кеміруді тоқтатты.

Том, рахаттана жұмысқа кіріскен суретшіге ұқсап қылқаламын оңға, солға жылжытып, сосын бірнеше қадам кері шегініп, шарбақтың өзі сырлаған тұстарына қарап, қай жерге қандай сызық керек екенін сын көзімен байқады, ал Бен оның әрбір қимылына қызыға қарап тұрды да, ақыры тіл қатты:

– Том, тыңдашы, маған берші, мен сырлап көрейін!

Том ойланып қалды және келісуге әзір секілді көрінді, бірақ соңғы сәтте пікірін өзгертті:

– Жоқ, жоқ, Бен... Бәрібір ештеңе шықпайды. Полли апай осы шарбаққа келгенде өте кінәмшіл кісі: шарбақ көше жақта ғой. Есік алдына қараса, басқаша болар еді, ал апай бұған тым қатал қарайды - аса ұқыптылықпен сырлау керек. Мың, тіпті екі мың баланың ішінен біреуі ғана әдемі етіп сырлауы мүмкін.

- Не дейді? Ойыма келген емес. Маған бере тұршы сырлап көрейін, сәл ғана. Егер сенің орныңда мен болсам, бірден саған бере салар едім. А, Том?

- Бен, мен саған қуана-қуана берер едім, бірақ Полли апай... Жаңа Джим де сырлағысы келіп еді, апай рұқсат етпеді. Сид те одан өтінді - жібермеді. Бұл жұмысты саған сеніп тапсырудың қиындығын енді түсінген шығарсың? Егер сен сырлағанда бір жерінен ағаттық кете қалса...

– Бос сөз! Мен сенен кем сырламаймын. Тек сәл сырлап көремін! Саған мына алманың ортасын берейін.

– Жарайды! Жоқ, болмайды, Бен, мен қорқамын, одан да қоя қояйық...

– Мен алманың қалғанын түгел берейін.

Том бергісі келмеген кейіппен, бірақ ішінен рахаттана сыр жаққышты ұсынды.

Бағанағы "Үлкен Миссури" пароходы терлеп-тепшіп еңбек етіп жатқанда, зейнеткер суретші көлеңкедегі бір күбінің үстінде аяқтарын былғаңдатып алма кеміріп отырды және ашық ауыз балаларға тор құрумен болды.

Ашық ауыз аңғалдар жеткілікті екен: балалар шарбақ жанына күлкі етуге келді де, ақырында өздері сырлай бастады. Әбден сілесі қатқан Беннен кейінгі кезекті Том Билли Фишерге су жаңа қағаз жыланға алмастырды; ал Фишердің сілесі қатқан кезде кезекті ақысына ұзын жіпке байлаған өлі тышқан беріп Джонни Миллер алды.

Осылайша сағаттан соң сағат зымырап өтіп жатты.

Түске қарай Том таңертеңгі жалаңаяқ кедейден үлде мен бүлдеге оранған бай болып шыға келді. Енді оның он екі ақ шаригі, тістеп тұрып үрлейтін гуілдектің сынған бөлшегі, көгілдір шыны бөтелкенің сынықтары, шарғы жіптің кәтөшкісінен жасалған пушка, бордың түйірі, есіктің мыстан жасалған тұтқасы, иттің қарғысы, графиннің шыны қақпағы, пышақтың сабы, терезе рамасының сынығы - бәрі оның байлығы еді.

Том ештеңе істемей-ақ қаумалаған балалардың арасында уақытын көңілді өткізді. Балалар шарбақты үш рет сырлап шықты! Сыр таусылмағанда Том бұл қаладағы балалардың бәрін кедей қылатын еді.

Том өмір деген онша жаман емес екен ғой деп ойлады.

Өзі түсінбесе де, ол ұлы жаңалық ашты: яғни, адамдардың ісіне басшылық ететін заң шығарды. Үлкен адам болсын, бала болсын бір нәрсеге ие болғысы келсе, ол мейлі өте көп қиындықпен қолға түсуі де мүмкін. Егер ол осы кітаптың авторы сияқты ұлы данышпан болса, түсінер еді: Жұмыс деген - біз жасауға тиісті нәрсе, ал Ойын ойнауға біз міндетті емеспіз. Бұл оның қағаздан гүл жасау немесе желдиірменді қосу - жұмыс та, кеглиді көздеу болмаса Монбланға көтерілу - рахатқа бөлейтінін түсінуіне көмектесер еді. Англияда арбаға төрт ат жегіп, жиырма-отыз миль жер жүргені үшін разылықпен ақша төлейтін байлар бар; ал егер оларға осы жұмысы үшін жалақы төленетін болса, онда бұл жұмыс болып саналар еді және олар сол бойда-ақ бас тартар еді.

Том біраз уақыт тапжылмай отырды; ол өз өмірінде болған елеулі үзіліс жайлы ойлады, сосын табанын бас штабқа бұрып, жұмыстың аяқталғанын хабарлауға кетті.

Марк Твен. Том Сойердің басынан кешкендері. Том ойнайды, төбелеседі, жасырынады
Соғыс және махаббат. Марк Твен. Том Сойердің басынан кешкендері (үшінші тарау)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу