Қалқанқұлақ Чебурашка қайдан пайда болды?

Oinet.kz 01-03-2023 3153

Балалық шағы Кеңес Одағына және одан кейінгі дәуірге тиесілі жандардың жадында «Союзмультфильм» түсірген мультфильмдердің ең құрығанда бір-екі сюжеті сақталып қалады десек, ешкім дау айтпас. Сол мультфильмдердің ішіндегі ең ерекше кейіпер – қалқанқұлақ Чебурашка.

Screenshot_10.jpg

(Қолтырауын Гена және оның достары)

Қалқанқұлақ Чебурашка қайдан пайда болды?

Чебурашка – орыс балалар әдебиетінің белгілі жазушысы Эдуард Успенскийдің 1966 жылы жарық көрген «Қолтырауын Гена және оның достары» кітабында ойлап тапқан кейіпкері болатын. 1969 жылы аталған кітап сюжетімен Роман Качановтің «Қолтырауын Гена» атты мультфильмі шыққаннан кейін қалқанқұлақ кейіпкер кең танымалдылыққа ие бола бастады. Қуыршақ театрларында да сахналанып тұрды.

Қалқанқұлақтың көзі үкінің көзі сынды үлкен әрі сары түсті, басы қояндікі сынды дөп-дөңгелек, ал құйрығы кішкентай қонжықтікіндей үрпек әрі қысқа деп сипаттайды. Бұл ерекше кейіпкердің өмірде бар-жоғы ел ішінде қызу талқыға айналды. Алайда балалар, тіпті кей ересек адамдардың өзі Чебурашканың өмірде болатынына, тропикалық ормандарда өмір сүретініне шүбәсіз сенді. Дегенмен, бұл автордың ойдан шығарған кейіпкері болатын. 

Кейіпкердің есімі туралы повесть авторы Успенскийдің өзі:

«Досыма қонаққа барған едім, оның кішкентай қызы өзінен үлкен ішікті еденге сүйретіп киіп жүр екен. Сол ішікке сүрініп, кішкентай қыз қайта-қайта құлай берді. Әкесі бір құлаған кезінде: «Ой, әне тағы да құлады» (Ой, опять чебурахнулась!) деп айқайлады. Осы сөз есімнен кетпей қойғасын, мағынасын сұрадым. Сөйтсем, «чебурахнуться» дегеніміз «құлап қалу» дегенді білдіреді екен. Солай менің кейіпкерімнің есімі пайда болды»,- дейді.

Осы бір ұрыншақ кейіпкер туралы мультфильм әлем тілдеріне аударылып (ағылшын «Topple», неміс «Kullerchen», «Plumps», швед «Drutten», фин «Muksis»), әлем балаларының сүйікті мультфиліміне айналды. Әсіресе Жапония мен Швецияда ерек танымалдылыққа ие болды. Мұнымен ғана қоймай Чебурашканың мамық ойыншықтары пайда бола бастады.

Әрине, қандай дүние бола да, сұранысы мен заманына қарай көшін түзеп отырады. Чебурашка елдің сүйікті кейіпкеріне айналып кеткен соң, повесть авторы Эдуард Успенский жоғарыда аталған кинорежиссер Роман Качановтан бөлек өзге де режиссерлермен бірігіп, повесть, пьесалар жазып отырды. Араға біраз жылдар салып Қолтырауын Гена мен қалқанқұлақ Чебурашка көрермендеріне жаңа оқиғалармен оралып отырды.

Screenshot_11.jpg

("Чебурашка" фильм 2022)

«Чебурашка» ең жоғары табысты фильм

Биыл да «Союзмультфильм» көрерменге тосын сый жасады. Автордың өзі кеткенмен, өзі жасап кеткен Чебурашкасы көрерменге мультфильм емес, фильм кейіпкері болып оралды. Фильм сценарийін құрастырудың өзіне бір жарым жыл уақыт кеткен. Ал түсірілім жұмыстары 2021 жылдың қыркүйегінен басталып, 2022 жылдың маусым айына дейін жалғасқа. Түсірілім картиналары үшін 6 тонна апельсин қолданған. Фильмге актерлерден бөлек, 26 атжалман, 8 канарей және тотықұс, 6 су шошқасы, ит және игуана түсірілген.

Фильм жаңа жылдан бастап көрерменге жол тартты. Дегенмен, әлеуметтік желідегі киноэксперттер мен қарапайым көрерменнің пікірі қаққа жарылды. Басым көпшілігі, фильмнің өте сәтсіз шыққанын айтады. «Союзмультфильмнен» бала кезде көріп өскен Чебурашканы, ондағы негізгі идеяны таппай қалғанын, фильм тіптен балаларға арналмағанын, настольгиялық сезімдер үшін барып, жағымсыз сезіммен шыққанын жазып жатыр. Бұл фильмде барлығы дерлік даусыз келіскен дүние басты кейіпкер Чебурашка персонажының шебер суреттеліп, шебер таңдалғаны. Қалай болғанда да, «Чебурашка» Ресей кино индустриясының ең жоғары табысты фильміне айналды.

Screenshot_12.jpg

(Эдуард успеский Чебурашканың мамық ойыншығымен)

Балалар әдебиетінің саңлағы, өз балаларына зорлық-зомбылық көрсеткені рас па?

Көпшіліктің сүйіктісіне айналған қалқанқұлақ «Чебурашканы» ойлап тапқан негізгі автор, балалар әдебиетінің жазушысы, драматург, сценарист, тележүргізуші Эдуард Успенский туралы, оның жеке өмірі туралы не білеміз? 

Эдуард Успенский – 1937 жылы, 22 желтоқсанда, Мәскеу облысы, Егорьевск қаласында туған. Шығармашылыққа қызығушылығы, бейімділігі мектеп кезінен-ақ байқала бастайды. 1961 жылы болашақ жазушы Мәскеу авиациялық институтын аспап инженері мамандығы бойынша аяқтайды. Институтта жүрген кезінде алғашқы шығармаларын жазып бастады. Оқуын бітірген соң 3 жыл инженер болып жұмыс істеді.

Успенский шығармашылық жолын әзілкеш болып бастайды. 1965 жылы Эдуард Феликс Камовпен бірге «Телевизия» МАИ студенттік эстрадалық-сатиралық театрының авторлық тобын басқарды. 1966 жылы «Өнер» баспасынан «Бір мұқабаның астындағы төрт» атты әзіл-ысқақ әңгімелер жинағы жарық көрді. Бұл төртеуі – Эдуар Успенский, Феликс Камов, Аркадий Арканов және Григорий Горин болатын.

Эдуардтың айтуынша ол балалар әдебиетіне кездейсоқ тап болған. Ол балалар үшін 1960 жылдан бастап әзіл-ысқақ өлеңдер жазып бастады. Оның бұл өлеңдері «Литературная газетада» жарияланып тұрды. Бес жылдан кейін «Балалар әдебиеті» баспасынан Эдуардтың «Көңілді піл» атты алғашқы өлең кітабы жарық көреді. Жоғарыда айтылған «Қолтырауын Гена және оның достары» кітабы осыдан кейін 1966 жылы жарыққа шығады. Бұдан соң Успенскийдің айы оңынан туып, өмірінің жұлдызды сәттері басталады. Чебурашкадан бөлек, оның балаларға жазған шығармаларының көбі анимациялық фильмдерге арқау болып, Успенский үздіксіз шығармашылық процесске кіріп кетеді.  1974 жылы «Федор ағай, ит пен мысық» атты балаларға арналған ертегісі жарық көреді. 1978 жылы режиссер Владимир Попов Успенскийдің кітабы бойынша «Простоквашинодан үшеу» анимациялық фильмін түсірді. Кітап пен фильм балалар мен қатар ересектердің де көңілінен шыға бастағасын екі жылдан кейін «Простоквашинодағы демалыс», одан кейін төрт жылдан соң «Простоквашинодағы қыс» фильмдері түсірілді. Успенскийдің шығармашылық процессі балалар әдебиетінің қоржынын қампайта бастады. Оның шығармалары әлемнің 25 тіліне аударылды. Сценарийлері мен шығармалары бойынша 60-қа жуық анимациялық фильм түсірілді.

Қоғам арасында «әр адамның ішінде ойынға тоймаған бір бала» бар дейтін сөз көп айтылады ғой. Сондықтан да болар, Эдуард Успенский балалар әдебиетінің нағыз аяз атасына айналды. Талай миллиондаған адамның  балалық шағының ыстық естеліктерінің демеушісіндей көрінді. Оның талантына ешкім дау айтқан жоқ. Оның 2018 жылы өмірден өтуі елі үшін үлкен трагедияға айналды. 

Screenshot_13.jpg

(Татьяна Успенская Эдуард Успенскийдің қызы)

Алайда өзі аңызға айналған ертегішінің қызы Татьяна Успенская «Собеседник» газетіне әкесі зорлық-зомбылық пен қатыгездік көрсетті деп айыптап, ашық хат жолдаған кезінде бәрі өзгерді. Әлем балаларының қалауын орындап, сүйікті авторына айналған жазушының өз балаларына мейірімсіздік көрсеткеніне сену қиын-ақ. Әкесінің бүкіл ғұмырын арнап, шабытын сарқып, қасықтап жинаған абыройын, туған қызы шөміштеп төккені ме сонда? Татьянаның сонша жылдан бері тілін тістеп жүріп, аяқ асты бұлай ашық мәлімдеме жасауына, балалар жазушыларына арналған «Большая сказка» дейтін әдеби сыйлықты марқұм әкесінің атымен атауға ұсынғаны түрткі болған. Яғни, Татьяна «Эдуард Успенский атындағы сыйлық» марқұм әкесінің әруағына лайықты марапат емес деп таныды. Нақтырақ әкесінің әруағы мұндай құрметке лайық емес таныды.

«Бұл әкемнің маған – оның қызына, анама – оның әйеліне, оның немерелеріне, өзге әйеліне (белгілі тележүргізуші Элеонора Филина) т.б. жақындарына көрсеткен, үнемі қайталанып отыратын физикалық, психологиялық, эмоционалды зорлық-зомбылығы болды. Меніңше, ұзақ жылдар бойы өз отбасына, әсіресе балаларға жәбір көрсеткен адамның атымен әдеби саладағы гуманистік сыйлықты, әсіресе балалар әдебиетіне берілететін сыйлықты атауға болмайды», - деп жазды жазушының қызы Татьяна.

Аталған хатты алғасын «Собеседник» порталының журналисі марқұмның қызымен сұқбаттасады. Онда ол:

«Шынымен де, біздің елде марапатқа есімі лайық өзге қаламгер жоқ па? Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен адамның есімін мәңгілік құндылықтармен қалай атауға болады? Сонда әлеуметтік атаққа ие болған кез келген адам ойына келгенін жасап өмір сүре беруіне бола бере ме?»,- дейді.

Қызығы, Татьянаның бұл мәлімдемесін марқұмның бірінші әйелі Элеонора Филина да растады. Ол бұрынғы күйеуінің өзін де, балаларын да ұрып-соғып, жауыздық көрсеткенін айтқан.

Әрине сәйекесінше бұл айтыптаулар марқұм Эдуардтың жақындарының да, сүйікті оқырмандарының да арасында үлкен резонанс тудырды. Бірі жазушының мұндай оспадар әрекетке баруы мүмкін емесін айтып қызылкеңірдек болып жатса, енді бірі Эдуардтың отбасына мұндай қатыгездік танытуы шығармашылық процессінің жүйкеге түскен салмақ әсерінен болуы екенін айтып ақтап жатты. Борис Грачевский мен Григорий Остер марқұмның жеке өмірі мен отбасына көрсеткен озбырлығынан көрі, шығармашылық еңбектерінің салмағы ауыр екенін айтып, ақтады.

Нәтижесінде сыйлық бәрібір жазушының атымен аталды. Бұл туралы А.А.Усачев: «Сыйлыққа Эдуард Успенскийдің есімі оның көрнекті балалар жазушысы, әлемге әйгілі кейіпкерлерді жасаушы, виртуозды шебер әңгімеші екені және сіңірген еңбегі ескеріліп берілді»,- деп мәлімдеді.

Осылай көзі тірісінде шығармашылығы ел алдында кең насихатталған балалар жазушысының көзі жұмылған соң жеке өмірі, адамгершілік қасиеттері де қоғамның талқысына түсіп кетті. Ал сіз балалар әдебиеті мен анимациялық аудиториясы үшін соншама еңбек жазған адамның, өз балаларына неге қатыгездік танытқанын түсіне аласыз ба? Қалай болғанда да Эдуард Успенскийдің шығармашылық өрнегі ең құрығанда орыс балалар әдебиеті тарихының бір бұрышында қашалып қалып кеткендігі анық. Оған біздің әлі күнге дейін қалқанқұлақ Чебурашканы сүйіп қарайтынымыз куәлік ете алатын шығар...

Ал мақаланың соңын «Чебурашка» фильмінен алынған осы бір цитатамен қорытындылағымыз келіп отыр:

«БІЛЕСІҢ БЕ, ГЕНА, МЕНІҢШЕ СЕНДЕР ӨЗДЕРІҢДІ ДЕ, ӨЗГЕНІ ДЕ КЕШІРЕ АЛМАҒАНДЫҚТАН МҰҢЛЫҚСЫҢДАР!»

Дайындаған Сезім Мергенбай

Ұлы тұлғалардың оғаш әрекеттері
Биыл Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу