​Сұлтанмахмұт Торайғыров. Жарқынбай

Oinet.kz 02-09-2019 1042

Картинки по запросу Сұлтанмахмұт Торайғыров

Жарқынбай дәулетімен «қадірлі» адам,

Болса да көрдей соқыр, нағыз надан.

Мал мақтатпай қоя ма өтірік-ақ,

Ақыл, ойсыз болса да малдан жаман.


Мал бітті, мал секілді сасық жанға,

Өр көкірек өзімшіл топас паңға.

Кедей болса күн көрер адам емес,

Жамандығын мал жапты амал бар ма.


«Тегіңді малдан сұра?» дегені рас,

Бұл күнде малы жоққа бақыт қонбас.

Бай болсаң әркім сыйлап «жақсы» дейді

Болсаң да қандай надан, қандай топас.


Соның бірі Жарқынбай мынау жүрген,

Не ақыл, не білім жоқ оқып жүрген.

Бұл күнде адамды емес, малды сыйлап,

Әркім-ақ орын береді оған төрден.


Былтыр ол «би болсам» деп арман етті,

Сойыс қып, елге шауып, ақша төкті.

Берудің арқасында беделді боп,

Би болды, жез знакке қолы жетті.


Сары жез сатып алды малын шашып,

Сол үшін мақтанады мықын басып.

Төбетке тағып қойған қарғыдай қып,

Ол «шенін» тастамайды мойнына асып,


Ол қарғы білім бермес таққанменен,

Надан білгіш бола ма мақтанменен.

Мәстек шауып, тұлпардан бәйге ала ма?

Қадірлеп асыл жабу жапқанменен?


Байда бар оқып жүрген бір ер бала,

Жасы келіп қалса да ақылы шала.

Бай баласын «жаман» деп кім айтады,

Деген ғой «Басы игінің бәрі қара».


Баланың киімі оңды, тамағы тоқ,

Мегежін елі сүйек, бірі былжыр...

Он жыл үзбей қысы-жаз оқыса да,

Әлі күнге ол кеше хат білген жоқ,


Он жылдай оқығаны қара кітап,

Беріпті әкесіне молда сыйлап.

«Көрің қадір», «Кесік бас», «Бақырғанық»

Көшірмесі миын жеп, жанын қинап.


Он жылда осы кітап бір бітпеді,

«Қасиетті» деді бай, құрметтеді.

Талған адам тұрыпты бір сипаса

Лепесі қара молда құр кетпеді.


Бұл кітапсыз босанбасқа қатындар да

«Мыңда бір дауа, дейді мартуларға».

Бір жапырақ тұмары бойды сақтар,

Ауырсақ ішірткі ал, қапыл қалма.


Бісмілда айтпай, дәретсіз жақын барма,

Молдадан артық білер ақыл бар ма?

Соғып кетсе киесі ондырмайды,

Біле тұра жаныңа қасың бар ма?


Бұл кітаптан жын-шайтан қашып кетер,

Жаны шошып, зәресі ұшып, сасып кетер,

Артына қайрылуға шама келмей,

Қап тауының басынан асып кетер.


Осындай кітабы бар байды көрдім,.

Түс секілді өңімде жайды көрдім,

Дәулеті, қасиеті, шені де бар,

Түп-түгел төрт құбыласы сайды көрдім.


Орысша оқығанды «кәпір» дейді,

Иманы жоқ, сауаптан тақыр дейді.

Ғылым туын қолға алып шықса біреу,

Бұзық келді, болды-ау заман ақыр дейді.


Кім мақтаса соны дос, жақын дейді.

Надандар надан сөзін ақыл дейді.

Молданың өтірік айткан шариғатын,

Құдай сөзі айтқаның мақұл дейді.


Білімді, оқығанды күндеп бағар,

Өтірік, өсек пенен жала жабар.

Өзінің түйедей мінін көзі көрмей,

Біреудің түймедейін тінтіп табар.


Мен білемін деп ойлап адасады,

Білімдіге өштесіп таласады.

Мал болса арманым жоқ, жетілдім деп,

Қит етсе малдың басын,санасады.


Жарқынбайдың жайы осы ел мақтаған,

Әрі бай, әрі би деп жұрт жақтаған.

Ішіп кетер, жеп кетер сұмдар жиылып,

Мәз болып, байды мақтап ыржақтаған.


Бай сонда көтермес пе мұрнын көкке,

Етер ме көтердің деп оларға өкпе.

Аурусыз «ақ-түпә» деп құр жөтеліп!

Паңдықты байқатпас па төңірекке.


Бар еді Жарқынбайда үш-төрт бала,

Оларға байлық тұрса шіркеу қайда.

Күләйме ұлдан үлкен жалғыз қызы,

Ұқсайды көркемдігі туған айға.


Он сегіз Күләйменің келген жасы,

Жібектей үлбіреген маңдай шашы,

Мүлтіксіз тұла бойы бір міні жоқ,

Алланың шын жаратқан тамашасы.


Жанарын көрген көздің алар бұрып,

Азырақ езу тартып қойса күліп,

Қызғалдақ пісіп толған шілдедегі,

Жер гүлі, қызыл нұрлы шашып ұрық.


Көргеннің есі кетер қарап тұрып;

Тәні еріп, ойы мас боп, дымы құрып,

Оңаша кезі келіп қалған жерде,

Сөз түспес аузына құдай ұрып.


Тартпаған әкесіне мінез-көрік,

Құрбыны қорламайды паңсып жеріп.

Ақыл, ой, мінез, көрік түгел келген,

Шын сұлу, сымбатты-ау ерге серік.


Шешеге де тартпаған бір мінезі,

Күлімдеп күн сәулелі жарқын жүзі.

Көктен түскен гауһардай көзді ұялтқан,

Қол жетпес күнсұлудың нағыз өзі.


Күләймені әкесі малға сатқан,

Құдай деп, құда болып бата айтқан.

Әрі малды көбейту көп үстіне,

Әрі би боламын деп, қарғыс атқан.


Бергені бір хажының бай баласы,

Мал, басқа түгел толған айналасы.

Құда боп құйрық-бауыр жегеннен соң,

Басылған бақ күндестік тайталасы.


Күйеуі Күләйменің теңі емес,

Тең түгіл түзу қарар адам да емес,

Сұлудың сырты бүтін, іші түтін,

Мұқаннан басқа бұл сырды адам білмес.


Мұқан мен Күләйменің сыры тату,

Жүрек сүйіп, басталған құп ұнату.

Ұзақ түн, оңашада сырласқанда,

Болатын неше түрлі ойға бату,


Күйеуі мал төлеген малдың бірі,

Ақ үрпек балапандай көрсең түрі.

Не сымбат, не көркі мен мінезі жоқ,

Ақылсыз шошқа мінез, сөзі ірі.


Мисыз ой, талыс аяқ, сасық қолтық,

Мегежін, шартық бұқа, бойы қортық

Буаз қатын секілді шартиғанда,

Айран құйып байлаған бір жан торсық.


Оқу жоқ, көз орны бар, кеуде соқыр,

Көргенді, естігенді ми жоқ тоқыр.

Көзі көк, кірпігі ақ, түсі сары,

Алапес, өне бойы ешкі қотыр.


Мінезі сондай жаман, ісі содыр,

Сондықтан, әркім оны дейді шодыр.

Күләйме қосақталса бұл есекке,

Арам өлген бір аққу қарға шоқыр.


Мұқан кім? Замандасы жақын жүрген,

Сыр ашып тар төсекте ойнап-күлген.

Бір-бірі қара көздің хатын оқып,

Жүректің не айтарын оймен білген.


Мұқанның бар айыбы — малы кедей,

Әке бар, туысқан жоқ, шеше өгей.

Ақыл-зейін, түр сымбат тұтас келген,

Сөзге ұста, ақын жігіт сұрша көмей.


Оқыған, білім алған жасынан ол,

Бір адам болмаса да дәулеті мол,

Жігіттің бұл күндегі Абылайы,

Не керек, бақ байлайтын бір қысқа қол.


Талабы, бар ынтасы зор оқымақ,

Үлгілі үлкен городтан білім алмак,

Мұқанның жанын жейтін ауыр қайғы,

Қаптырған Күләймеге тұрмыс қармақ.


Сондықтан оның ойы он бес бөлек,

Қайғымен күйік тартқан сүйген жүрек.

Зарыққан Күләймені көрген сайын,

Дертіне ем таба алмай көңілі жүдеп.


Осы жаз қыз алуға күйеу келмек,

Мал алған бастасына әке бермек,

«Қыздың байы бес байтал» деген рас,

Сорлы қыз, әке салса, малша көнбек.


Ол солай болатыны, сөзсіз рас,

Топастар ойын етпей көңілі тынбас.

Сұлуды тұрмыс торы шырмап алған,

Үзем деп Мұқан-дағы қарсы тұрмас.


Тұрғанмен қолдан түк те келері жок,

Жан қинау, іс боп шығып, өнері жоқ,

Қараңғы ел, қара теңіз тасып жатқан,

Шыпшық боп өртеймін деп өлері жоқ.


Құралсыз жауға шабу кімнің ісі,

Көз жетсе келмесіне оған күші.

Түпсіз теңіз түбіне тартып кетер,

Мылқау күш, дәл теңіздей елдің іші.


Келбеттің жері жазық, шөбі шалғын,

Түгінен майы шығад семіз малдың.

Тасқұдық мұз бұлағы ағып жатад,

Сылдырап табаныңда биік жардың.


Сол жердің оң жақтағы жағасына,

Тас өткел мұз бұлақтың арасына,

Жылжып кеп жұрт жаңартқан Жарқынбай бай,

Той қылды ұзататын баласына.


Іргесі мөлдір тымық өзен аққан,

Күні жоқ күндіз-түні дамыл тапқан.

Сылдыры сыңсып жарға қоштасқандай,

Шын тыңдап, зерттеген жан ойға батқан.


Бір сұлу суға келді шолпы таққан,

Басында таза шапан бетін жапқан,

Төгіліп қара нәркес көздің жасы,

Өзенге үнсіз қосып, мұңын шаққан,


Ыстық жас мұз бұлакка тырс-тырс тамған,

Ағызған көздің жасын іштегі арман,

Жүректің қызыл қаны құртша қайнап,

Шыдамай қызуына дене жанған,


Шарпылып қайғы өртіне тұла бойы,

Мұз бұлақ сөндірер деп келген ойы,

Бата оқыр, ас бергеннен аты суық,

Көрінді әкесінің қылған тойы.


Күйеу мен құда келген кеше кешке,

Той қылған опыр-топыр бүгін түсте.

Жеген тоқ, ішкен мас боп, шалқып жатыр,

Сұлудың мұңын алған кім бар еске.


Сұлудай қайғы жұткан Мұқан жалғыз,

Мәз-мейрам, сауық құрған жеңге, балдыз.

Жасырын жар астымен кызға келді,

Кезді аңдып жар жағасы болған жансыз.


Келді ол акырғы рет амандаса,

Сұлуға көңіл айтып мауқын баса.

Ажал кеп әкеткелі төніп отыр,

Сүйгенін дейтін көзден қылман таса.


Егілді Күләйменің көзден жасы,

Жанына келген кезде жан жолдасы,

Құшақтап сүйген жарым сен деді ол,

«Бұл сырға куә болсын судың басы».


Мұқан да шын жүректің төкті жасын,

Аялап алақанмен қыздың басын,

«Кетсең де жүрек бірге, қайғы ортақ,

Тілегім: «Маңдайыңнан жарылқасын».


Қыз айтты: «Жарылқайтын күні кайда?»

Жақсылық көрем деген түк жоқ ойда,

Құдайдың ақ ажалы қазір жетіп,

Бата оқыр болар ма еді осы тойда.


Сонда мен көп өліктің бірімін ғой,

Сүйгеннің аузындағы жырымын ғой.

Бұл күнде аруақ та бір, мен де бірмін

Тек қана сырт көргенде тірімін ғой.


Жарылқап не береді құдай маған,

Жақсы боп, қайта тумас анау жаман.

Менің барлық тілегім жалғыз сенсің,

Бақытты өмір бергей де тәңірім саған.


Мен өлік, менде жан жоқ бұдан былай,

Тағдырда солай жазған кәрі құдай,

Кінәні маған қойма, заманға қой,

Жүрерміз амандықты сырттан сұрай.


Елде егер жүрсеқ келмей, ұмытпассың,

Сүйгенге сырттан кір сөз жуытпассың.

Тұлыпқа мөңіреген сиырдай боп,

Қарумен сүйген жарың мауық бассын».


Ағытқан барлық сырын сұлу жылап,

Қалжырап, әлі бітіп кетті құлап.

Талықсып, ес жинауға шамасы жоқ,

Тұрмыстың оғы тиіп жатыр сұлап.


Оңаша жардың асты көлеңкелі.

Тарылған қайғы алқымдап қыздың демі.

Қоңыр сая, самалды ысытқандай,

Жалынды көкіректен шыққан лебі.


Мұқанның құр сүлдері отыр шыдап,

Бойы еріп, жүрек жұлқып, аттай тулап,

Бұлдырап екі көзі қарауытты,

Сұлудың зарлы сөзі жанын улап.


Бір кезде есін жиды, көзін ашып,

Жанарлы қара көздің оты жасып,

Қоштасып Мұқанменен үйге қайтты

Дірілдеп, әлсіз аяқ шалыс басып.


Той бітті, кеш те жетті қол ұстатар,

Кәде көп, ырымы бар, шаш сипатар,

Болғанда түн ортасы қызды қамап,

Сыпылдап сөйлеп отыр жас қатындар.


—    Еркежан, жерін жайлы, күйеуің тең,

Дүние, мал-мүліктен болмайсың кем.

Әлдекімнің баласы секілденіп,

Айтқанға көнбегенің осының нең?


Күйеуің келеді деп тосып отыр,

Басылды кісі аяғы опыр-топыр,

Бәлсініп бүгін бармай қоймағанмен,

Ертең-ақ Күйек молда некеңді окыр.


—    Көрмеймін қашан үйден кеткенімше,

Қолына ноқталанып жеткенімше.

Жүрегім шын елжіреп, жаным сүймес,

Жеқ көрер өмір бітіп, өткенімше.


Тілімді алмады деп сөкпе, жеңеше, 

Болайын мен разы өле-өлгенше,

Сол кезде қайтер едің, жеңгетайым,

Маған деген бұл пәле саған төнсе,


Ақырғы осы түнім үйде жатар,

Кайғылыға кешікпей таң бар ма атар?

«Тас түскен жеріне ауыр» деген бар ғой.

Демеймін менің қайғым саған батар.


Деді де теріс қарап қалды жатып,

Жанына жоламады жеңге батып.

Қалтиып түн күзеткен қотыр күйеу,

Жаңа ғана қисайды, таң да атып.


Ат жеккен пәуескеге байлар таңдап.

Құндыздай жылтыр қара жүнін парлап.

Асылып екі әйелдің иығына,

Танысқан Күләйме қыз елге зарлап.


Зарлы үн естігеннің ойын шарлап.

Тұңғиық, мәні терең ұқсаң барлап,

Өмірден түңілгенін ашып айтты,

Малқұмар топастардың ісін қарғап:


«Жапанда бір гүл едім жеке,біткен,

Қызықты дүниеден өмір күткен.

Он сегіз жасқа жақа келгенімде,

Басымнан жастық дәурен желдей өткен.


Адасқан, теңін таппай мен бір жалғыз,

Құр дене қимылдаған жүрек жансыз.

Шілдеде мұздай болып қатқан көңіл,

Сүйе алмас жүректегі ыстық қансыз».


Қыз сөзі тіксіндірді жұрттың көбін,

Суытты кейбірінің жылы көңлін,

Арбаға мінгізсе де дауысы естілді,

Астына түскенінше Сарыдөңнің.

​Сұлтанмахмұт Торайғыров. Жапырақтар
​Сұлтанмахмұт Торайғыров. Жарлау (Жұртыма)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу