Әкесі тастап кеткен қыздардың бәрінде осы тағдыр ма?

Oinet.kz 09-11-2022 3642

Жасым жиырма бесте, әлі тұрмыс құрғаным жоқ. Тіпті, отбасылы болуға асығып та жүргенім шамалы. Оның себебі көп. Өзіммен бірге тұратын  анамды жалғыз қалдырып кеткім келмейді...

Screenshot_10.jpg

Анам менің бағымның жанғанын қалайды. Ал, мен анамды тастап өзге адаммен бас қосып, оны жалғыз қалдырып кетудің мәні бар ма деп ойланамын. Өзімді қайдам, анамның жалғыздығы жаныма қатты батады. Бір жасымда,  енді-енді ғана жүре бастағанымда анам мен әкем айырылысып кетіпті. Ал, ес біле бастаған сәтте әкемнің үйге келіп талай рет анама қол жұмсап, айтпағанды айтып, түнгі ұйқымыздың шырқын бұзып кететін сәттері есімде қалған. Тіпті, бір күні сақырлаған сары аязда келді де, үйдегі ыдыс-ыяқтың барлығын қиратып, үйдің терезелерінің барлығын шағып кетті. Қазақстанның егемендікті енді ғана алып, мұғалімдердің жалақысы кешігіп берілетін кез болатын. Ұстаз болып жұмыс жасайтын анам сол қыста терезеге әйнек сала алмай, бір қыс бойы жастық пен жылы көрпені терезеге қағып жазға әрең жеткен едік. Анамның тағдырдан тартқан тауқыметін бірге көріп келе жатқан қызы ретінде маған оны тұрмысқа шығып, жалғыз қалдырып кету – сатқындық секілді көрінеді. Бүгінгі таңда әкемнің өз шаңырағы бар. Ал, анам ағаларым мен мені өсіп жетілдіру үшін бар өмірін сарп етті. Анамның айтуынша, әкем екеуінің шаңырақтарының шайқалуына әкемнің көрсеқызарлығы, жанұя жағдайынан гөрі қыдырғанды құп көретіндігі себеп болған. Әкемнің бүгінгі күндегі жағдайы тым жақсы, ауқатты тұрады десе де болғандай. Біздің балалалық шақтағы суықта қалған кездеріміз бен бақытсыз күндерімізді жуып-шайғысы келетіндей ыңғай танытып, зәулім үйіне шақырды. Үйінің ішіндегі төрдегі бөлмені нұсқап, мына бөлмені маған арнап жасақтағанын айтты. Заманауи жастарға қажеттінің барлығы бар деп мақтанып қояды. Мен анаммен бірге тұратынымды айттым да, шығып кеттім.Ақ сүт беріп емізген, өсірген ананы әкенің байлығына сатып кету санама сыйымсыз секілді көрінді. Оның үстіне әкемнің көкірегінде анама деген кек бар секілді. Сол кекті балаларын өз қолына алып қайтарғысы келетіндей көрінді. Ағаларымды сөкпеймін. Ұл бала әкенің ізбасары ғой, олар әкеммен және оның жаңадан көтерген шаңырағымен бірге тұруға келісті. Есесіне ағаларым мықты оқу орнын бітіріп, жақсы жерге қызметке тұрды. Қыз бала анаға жақын келеді деп отыратын пікірлерді естіп қалғанда өзімнің әрекетімнің дұрыс екеніне көзім жете түседі. Жас өмірін сарп етіп, бізді ешкімнің көзіне жәудіретпей өсірген анамның қадіріне жеткім келеді. Мүлдем тұрмыс құрмаймын деп бекініп отырғаным жоқ. Тек әкемнің әрекетінен соң ер адамдарға деген өкпем қара қазандай болып қалыптасып қалған. Анам секілді тағдырдың тәлкегіне түскім келмейді. Ақырын жүріп, анық басамын деп осы жасқа келдім. Ерте тұрмыс құрған құрбыларымның алды ажырасып үлгерді. Олардың өміріне қарап отырып, тағы да есім шығады. Мен өз шаңырағымды берік әрі мығым етіп құрғым келеді. Өмірге әкелген сәбиімнің ананың ғана емес әкенің мейіріміне де бөленгенін қалаймын.Бала үшін әкенің жөні бөлек. Бала кездің өзінде кез келген балалармен тіл табыса қоймайтынмын. «Менің әкем хайуанаттар бағына апарды, аквапаркке бардық, содан соң әкем әдемі көйлек алып берді» деген мақтаншақ сөздер жанымды жабырқататын. Сол үшін әкесі бар қыздармен ойнамайтынмын. Дос болғанда да әкесі жоқ, әкесінің әрекетін айтып мақтанбайтын қыздарды таңдап жүріп дос болушы едім. Мұғалімнің айлығы шайлығына жетпей жатады ғой. Соның өзінде анам ешкімнен кем қылмай киіндіріп, өзі де еңсесін тік ұстап жүріп, бізді осы күнге жеткізді. Бала кезде түсінгеніміз аз болыпты. Шын мәнінде, жалғызбасты анаға үш баланы өсіру оңай шаруа емес екен. Оның үстіне анам бізді туысқандарымыздан да аулақ ұстаған жоқ. Әкемнің әкесіне, яғни атамыздың үйіне жазғы демалыста туыстарыңды біліп өсіңдер деп жіберіп тұратын. Бірақ, бәрібір өзгенің аялы алақаны, жанашырлығы мен қамқорлығы әкенің әлпештеуіне жетпейді. Қыз балалар өзінің нәзік жанының еркелігін түсінетін әкелерді қажет ететінін түсінген жан мен шығар. Әлемде әкесін іздеп зарыққан балалар аз болса екен деп армандаймын. Анаға деген сағыныш жайлы әр заманда айту қалыпқа түсіп қалған ғой. Әкесіздіктен менің бала шағымда басыма қандай ауыр ойлар түсті десеңізші?! Сөз салған жігіттерге тұрмыс құрып жатсақ, анаммен бірге тұруға қалай қарайсың деген сұрақты қоямын. Бұл сұрақ көбінің көңілінен шықпады. Осылай өмірім өтіп жатыр. Менің талабымды түсінетін жанмен жолығарыма сенемін. Әлде менікі дұрыс емес пе?

Данагүл Хамитова

Бүкіл әлемге деген өкпе-ренішімді қызымнан алдым
Отырып қалатын болдым деп уайымдаймын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу