Енемнен бөлек шығамын деп опық жеп қалдым

Oinet.kz 16-04-2023 1902

Жасыратыны жоқ, енесін жау көретін келіндер көп. Шынымды айтсам, сондай келіндердің бірі өзім едім. Енемнің айтқан әрбір сөзі құлағыма түрпідей тиетін, жүрегіме инедей қадалып, жаным ауырушы еді. Мейірімсіз, сараң адам деп ойлайтынмын. Себебі ол сұрамсақ көршілерді жек көретін. Ешкіммен ештеңе алмайтын. Ал мейірімсіз дейтінім, маған жаны ашымайды деп ойлайтынмын. 

Screenshot_2.jpg

Түнде бірнеше рет оянып бала емізетініме қарамастан, таңертең ерте тұруымды талап ететін және бөпемді бесіктен шешкізбейтін. Менің шамам келмейтін ауыр текеметтерді апта сайын шығарып, шаңын қаққызатын. Көктем шығысымен жер тырмалап көкөніс көшеттерін отырғызуға кірісетінбіз де, күз түскенше тыным таппайтынбыз. Тіпті шілденің шіліңгір ыстығында да ұйқыға жатпайтын. Енем жата қоймаған соң, үндемей бөлмеме кіріп кетуге менің де ұятым жібермей, қасында жүруші едім. Жасы алпыстан асып кетсе де ширақ қимылдайтын, ағаш жарып, кетпен шабуға шаршамайтын, қарулы кісі еді. Қорада ұсақ малы, тауығы, сиыры бар. Таңертең ұйқыдан тұрысымен қым-қуыт тіршілік басталып кетеді. Сиыр сауу, сүт пісіру, күбі пісу, табаға нан жабу, самаурынға шай қою, осылай жалғасып кете береді.

Ет таусылған күні мал сойылады, ол күнгі тірлік тіпті қиямет. Ішек-қарын аршу, бас-сирақ үйіту, ет тұздау. Жаз айларында банка жабу. Күн сайын қайталанатын бір тірлік, шеті де, шегі де жоқ. Бірақ осының бәрін жалғыз істемеймін, үнемі жанымда енем жүреді. Шала істесем, алдымен ұрсып тастап, кейін қалай істеу керектігін үйретеді. Әйтеуір енемнің үйінде өзімді құлдықта жүргендей сезінетінмін. Іштей «сонша малды неғылмақшы, сатып жібермей ма, нанды сатып алып жеуге де болады ғой, ыстық отқа қақталып күніге жаба бермей. Банканы жапқанымды қайтейін, қыздарына беріп жібереді, маған түк пайдасы жоқ» деп ойлаймын. Осындай мазасыз ойларымды күйеуіме де айтам. Ол үндемейді.

Не керек, мен бөлек шығуға асықтым. Онда да қалаға кетемін дедім. Бөлек шықсам, қалада тұрсам өз қалауымдағыдай өмір сүремін деп ойладым.

Қалада бізді құшақ жайып күтіп отырған ешкім жоқ, бастапқыда пәтер жалдап күн кештік. Кейде пәтер иелерінің қойған талаптарымен келіспей, сөзге келіп қаламыз. Күйеуімнің азын-аулақ табысын тамаққа, пәтерақыға, жол-ақыға деп бөлеміз. Оның арасында тиындап жинап керекті заттарымызды сатып аламыз. Үйімізге бір зат алып қоссақ қуанып, келесісін әлі біраз күтуімізге тура келетін кездер көп болды. Өзің тиындап жинап, әзер дегенде сатып алған затыңды көршің сұрап алып, бұзып берсе, қалтаң да, жүйкең де жұқарады екен. Осындай жағдай менің басымда екі рет орын алды. Бір көршім нан жабатын пешімді, екінші көршім үтігімді күйдіріп әкеліп берді. Орнына жаңасын әперу олардың ойына кіріп те шыққан жоқ. «Керек затымды бұзып қойдың, жаңасын сатып әпер» дегенім үшін өзім жексұрын болып қалдым. Енемнің «сараңдығының» сырын сонда түсіндім.

Күйеуімнің табысы жетпейтіндіктен өзімнің де жұмыс істеуіме тура келді. Балаларымды бақшаға орналастырып, жұмысқа шықтым. Екеулеп жұмыс істеп, тезірек баспаналы болуымыз керек. Бірақ қанша жұмыс істесек те, қаладан пәтер сатып алуға шамамыз келмеді. Содан кейін қала іргесіндегі ауылдан жер сатып алып, шағын баспана тұрғыздық. Бұл кезде ата-енем дүниеден озған. Қол ұшын созатын ешкім жоқ. Өз арбамызды өзіміз сүйреуге тура келді. Үй болу оңай шаруа емес екен, әшейінде елеп-ескере бермейтін шеге мен сымға дейін сатып аласың. Осылай әупірімдеп жүріп, үйлі де болдық. Енді ақыры ауылға келген соң бау-бақша егу керек, мал ұстау керек. Ауылды жерде тұрып, балаларың бақшадан помидор мен бәдіренді өздері жұлып жемесе, шие мен өрік термесе несі қызық?

Қысқасы, арада біраз жылдар өткен соң енемнің үйінде азап көрген тіршілігіммен қайта қауыштым. Бірақ оңайлықпен емес. Үйге керек әр затты алу үшін тынымсыз еңбек етуге, ұйықтамай, демалмай жұмыс істеуге тура келді.

Уақыт бір жерде тұрған ба, мен ақша жинап, үй саламын деп жүргенде балаларым да есейіп қалды. Енді оларды оқытып, мамандық әперуім, ұлымды ұяға, қызымды қияға қондыруым керек. Осылардың бәрін ойлағанда ұйқым қашып кетеді. Күндіз дамыл тауып, демалмақ тұрмақ, түнде көз ілуден қалдым.

Көктем мен күздің арасындағы маусымды пайдаланып қалу үшін енді мен де балаларымды ұйықтатпайтын болдым. Бірін бақшалықты арам шөптерден арылтуға жұмсасам, бірін малдың соңынан қуамын. Қысқасы, «өгізге туған күн бұзаудың да басына келді».

Қазір менің бойымда енеме деген өкпе-реніштің ізі де қалмаған. Қайта сағынамын, бір кездерде жастықтың әсерімен ол кісіні жек көргеніме ұяламын да. Қайта сондай еңбекқор, кез-келген істің көзін таба білетін пысық әйелдің келіні болғаныма қуанамын. Үйім мұнтаздай таза, дастарханым мол болса – ол енемнің көрсеткен өнегесі екен. Өзімнің әрбір іс-әрекетіме, мінез-құлқыма қараған сайын енеме ұқсап келе жатқанымды байқаймын.Сондайда «Келін ененің топырағынан жаралады» деген сөзді ата-бабамыз қалай тауып айтқан деп таң-тамаша боламын.

Осы күні сіңлілерім енелерін жамандай бастаса, мен оларды тоқтатып тастайтын болдым. Бөлек шығу туралы тіпті де тыңдағым келмейді. Себебі біз жастықтың әсерімен «Үйлену оңай, үй болу қиын» екеніне мән бере бермейміз.

Менің түсінгенім ене келінге жау емес, ол келініне инедей жаманшылық ойламайды. Қайта біз келіндер ененің достығын дұшпандық ретінде қабылдап, жанашырлығын мейірімсіздікке балайды екенбіз. Сондықтан енесі бар келіннің бақытты екенін айтқым келеді. Енеңіз жаныңызда жүрсе, қартаймасыңыз да анық. Тек өзіміздің бақытты барында бағалай бермейтініміз де.

10 жылда отбасылық өмірім бұлай өзгереді деп ойламадым...
Қыздар мен секілді жігіттерге сенбейді екен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу