Көз линзасының тарихы

Oinet.kz 26-05-2020 1832

Алғаш рет 1508 жылы Леонардо да Винчи көзі нашар көретін адамдарға арнап суға толған шардың сызбаларын салған. 1637 жылы Рене Декарт бір жағында үлкейткіш әйнек, бір жағында адамның көзіне арналған тетігі бар оптикалық заттың сызбаларын жасаған. Ал, 1888 жылы неміс физигі Адольф Гастон Евгений Фик оптикалық күші бар шыны линзаны суреттеген. 

image.png

Дегенмен, дәрігерлер тәжірибесіне линзаны 1889 жылы Август Мюллер есімді офтальмолог енгізді. 1960 жылға дейін контактілі линзалар тек органикалық шыныдан жасалды. Олар қатты болғандықтан, көзге ауа жібермеді. Сонысымен өте ыңғайсыз болды. Ал, жұмсақ линзалар 1960 жылы пайда болды. Оны Отто Вихтерле жасап шығарды.

Көз линзасының тарихы

Алғаш рет 1508 жылы Леонардо да Винчи көзі нашар көретін адамдарға арнап суға толған шардың сызбаларын салған. 1637 жылы Рене Декарт бір жағында үлкейткіш әйнек, бір жағында адамның көзіне арналған тетігі бар оптикалық заттың сызбаларын жасаған. Ал, 1888 жылы неміс физигі Адольф Гастон Евгений Фик оптикалық күші бар шыны линзаны суреттеген. Дегенмен, дәрігерлер тәжірибесіне линзаны 1889 жылы Август Мюллер есімді офтальмолог енгізді. 1960 жылға дейін контактілі линзалар тек органикалық шыныдан жасалды. Олар қатты болғандықтан, көзге ауа жібермеді. Сонысымен өте ыңғайсыз болды. Ал, жұмсақ линзалар 1960 жылы пайда болды. Оны Отто Вихтерле жасап шығарды.

Зерттеулер нәтижесі

Линзаның зиянын айтып, көзілдірік тағуды дұрыс көретіндер де бар. Оған мамандар пікірінің де екіжақтылығы себеп болса керек. Мысалы, Огайо штаты (АҚШ) мамандарының айтуынша, линза тағатын әрбір он үшінші адамда көру қабілеті нашарлап, 50 пайызында көз шынайнасының қабығы зақымданады. Зерттеуге қатысқан 500 адам аптасына 5 күн 8-9 сағаттан линза тағып жүрген. Ғалымдардың айтуынша, олардың 55,7 пайызының көзінде эрозия пайда болған. Бір күндік линза таққан жағдайда бұл көрсеткіш 8 пайызды құраған. Сондай-ақ, Алабама университетінің мамандары да линзаның зияндығын айтып, одан бас тартуға кеңес беруде. Олардың зерттеуіне қатысқан 80 адам 30 күн бойы линза таққан. Нәтиже көрсеткендей, линза көздің биологиялық өзгерісіне әсер еткен. Ал, оны бір айдан артық үзбей қолдану көздің қабынуына әкеледі.

Ұлыбритания офтальмологтары соңғы жылдары линза тағатындардың арасында көз инфекцияларының көбейгенін айтады. Түрлі бактерия, микроағзалар көзге зиян келтірсе де, британ мамандары күтім жақсы болса, линзадан қауіп жоқ дейді.

Қазақстандық мамандардың пікірі қандай? Көз аурулары ғылыми зерттеу институты мамандарының айтуынша, линза мен көзілдіріктің еш айырмашылығы жоқ. Кейбір жағдайда тіпті, линзаның артықшылықтары да бар. Әсіресе, астигматизм кезінде көзілдіріктің екі жағы екі түрлі болғаны көзге ауыр тиеді. Кейбір жағдайда линза таққанда көру мүмкіндігі де көзілдірікке қарағанда жақсы болады. Әрине, линзалардың барлығы көзге ауаның баруын тежейді. Сондықтан, белгілі бір уақытқа көзді демалдыру керек. Линзамен ұйықтауға болмайды. Әйел адамдар линзаны боянбас бұрын тағу керек. Әрі суға түскенде линзаны шешкен жөн. Осы ережелердің барлығын сақтай отырып линзаны күтіп ұстағанмен, инфекция пайда болуы мүмкін. Кейбір жағдайда ол инфекциялар «Acanthamoeba» деген ауруға ұшыратып, көру қабілетін нашарлатады немесе мүлдем көрмей қалу қаупі бар. Мамандардың айтуынша, бұл инфекцияның тууына қолды сабындап жуған соң дұрыс кептірмеу де себеп бола алады екен. Көз аурулары ғылыми зерттеу институты офтальмологтары да линзаға мүлдем су тимеуі керектігін айтты. Алайда, бір қызығы, біз контактілі линзалардың бірнеше түрінің нұсқаулығын қарап, оларды суға тигізуге болмайтыны туралы ескерту таба алмадық.

Түрлі түсті көз жанар...

Линзаны көз ауруынан жапа шегетін жандар ғана емес, сыр-сымбатын арттыру үшін қолданушылардың да қарасы көп. Әсіресе, жасөспірімдер жағы жанарын қызылды-жасылды етуге құмар. Көбісі осылайша шетел «жұлдыздарына» еліктейді. Сәндік линза тағу үрдісін әйгілі әнші Леди Гага бастап берген-ді. «Bad romance» бейнеклипінде ол көз жанарын визуалды түрде үлкейтетін линза тағып шыққан болатын. Артынша-ақ дәл осы өнімге әлем бойынша сұраныс бірден артса керек. Голливуд «жұлдыздары» да түрлі-түсті линзамен «дос». Мысалы, Линдси Лохан, Памела Андерсон, Мила Кунис, Пенелопа Круз, Дженнифер Энистон секілді танымал әртістер жасыл түсті линза тағады. Пэрис Хилтонге қарап, «көзінің тұнығын-ай» деп тамсанып жүрген жұрттікі де бекер болып шықты. Бойжеткен өзінің табиғи қоңыр көзін көк линзамен жасырады екен. Айтпақшы, түсі тым жасанды, тіпті, қорқыныштылау көрінетін линзалар да бар. Ондайларға вампир жайлы киноларды көп көретін жастар үйір.  «Ымырт» («Сумерки») фильміндегі басты кейіпкер Эдвардтың рөлін сомдаған Роберт Паттинсон бүкіл кино бойы линзамен жүрген. «Вампирмен сұхбат» («Интервью с вампи-ром») фильмінде ойнау үшін Бред Питт те түрлі түсті линза тақты.

Дәрігерлердің айтуынша, сәндік линзасы көзге ешқандай да зиян келтірмейді. Көздің көру қабілетін де төмендетпейді. Бірақ жұмысыңыздың ерекшелігіне қарай, профилактикалық шаралар қолданған дұрыс. Егер де компьютермен ұзақ жұмыс істейтін болсаңыз, әр 40 минутта көзді демалдырғаныңыз жөн. Сондай-ақ, көздің қарашығын оңға-солға, жоғары-төмен қозғап, көзге массаж жасау шарт. Қажет болған жағдайда көзге тамызатын арнайы тамшыларды пайдаланған абзал. Ең бастысы – тазалық. Тазалықты сақтамаған жағдайда көзге инфекция түсуі немесе көзде аллергия пайда болуы мүмкін. Сондықтан линзаны шешіп алған кезде арнайы қалыпқа салып, ондағы сұйықтықты уақтылы ауыстырып отыру қажет. Линзаны көзге салар кезде қолды иіс сабынмен жуу керек. Алайда линзаны ұзақ қолдану нәтижесінде көз немесе оның айналасы қабақ үсті ауырса, бұл қабынудың немесе көз қан қысымының артуынан хабар береді. Мұндай жағдайда дәрігердің көмегіне жүгінгеніңіз абзал.

Көзілдірік v\s линза

Көзәйнекке қарағанда линзамен жақсырақ көрінеді. Көзілдірік кигенде көз бен әйнек аралығында айтарлықтай қашықтық болады. Ал, линзаны көзге кигенде көру аппараты мен қарашықтың арасында ауа да болмайды. Сол себептен көзәйнекке қарағанда линза бейнені анығырақ етіп көрсетеді. Линза көзілдірік секілді шаң жинамайды, бетіне сызық түспейді, сәл микроб түскен жағдайда арнайы сұйықтығымен бірден тазалап алуға болады. Линза қарауға, қозғалуға кедергі келтірмейді. Көзілдірікпен кейбір сопрт түрлерімен айналыса алмайсыз. Жатқан кезде де орнынан жылжып, жүйкеңізге тиеді. Линза су спортынан басқаларының барлығында орнында, бар-жоғы білінбейді. Бассейнде, көлде ғана көзге арнайы судан қорғайтын көзілдірік киюге болады.

Қазір өміріміздің жартысынан көбін экранға, телефонға, смартфонға, жоқ дегенде теледидарға телмірумен өткіземіз. Мұның барлығы көзге зиян, көру қабілетін одан сайын кеміте түседі, бас ауырады. Көзілдірік бұл олқылыққа қарсы тұра алмайды. Дегенмен, экран зиянынан көз қарашығын қорғау үшін арнайы жасалған линзалар бар. Көзілдірік тағып алсаңыз, жаныңыздағы адамға бұрылып қарауыңыз керек. Одан көз қарашығы қозғалыссыз тұрып, жұмысы нашарлайды деуге болады. Ал, линза кигенде қасыңызда біреу сөйлесе, оған бұрылмай-ақ көз қиығымен қарасаңыз да көрінеді. Сонымен қатар, контактілі линза кез келген адамға үйлеседі. Көзілдірік киетін болсаңыз, одан өзіңіздің бетіңізге сәйкес келетін, келбетіңізге жарасатын түрін жақсылап таңдауыңыз қажет. Линза кигеніңізді көзіңізге тіке анықтап қарамаған адамдар байқай бермейді. Көзілдірік кию көп уақытыңды алмайды әрі көзіңді тынықтырғың келсе шешіп қоя саласың. Линзаны тағу қолданушыларға біраз машақат тудырады. Көзге тікелей жанасатындықтан мұқият тазалықты талап етеді. Күн салқында көзілдірік буланып әбден мазаңды алады, шақырайған күн сәулесі болса көз жанарын сорып тастайды. Линза тағатын болсаң, күннен қорғайтын көзілдірікті киіп жүре беруге болады. Спортпен айналысқанда линза өте ыңғайлы, ал көзілдірікті шешіп қоюға тура келеді. Көзіңізде ақау барынан қысылатын болсаңыз да, көзілдірігіңіз түріңізге үйлеспейтін болса да, бұл қиындықтан линза алып шығады.

– Адам аяғы сынғанда құлап қалмау үшін балдақпен жүреді ғой. Көзілдірік те сол сияқты, көру қабілеті нашарлағанда жақсы көру үшін киеді. Көру қабілеті төмен адам айналасындағы заттарды дұрыс көре алмай көзін сығырайтқан сайын көру қабілеті нашарлай түседі. Жастардың арасында миопия, яғни алыстан көрмеушілік жиі ұшырасады. Миопияның тұқым қуалайтын түрлерінде немесе операциядан кейін көзілдірік тағатындар көру қабілетінің төмендеп кеткенін айтып шағымданады. Бұл жерде көзілдіріктің еш әсері жоқ. Адамның ағзасы өскен сайын көру қабілеті де өзгереді. Алыстан көрмеуді оптика тілінде «минус», жақыннан көрмеуді «плюс» деп айтады. Миопияның деңгейі 25 жасқа дейін өзгеріп отырады. Ал, 25 жастан 40 жасқа дейін «минустары» азайып, жасына байланысты «плюстары» көбейеді. Осы уақытта кейбіреулерде көру қабілеті біршама жақсарып, қалпына келуі мүмкін. Бірақ, бұл барлық адамдарда бірдей бола бермейді. Әр адамның ағзасы әртүрлі.

Линза тағу үшін алдымен көз дәрігерінен кеңес алу керек. Себебі, кейбір адамдардың ағзасы полимерлерді қабылдамауы мүмкін. Ағза аллергия берсе немесе көзге микроб түссе, көз қабынуы туындайды. Бұл қауіпті жағдай. Контактілі линза қолданушылар аса сақтықпен, тазалықпен қарағаны дұрыс. Линзамен ұйықтап қалуға, суға түсуге болмайды. Уақытында шешіп, көзді демалдырып тұру керек. Себебі, линза көздің беткі қабатын жауып тұратындықтан, көзге оттегі бармайды. Барлық ережелерді қатаң сақтай отырып қолданса, контактілі линзаның еш зияны жоқ. Мерзіміне қарай контактілі линза бір күндік, бір айлық немесе бірнеше апталық болып бөлінеді. Линзаның ауа өткізетін түрлері сұранысқа ие болып тұр. Бұлар көзге оттегін өткізетін материалдан жасалады. Сондықтан оны жиі ауыстырудың қажеті жоқ. «Жалқауларға» арналған линзалармен ұйықтай беруге де болады. Контактілі линзаның сапасыз түрлері көру қабілетін нашарлатуы мүмкін. Сондықтан, линза аларда міндетті түрде маманның  кеңесіне жүгінген жөн. Алайда, контактілі линза көзілдірікке қарағанда көп қаражатты, көп күтімді қажет етеді, – дейді офтальмолог-дәрігер Марат Қуанышов.

«Жасанды жанардың» жыры көп. Біреулері зиян дейді, енді бірі «өлшеніп жасалған өнімнің еш кемшілігі жоқ» деп шаң жуытпайды. «Көзіңнің қарашығындай сақта» деген сөз бар қазақта. Расында, қарашық кетсе бітті. Дөңгеленді не, сығырайды не, барынша бақырайса да бәрібір, көз ештеңе көрмейді. Мұның бәрін біле тұра, бүгінгінің баласы сәндік линзаға бәрібір әуес. Сол қынжылтады…


Отбасын жоспарлау – үлкен жауапкершілік
Алғашқы көмекті әркім білуі тиіс
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу