Шымкент қаласында кәсіпкерлер бизнес идеяларымен бөлісті

Oinet.kz 18-05-2023 146

Шымкент қаласында «Ұлттық жоба» аясында кәсібін ашып, өз идеяларын жүзеге асырған кәсіпкерлер қатары артып келеді. Жуырда өздерінің бизнес идеяларын нақты жүзеге асырған 150 кәсіпкер басқосып, бизнес өкілдерінің жәрмеңкесін өткізді. 

Screenshot_49.jpg

Көрме орталығында ұйымдастырылған іс-шарада «Ұлттық жоба» аясында мемлекетік қайтарымсыз грант алып, нәтижелі жұмысының арқасында өз өнімдері арқылы еліміздің экономикасының дамуына үлес қосып жатқан кәсіпкерлер өз өнімдерімен бөлісті. Пікір алмасып, өнімді өткізу жайын сөз етті. 

Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған жәрмеңкеге Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысты. Шаһар басшысы көрмеге қойылған жас кәсіпкерлердің жұмысымен танысып шығып, олардың жұмысын жоғары бағалады. 

Жалпы өткен жылы Шымкент қаласында 1195 адам жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру мақсатында қайтарымсыз гранттарды жеңіп алған. Ал, 2392 адам тегін кәсіби оқуға жолданса, биыл 2431 адам оқуға жолданып отыр екен. Мемлекет тарапынан берілетін қолдау шаралары биыл да өз жалғасын тауып, Шымкент қаласы бойынша 447 адамға 400 АЕК дейінгі мөлшерде қайтарымсыз грант беру жоспарланыпты. 

– Өңірде мемлекеттік қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашқысы келетін азаматтар көп-ақ. Көрмедегі тауарларды жасауға кәсіпкерлердің бар өнерін, ынта-ықыласын салғаны көрініп тұр. Мемлекет ұсынған гранттарды конкурс арқылы жеңіп алған қала тұрғындары өз бизнесін бастап, әдемі, сапалы әрі нарықта сұранысқа ие тауарларды өндіріп жатыр. Бұл бір жағынан шымкентіктердің кәсіпке бейім әрі еңбекқор екенін көрсетсе, екінші жағынан мемлекеттің шағын және орта бизнеске көрсетіп жатқан қолдауының нақты нәтижесін көріп отырмыз, -  деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Жәрмеңкеде тағам өнеркәсібі, кондитерлік өнім, жиһаз өндіру, қызмет көрсету салалары бойынша түрлі әлеуметтік жобалар қойылды. Сондай-ақ іс-шараға жиналған халыққа арнайы ақпараттық бұрыш жасақталып, «Халықты жұмыспен қамту орталығының» мамандары тегін кәсіби оқу, тұрақты жұмысқа орналасу, субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама алу бойынша келушілерге ақпарат берді. 

Шымкент қаласында «Үздік Отбасы» премиясы тағайындалды
Қаратау ауданында жәрмеңке өтуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу