Шымкент қаласында денсаулық нысандары көптеп салынуда

Oinet.kz 27-05-2023 155

Шымкент қаласындағы Абай ауданы жылсанап көркейіп, дамып келеді. Онда жол салынып, көшелер жарықтандырылып, елдімекендер көгілдір отынға қосылуда. Сонымен бірге халықтың денсаулығын бақылау да бүгінгі таңда алдыңғы орынға қойылған. 

Screenshot_17.jpg

Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, Бүгінде Абай ауданы аумағында 18 емдеу мекемесі жұмыс істейді. Олардың  11-і жеке меншік, қалғаны мемлекет бақылауындағы нысандар. 

Денсаулық – зор байлық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында денсаулық саласына айрықша басымдық беріп отыр. «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» дейді Президент. 

- Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан сырқаттармен жұмыс істерде, алдымен аурудың ерте сатысында анықтау маңызды. Ол үшін заман талабына сай жабдықталған медициналық нысандар керек. Бұл бағытта қаламызда жоспарлы жұмыстар рет-ретімен атқарылуда. Мәселен, 2023-2024 жылдары жеке инвесторлар Ынтымақ шағынауданындағы №14 емдеу орталығы филиалының және Қайнар бұлақ саяжайы мен Қайнар бұлақ тұрғын алабына емханалар құрылысын жүргізетін болады. Сонымен қатар аталған аудан аумағында 2024-2025 жылдары 3 мәдени нысанның құрылысы басталады. Қазір  ауданға қарасты 6 мәдени нысан бар. Мәдениет үйлері Көкбұлақ, Қайнарбұлақ тұрғын алабтарында бой көтеретін болады. 

Ал білім саласында да ауыз толтырып айтарлық нәтижелер бар. Қаламызда мектеп тапшылығын жою мақсатында 2023-2025 жылдары аралығында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 7 мектеп салу жоспарлануда.  Олардың  алтауы 2023-2024 жылдары Нұршуақтың  Достық пен Ынтымақ жағында, Жаңатұрлан,  Бозарық шағын ауданындарында бой көтермек. Ал 2024-2025 жылдары төрт мектеп  Асар-2, Шымкент Сити,  Достық шағынаудандарында бой көтеретін болады, - дейді Мұрат Әйтенов. 

Қала басшылығы медицина нысандарын салумен қатар жаңа салынған мекемелерге қажетті мамандарды дайындау жұмыстарына да басымдық беріп отыр. Олардың да техникалық базасын нығайтуға қолдау көрсетілуде екен. Мәселен, елімізде орта буын медицина қызметкерлерін даярлау ісінде өзіндік елеулі орны бар Шымкент жоғары медициналық колледжінің ғимараты биыл арнайы спорт залмен қамтылмақ.  

Ондағы нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары өткен жылдың қыркүйек айында басталған болатын, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде.

- Медициналық колледж студенттері білім алумен қатар сауықтыру іс-шараларын қатар алып жүруі тиіс. Олар адам тәнін емдеп қана қоймай өңіріміздегі бұқаралық спорт түрлерінің дамуына да үлес қоспақ. Оқиды және спортпен айналысады. Бұл залда студенттер баскетбол мен волейбол ойнай алады. Ғимарат 2 қабатты әкімшілік тұрмыстық корпустан тұрады. Спортзал аумағы 552,2 шаршы метрді құрайды. Бірінші қабатта асхана, киім ауыстыру бөлмелері болса, екінші қабатта фитнес зал және оқу кабинеттері қарастырылған, - дейді қала әкімі. 

Шымкент қаласында басқа салалармен қатар медициналық нысандар салу жұмысы да жандана түскен.

Шымкент қаласында кәсіпкерлерге арналған фронт офис әкімшілік кедергілерді жоюда
Шымкент қаласының Тұран ауданында 10 ойын алаңшасы салынуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу