Шымкент қаласында электр генераторын шығаратын зауыт әлеуеті артуда

Oinet.kz 28-05-2023 182

Шымкент қаласында «Kzgenerators» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі электр генераторларын шығарумен айналысады. Серіктестік жапондық кайдзен жүйесімен үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл зауыт басшылығының айтуынша, тәуелсіз мемлекеттер достығы елдерінде баламасы жоқ қазақстандық брендтік өнім.

Screenshot_28.jpg

Зауытта жылына 500 дана электр генераторы жиналады. Бұдан бөлек, дизельді және бензинді генератор, компрессор, дизельді насостар шығарылады. Серіктестік өнімі сапасы жағынан  Еуропа мен Түркиялық өніммен бәсекелесе алады дейді зауыт басшылығы. 

- Электр құрал жабдықтарын өндіретін компания жұмысын 2020 жылы бастаған болатын. Үш жылдан бері зауыттың өндіріс қуаты екі есеге артты. Мәселен, зауыт жұмысын жаңа бастаған сәтте 200 дана генератор жинаса, бүгінде өндіріс көлемі 500 генераторға арттып отыр. Мұнда өткіздік қуаты 10 мен 2 мың киловатты генераторлар құрастырылып, нарыққа шығарылуда, - дейді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында қойылып отырған бағыттың бірі – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту, оны кеңейту, елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізу. Жалпы өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Қазіргі таңда кәсіпорын өнімінің 80 пайызы ішкі нарықты қамтуда. «Kfzgenerators» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімі экспортқа да шығарылуда. Бүгінгі таңда зауыт өніміне Қырғыз бен Өзбекстан Республикалары тапсырыс беріп, алдыруда. Ал Ресей мен Тәжікстан Республикаларымен тауар өткеру мақсатында келіссөздер жүргізілуде.

Серіктестік алдағы уақытта жоғарыда аталған мемлекеттерде өз офистарын немесе тапсырыс берушілермен ыңғайлы байланыс орнату орындарын ашуды жоспарлауда. 

Зауыт басшылығын сөзге тартқан едік. 

-  Зауыт қиын кезеңде ашылды. Ол кезде елімізде індет жүріп, аймақтар пандемияға байланысты жабылып жатты. Сол қиындықтарға қарамастан өз-өзімізді де дамытып, мықты зауыттар қатарына айналдық. Зауыт өнімінің сапасын арттыру үшін Қытай, Түрік пен Еуропа елдерінің шығарған генераторларын зерттей келе оның сапасына басымдық беріп отырмыз. Соған іздену мен қажырлы еңбектің арқасында жетіп келеміз. Біздің зауытта шығарылған электр құрал жабдықтарының кейбір тұстары шетелдік өнімге қарағанда мықтырақ десек артық айтқандығымыз болмас. Алдымызда қойылып отырған жоспар, зауыттың аумағын алты мың шаршыметрге дейін ұлғайту. Сөйтіп өндіріске жылда бір өнімді қосып отыру. Мәселен, алдағы уақытта дизельді насостар құрастыруды жоспарлаудамыз, - дейді зауыт басшылығы. 

Аталған кәсіпорында бүгінгі таңда электр құрал-жабдықтары, металл, пролон, шланг сияқты қосалқы бөлшектер де өндірілуде. Өндіріс қуатын арттыру үшін жапондық тәсіл – кайдзен жүйесі енгізілген. 

Бүгінгі таңда зауытта 30 адам жұмыс істеуде. Кәсіпорын мамандарының білімдерін үнемі жетілдіру үшін шетелдік әріптестерімен әріптестік байланыс орнатқан. Мамандарын арнайы шет мемлекеттегі осындай кәсіпорындарға оқуға жіберіп, тәжірибеден өткізіп, біліктіліктерін арттырып отыру серіктестік тарапынан жақсы жолға қойылған. Алдағы уақытта зауыт өндіріс көлемін арттыру арқылы жұмыс орнын ұлғайтуды жоспарлауда. 

Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы тауар өндеуші кәсіпорындарына қолдау бар
Шымкент қаласында жылыту маусымын қыркүйекте аяқтау жоспарлануда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу