Шымкент қаласында 15 көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғыртудан өткізу жоспарланған

Oinet.kz 04-06-2023 172

Шымкент қаласының үш жылдық даму жоспарына сәйкес көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғыртудан өткізу жосарланған. Өткен жылы қалада 60 көпқабатты тұрғын үйге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстар жүргізілген болса, биыл жоспарға 15 көпқабатты тұрғын үй енген. 

Screenshot_24.jpg

Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Байымбетовтың айтуынша, жуырда 15 көпқабатты тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстары қайтарымды қаржы негізінде жүзеге асырылмақшы екен. Аталған жөндеу жұмыстары қаржылық-экономикалық негіздеменің қорытындысына сәйкес жергілікті бюджеттен қаржы қаралған соң бастау көзделген.   

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында моноқалалармен қатар мегаполистерді әлеуметтік-экономикалық дамыту ісіне де көңіл бөлгені белгілі. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстардың жандана бастағанына біраз жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында экономикамызды дамытуға едәуір үлес қосып отырған шағынаудандардың шырайы кіріп, ажары ашылып, көптеген түйткілді мәселелер оңынан шешілді. Ал енді қаладағы ескі көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қайтарымды қаржы негізінде жүзеге асырылатын болады. Бірінші кезекте көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры ауыстырылып, жертөлесі, кіреберіс жөнделіп, таза ауызсу, жылу және кәріз құбырлары жаңартылатын болады, - дейді Мадияр Байымбетов.

Басқарма басшысының айтуынша, жөндеуден өтетін көпқабатты тұрғын үйлер Әл-Фараби алаңында, Республика даңғылы, Асқаров, Дулати, Жангелдин, Ильяев көшелерінде және Отырар, Спорттық және Шығыс шағын аудандарында орналасқан.

«Қандай бір құрылыс жұмысын бастау үшін тұрғындардың келісімі керек. Біріншіден бұл күрделі жұмыстар қайтарымды қаржы негізінде жүргізілетін болғандықтан жоғарыда аталған шағынаудандардағы тұрғын үй тұрғындарының 70 пайызының келісімі керек. Сонымен қатар меншік иелері жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемені өздері таңдау арқылы ұсынады. Жөндеу жұмыстарын қадағалауды «Тұрғын үй»  Шымкент жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыратын болады», - дейді басқарма басшысы.  

Жалпы Шымкент қаласында күрделі жөндеуді қажет ететін көпқабатты тұрғын үйлер біреу емес, бірнеше. Жоғарыда жобаға енген көпқабатты тұрғын үйлерден бөлек, қазіргі таңда 10-нан аса тұрғын үйге техникалық  зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Соған сәйкес тиісті мақұлдау шаралары қабылданған жағдайда, бірқатар көпқабатты тұрғын үйлер жөндеуден өткізілуі мүмкін. 

Шымкент қаласының әкімі шаһар тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады
Шымкент қаласында кәріс жүйесі құрылысы жалғасуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу