Шымкент қаласында кәсіпкерлік нысандар саны артуда

Oinet.kz 14-06-2023 162

Шымкент қаласында қабылданған «Іскер қала» бағдарламасы өз нәтижесін беруде. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, биыл шаһарда кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жүзеге асырылып отырған «Іскер қала» бағдарламасы аясында 153 жобаға қолдау көрсетілген екен. Бұл жобалардың жүзеге асырылуына мемлекет қазынасынан 412 миллион теңге қаралған.   

Screenshot_28.jpg

- Бұл бағдарламада жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін  дамыту мақсатында 1  пайыздық мөлшермен 10 миллион теңгеге дейін несиелендіру,  өндіріске бағытталған 2 пайыздық мөлшермен 50 миллион теңгеге дейін несие беру қарастырылған. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен шағын кәсіпорындардың өнеркәсіптік парктердегі үш жылдық жалдау ақысының шығындарын  25-75 пайызға дейін  өтеу тетігі де қамтылған, - дейді қала әкімі.

Бүгінгі таңда Президентіміздің Жолдауында алдымызға қойылып отырған негізгі бағыттың бірі – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту, оны кеңейту, елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізу.

- Президентіміз Жолдауында кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауды тапсырғаны белгілі. Бұл бағытта несиеге қол жеткізген, екінші деңгейлі банктердің сүйемелдеуіне ие болған бизнес өкілдері аз емес. Біз үшін әрбір жобаның іске асырылуы маңызды. Ол біріншіден қала халқының әлаухаты мен экономикасының артуына мүмкіндік берсе, екіншіден салыққа қосымша қаржы құйылады. Біз кәсіп бастаймын, инвестиция әкелемін, жұмыс орнын ашамын деген кәсіпкерлерге үнемі қолдау көрсетуге дайынбыз. Бүгінгі таңда «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығында 33 мыңға жуық  кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға қолдау көрсетілуде. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде, бүгінге қалада белсенді кәсіпкерлік нысандар саны 124 мыңнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 52 пайызға артып отыр, - дейді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.

Шымкент қаласының инвест ақуалы артып келеді
Жаңа кодекс. Жаңа мөлшер. Жаңа мәртебе
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу