Шымкент қаласында жылыжай мен қойма кешендері салынуда

Oinet.kz 21-06-2023 132

Шымкент қаласында жылыжай шаруашылықтарымен қатар ауыл шаруашылығы өнімін сақтайтын қоймалар саны артып келеді. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, соңғы жылдары мемлекет тарапынан жылыжай шаруашылығына қолдау артып келеді.

Screenshot_9.jpg

Инвестициялық субсидиялау бағдарламасы шеңберінде өнеркәсіптік жылыжай шығынының 25 пайызы, тұқымдар мен тыңайтқыштарға жұмсалған қаржының тең жартысы үкіметтен төленуде. Бдан бөлек, төмен пайызды несиелеу бағдарламасы қарастырылған. Бұл көмек түрлері кәсіпкерлердің қызығушылығын арттырып,  мегаполисте жылыжай шаруашылығын дамытуға септігін тигізуде. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, елде азық-түлік қорын молайтуды тапсырып отырғаны белгілі. Қазіргі таңда қала аумағында 209 гектар жылыжай кешені жұмыс істейді. Оның 71 гектары өнеркәсіптік жылыжайларға тиесілі. Бұл кешендерден жылына шамамен 17 мың тоннадан астам қызанақ, қияр және тағы басқа да көкөніс түрлері өндіріліп, ішкі және сыртқы нарыққа өткерілуде. Биыл тағы екі жылыжай кешенін іске қосу жоспарлануда. Онда 800 тонна құлпынай мен өзге де көкөністер өндіріліп, 30-дан астам адам жұмыспен қамтылатын болады, - дейді қала әкімі. 

Ал көкөніс пен жеміс-жидекті сақтайтын қоймалар арнайы мұздатқыштармен жабдықталып, іске қосылуда. Жалпы Шымкент қаласында азық-түлік, көкөніс және тағы басқа тұрмыстық тауар өнімдерін сақтайтын ірі Сауда логистикалық орталығы 228 гектар аумақты алып жатыр. Қазір мұнда үш жоба жүзеге асырылған, яғни «Continental logistics Shymkent», «Kazakhstan Logistic group», «Зерде» компанияларының тұтынушылық өнімдерін сақтау қоймалары жұмыс істеп тұр. 

Ал жаңадан қолға алынған 6 жоба алдағы күндері логистикалық орталықтың тасымалдау бөлшегіне айналмақ. 

Соның бірі «Euro Tranzit Service Management» көкөніс сақтау қоймасы. Құны 5 миллиард теңгені құрайтын жобаның құрылысы басталған. Ғимарат негізгі 3 блоктан тұрады. Бірінші, 12 мың шаршы метрді алып жатқан тауарды құрғақ сақтау бөлімі, екінші 8 мың шаршы метрлік мұздатқыш бөлігі, үшінші қосымша тауар сақтайтын бөлік. Қойма жылына 240 мың тонна жүк қабылдауға қауқарлы. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстары алдағы жылы аяқталып, 80 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. 

Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмысқа орналасуда
Шымкент қаласында 300 көше жолына орта жөндеу жүргізілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу