Шымкент қаласында тағы бір ауыз су сору магистралын салу жоспарлануда

Oinet.kz 01-08-2023 158

Шымкент қаласында таза ауыз су құбырын тарту жұмыстары жалғасуда. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, Шымкентте таза ауызсудың табиғи қоры жеткілікті. «Дегенмен оны өзіміз ғана пайдаланып қана қоймай, келешек ұрпақ үшін де сақтап, жеткізуіміз керек» дейді қала әкімі.

Screenshot_26.jpg

Жалпы таза ауыз су жүйесін тартумен қалада «Су ресурстары - Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Серіктестіктің бас директорының су құбырларын пайдалану жөніндегі орынбасары Бекжан Ешімбетовтың айтуынша, биыл Құрсай елді мекенінде 7 мың абонент, Қайнарбұлақ елді мекенінде 2 мың абонент ауыз суға қосылуда. Бір сөзбен айтқанда халық санының көбеюіне байланысты Шымкент қаласында ауыз суды тұтыну мөлшері жылдан жылға артып келеді екен. Жалпы қалада жер асты суларын көтеріп, қалаға қарай айдайтын 5 станса жұмыс істеуде. Оның ішінде ең негізгісі – Ақбай-Қарасу су көтеру стансасы. Қалаға келетін судың 70-80 пайызына дейін осы станса арқылы жер астынан шығарылады. Сонымен қатар Бадам-Сайрам, Көмешбұлақ, Тассай-1, 2 су көтеру стансалары жұмыс істеп тұр. Қазір қала осы стансалардың жиынтық қуаттылығының 70 пайызы көлемінде су тұтынуда. Яғни, қазір 30 пайызға қосымша қор бар екен.

– Біздің міндет тұрғындарға таза ауыз су жеткізі. Дегенмен мәселе де жоқ емес. Атап айтсақ, Ақбай-Қарасу су көтеру стансасынан қалаға су жеткізетін диаметрі 1200, 1000 және 900 миллиметрді құрайтын 3 магистралды суаққы бар. Міне, сол құбырлар арқылы ең жоғары шекте су айдалып жатыр. Қанша жерден қуатты насос қойсаңыз да ол құбырларға бұдан артық су сыймайды. Сондықтан қазір қалаға 4-ші магистралды суаққы салу керек болып тұр. Биыл біздің компания жобалау жұмыстарымен айналысып жатыр. Келесі жылы инвестициялық жоба ретінде осы істі қолға алып, өз есебімізден құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз, – дейді Бекжан Ешімбетов.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласында су құбырларының 46 пайызының, ал, кәріз құбырларының 77 пайызының тозу уақыты жеткен. Осыған байланысты Мемлекет басшысының «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатының шеңберінде кәріз құбырларын кезең кезеңімен жаңарту мақсатында уәкілетті мемлекеттік орган кәріздің жаңа тарифін белгіледі.

– Бұрын кәрізге, яғни, сарқынды суды бұруға әр текше метр үшін тариф бұған дейін 38 теңге 86 тиын болса, осы жылдың 1 тамызынан бастап бекітілген жаңа тариф 50 теңге 61 тиынды құрады. Ал, 1 текше метр ауыз су үшін тұрғындар төлейтін тариф 96 теңге 62 тиын күйінде өзгеріссіз қалып отыр. Жаңа тарифтің белгіленуі бізге кәріз құбырларын жаңартып, оның тозу деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді, –дейді Бекжан Ешімбетов.

Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері бас қосты
Шымкент қаласында кәсіподақ төрағалары бас қосты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу