Шымкент қаласындағы халықаралық бағыттағы А-2 магистралды жол құрылысы 65 пайызға аяқталды

Oinet.kz 13-08-2023 188

Шымкент қаласында жүргізіліп жатқан алып жол құрылыстарының бірі «Ташкент – Алматы» бағытындағы магистралды А-2 автомобиль жолы. Қаланы айналып өтетін А-2 магистралы қазір қайта жаңартылу үстінде. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, аталған жолдың құрылысы 31 шақырымнан тұратын 8 кезең бойынша жүргізілуде екен.

Screenshot_3.jpg

Бүгінгі таңда ондағы жол құрылысы 65 пайызға орындалған. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған  «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында көтерілген мәселенің бірі еліміздің транзиттік қуатын арттыру. Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отыр. Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек. Бізде бұл мүмкіндік бар. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі мен «Термез-Алматы» бағыты Шымкент қаласын айналып өтіп жатыр. Бұл қала экономикасының дамуына оң серпін беріп отыр. Осы ретте автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беріліп келеді. Бүгінгі таңда «Ташкент – Алматы» нысанның 8-ші кезеңі Бәйдібек би даңғылынан «Шымсити» шағын ауданына дейінгі аралықты қамтиды. Бекітілген жоспарға сәйкес, жалпы ұзындығы 1,8 шақырым автомобиль жолының ені 40 метр, 6 жолақты. Құрылыс нысанында бригадалар қазір инженерлік желілердің орнын ауыстыру, жол негіздерін салу, суағар құбырларын тарту және асфальт жабындысын салу сатысында қызу жұмыс жүргізіп жатыр, - дейді қала әкімі. 

Мұрат Дүйсенбекұлы құрылыс жұмысымен таныса келіп, мердігерлерге істі соңына дейін сапалы орындауды тапсырды. Сондай-ақ, жол құрылысы барысында заңсыздықтарға бой алдырмауды, қажетті жер аумағы мемлекет қарамағына қайтарылуын міндеттеді.  А-2 магистралы пайдалануға берілсе, қаланың экономикалық, әлеуметтік даму көрсеткішіне оң әсерін тигізбек.

Бұдан бөлек, Шымкент қаласындағы Бәйдібек би-Арғынбеков күре жолы қиылысындағы үш деңгейлі жолайрықтың да құрылыс жұмысында қарқын бар. Осы нысанның басында болған қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы құрылысқа қатысты нақты ескертулер жасап, ел игілігіне берілетін нысанның жұмыстарын атқару кезінде сапаға деген жауапкершілік ең маңызды екеніне тоқталды. 

Жалпы бұған дейін бұл бағыттағы жол айрықтың екі кезеңі пайдалануға беріліп, көлік кептелісі ретке келтірілген болатын. Ондағы құрылыс жұмыстарын осылай ыңғайластыра отырып, көлік кептелісін азайту мақсатында жол кезең-кезеңімен ашылуда. Ал, жолайрық құрылысын толық аяқтап, көліктің барлық бағыттағы қозғалысын түгел қамту осы жылдың соңына жоспарланып отыр.

Шымкент қаласындағы Өтегенов көшесі жолы қала әкімінің бақылауында
Шымкент қаласында жеке кәсіпкер өз мектебін ашты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу