Шымкент қаласында керамогранит зауыты салынуда

Oinet.kz 23-09-2023 116

Шымкент қаласында шетелдік инвесторлардың күшімен көптеген зауыттар салынып, қала экономикасының артуына өз үлестерін қосуда. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, соның бірі – «Жұлдыз» индустриалды аймағында орналасқан «Wan Sheng Ceramic» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 

Screenshot_8.jpg

Аталған аймақта керамогранит зауытын салып жатқан шетелдік инвесторлармен қала әкімі арнайы кездесті. Инвестициялық жоба Орта Азия елдерін сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге бағытталған. «Жұлдыз» индустриалды аймағындағы 32 гектар аумақта салынып жатқан кәсіпорын ғимаратының құрылысы бүгінде 30 пайызға аяқталған. Қазірде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп отыр. 

«Wan Sheng Ceramic» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі компаниясының құрылтайшылары қала басшысына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу, электр және сумен жабдықтауға қатысты өзекті мәселелерді жеткізді. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауларында Үкімет пен өңір әкімдерінің алдына үлкен міндеттер мен міндеттемелерді қойды. Президент: Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек. Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі жақсы дамығаны баршаңызға белгілі. Осы сала ұлттық экономиканың өсімін қамтамасыз ететін сенімді табыс көзі болып келеді. Үкімет тарапынан инвесторларға қолайлы жағдай жасау бойынша нақты тапсырмалар жүктелген. Сондықтан да сіздерге жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Туындаған проблемаларды заң шеңберінде шұғыл шешуді тапсырамын. Зауыт іске қосылғанда барынша жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылуы тиіс, – деді қала әкімі.   

 Жобаға сәйкес зауыт қуаттылығына сай бірінші және екінші сатысында жылына 12 770 мың шаршы метр керамогранит өндіреді. Аталған екі кезеңінде 700 адамды жұмыспен қамтиды. Жобаның алғашқы кезеңі келесі жылы, екіншісі 2025 жылы жүзеге асырылады.

Шымкент қаласында қала әкімі жол құрылысының барысымен танысты
Шымкент қаласының әкімі журналистермен кездесті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу