Шымкент қаласында қала әкімі жол құрылысының барысымен танысты

Oinet.kz 23-09-2023 152

Шымкент қаласында жол құрылысы жандана түскен. Бүгінде қаладағы ірі жол-көлік инфрақұрылымының бірі – Оңтүстік айналма жолы. Айналма жолдың құрылысы Леңгір тас жолынан бастап КХ-15 облыстық маңызы бар автожолына дейінгі аралықты қамтиды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кеше осындағы нысанда атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысқан болатын. 

Screenshot_7.jpg

Ұзындығы 16 шақырымды құрайтын айналма жол барлық транзиттік көліктерді қала сыртымен жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мегаполис көшелеріндегі және қала маңындағы кептелісті азайтып, экологиялық жағдайды жақсартады. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде. Бүгінде Шымкент-Ташкент жолында қиылысатын бөлігінде көпір салынып, жолдың негізі салынған. 

Бұдан бөлек, қала әкімі  Қонаев даңғылы жалғасының құрылысымен де танысты. Нысанның 2-кезеңі – Түркістан көшесінен Терешков көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Көшенің  жалпы ұзындығы - 1,7 шақырым, көшенің ені 42 метр. Жолдың жүріс бөлігі 6 жолақты.  Бүгінде жұмыстардың орындалуы 30 пайызды құраған.  

Құрылыстың 3-кезеңі Темір жолмен қиылыс құрылысының басынан Дамбовая көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Көшенің жалпы ұзындығы 0,561 шақырым. Көшенің ені 42 метр, жолдың жүріс бөлігі 6 жолақты. 

Нысанның 5 –кезеңі Бадам өзеніндегі көпірден Сауле шағынауданындағы Әскери бөлімінің тұсына дейінгі аралықты қамтиды. Көшенің жалпы ұзындығы 4,7 шақырым.  Көшенің ені 42 метр, жолдың жүріс бөлігі 6 жолақты.  Мұнда да құрылыс жұмыстарының орындалуы 30 пайыз. 

«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық кәсіпорнының Шымкент қалалық филиалының басшысы Мұхтар Дүйсембековтың айтуынша, соңғы бес жылда Шымкент қаласында жолдардың сапасы едәуір жақсарған. 

– Қазіргі таңда жол сапасына қатысты ақаулар саны азайды. Бұрын тексеріс барысында бордюрлердің беріктігінің сапасы, бетонның сапасы, жол белгілерінің сәйкес келмейтіні, жалпы осындай мыңнан астам ақаулықтар анықталып жататын. Қазір бұл көрсеткіш 3-4 есе төмендеді. Былтырдан бері біз жол құрылысына пайдаланатын материалдарды құрылысқа келмей жатып тексеруді қолға алдық. Яғни, мекеме мамандары жол сапасын бақылап қана қоймай, темір-бетон бұйымдары, бордюрлер, жол жиегіне қойылатын лотоктар, жол белгілері, плита, тағы басқа құрылыс материалдарының сапасын сараптайды. Жол белгілері де біздің тексеруімізден өткеннен кейін қойылуда. Бүгінде елді мекен көшелері, қаланың ішіндегі орам көшелерінің орташа жөндеу жұмыстары ведомстволық сараптамадан өтуде. Биыл қалада 297 нысан құрылыс-монтаж жұмыстарымен қамтылса, соның ішінде орташа жөндеуден өткен 209 көшені ведомстволық сараптамадан өткіздік. Анықталған ақаулар 200-дің төңірегінде боп тұр. Олардың дені жұмыс барысында шешілетін ақаулар. Жолға келіп жатқан материалдарды қадағалаудан бірқатар кемшіліктер табылды. 11 нысанда өрескел ақау, яғни нығыздау коэффициенті дұрыс келмейтіні анықталды. Анықталған кемшіліктерді ретке келтіру мердігерлерге тапсырылды, - дейді Мұхтар Дүйсембеков.

Шымкент қаласында өндірістік аймақтардың өндіріс көлемі артуда
Шымкент қаласында керамогранит зауыты салынуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу